Жастай жесір қалу оңай емес екен
Мен өзім бұрын-соңды газетке мақала жазып көрмеппін. Сіздерден ақыл-кеңес, мақтау мен даттау сұрамаймын, ұнап жатса оқып шықсаңыз болғаны. Өздеріңіздің бастарыңыздан өткен шытырман оқиғаларды оқып, өзімнің де өмір белесімнен сыр бөліскім келеді.
Мен табиғатымнан тұрақты жанмын. Алғашқы да, соңғы да махаббатым СОЛ ғана деп өмір сүріп келемін. Жасым 24-те әлі жаспын. Бірақ...
Менің 9 сыныптан дос болып келе жатқан махаббатым күндердің бір күнінде менен бас тартты. Ол оқиға былай болған еді. Екеуіміз ауылдан мектепті бітіріп, бір факультетке жоғарғы оқу орнына түстік. Оқу бітіретін жылы бір айдан соң үйленеміз деп шештік. Ата-аналарымыз да бұл шешімге қатты қуанды. Бізге көп адамдар қызыға қарайтын. Сөйтіп жүргенде ОЛ маған бір жапырақ қағаз ғана қалдырып, кетіп қалды. Ата-анамыз ауылдық жерде тұратындықтан ешнәрсе түсінбедім. Ол хатта: "Жаным, мен сені сүйемін, бірақ, бұдан әрі бірге бола алмаймыз, себебін сұрама, мен сені ешқашан бақытты ете алмаймын! Мені шын сүйсең, өзіңе басқа серік ізде де, бір жақсы адамға тұрмысқа шық. Сен бақытқа лайық жансың! Екеуіміз өткізген күндер менің ең жарқын күндерім боп қалады, әрқашан тілекшіңмін. Қош бол, Саят" деп қана жазылыпты. Мен ол кезде тойдың қамымен Алматы жаққа барып келген едім, бірден ұялы телефонына хабарласып едім, сөндірулі.
Аға-жеңгесіне хабарласып ешқандай жауап ала алмадым, бәрі "ол қыдырып кетті" дейді. Достары да ештеңе айтпады. Ешкім ешнәрсе білмейді. Мүмкін, басқа біреуге үйленейін деп жүрген шығар, біреу одан жүкті боп қалды ма деген де неше түрлі ойлар келді басыма. Не болса да себебін түсіндірмей кетіп қалғаны жаныма батты.
Сөйтіп бір-екі жұмадай уақыт өткенде ата-анасымен сөйлесуге ауылға бардым, әкесі онымен бірге кетіпті. Он бір жыл бойы сабақ берген ұстазым болғандықтан анасымен еркін сөйлесетін едім. Анасы көзіне бірден жас алды, мен сол кезде бірдеме болғанын сездім. Ол бір ай бұрын өзінің қатерлі дертке шалдыққанын біліп, Мәскеудің жақсы емханасына кезекке тұрып, уақыты келіп сол жаққа әкесімен бірге ұшып кетіпті. Маған ештеме айтпауларын өтініпті.
Мен бұл хабарды естігенде көзімнен жас та шықпай қатып қалдым, маған өмір бітіп қалғандай болып көрінді. Үйге келіп үш күн ешкіммен сөйлеспей, тамақ та ішкен жоқпын. Содан ата-анам ақылдаса келіп, маған Мәскеуге билет алып берді. Екі күннен соң Мәскеуге ұшып кеттім, әуежайдан өзі күтіп алды. Түрін көргенде шошып кеттім, құр сүйегі ғана қалыпты. Екеуіміз үнсіз құшақтасып, ұзақ тұрдық. Ештеңені сұрамай екеуіміз тек өткен қызықтарды еске алдық. Түнгі қалада көп қыдырдық.
Бірақ, ол өз операциясының уақытына жетпей, менің тіземе басын қойып, сүйгенім мәңгі ұйқыға кетті. Мен оның әкесі қасымда болмағанда жынданып кетуші едім. ОНЫ ауылға әкеліп жерледік. Қызылға бітірейін деп тұрған оқуым да бәрі жайына қалды, бір айдай қабір басына барып тұрдым. Қасымда өзіне бірдеме жасап қоймасын деп апам бірге жүрді. Осылайша үш айдай уақыт өткенде өзімнің аяғым ауыр екенін білдім, оған қуанбасам жылаған жоқпын. Оның ата-анасы естігенде қатты қуанды, ол үйінде жалғыз ұл болатын. Содан бері екі жыл уақыт өтті, кішкентай Сұлтаным жүгіріп жүр. Атасы мен әжесі ауылдан кеп иіскеп кетеді. Атасының атына жаздырдым. Биыл жазда қабір басына барып, құран оқытқым келеді. Анасы бірде "балам, жалғыздық құдайға ғана жарасқан. Сен ештеңеге міндетті емессің, болашағыңды ойла, керек десең Сұлтанды біз ала тұрайық, тұрмыс құр, батамызды береміз", - деді. "Мен жалғыз емеспін, балам бар, сол үшін өмір сүремін",- дедім. Менің қазір өмірге деген көзқарасым мүлдем өзгерген. Ұлымды әкесі сияқты адал ер азамат қылып өсіру- арманым. Өзі де әкесінен аумайды, қазір қалада тұрып жатырмыз. Қызыл дипломды да алдым, жақсы жерде жұмыс істеймін. Ата-анам мен оның ата-анасының арқасында аяғымнан тік тұрдым.
Бірақ өмірге деген өкпем баршылық. Алда тұрмыс құру деген жоспарымда жоқ. Менің басымнан өткен қайғыны еш адам баласына бермесе екен деп тілеймін. Ал, мен Саятымның жарқын бейнесін кеудеме басып, Сұлтаным арқылы алға басып жүре беремін.
Аида, Алматы