Жаның қаламайтын адаммен түнді бірге өткізу қандай азап...
«...Біздің отбасымыз сырттан қараған адамға бақытты, алаңсыз болып көрінеді. Өйткені менің өмірлік жарым, балаларым, үлкен үйім де бар. Жарым отбасына мейірімді жан, қамқор әке. Бірақ... мен қанша тырыссам да күйеуімді сүйе алмай қойдым», депті «Алаш айнасына» хат жолдаған Толқын. Ендеше Толқынның сырға толы хатын оқып, өз ойларыңызды қоса отырыңыздар оқырман.
Мен Алматы облысының бұрынғы Нарынқол ауданындағы бір ауылда туып өстім. Өзім он баланың кенжесі болғасын өте ерке едім. Бірақ әкем мен анамның қанша еркесі болсам да, алдымдағы ағаларымның сұқ көзінен жасқанатынмын.
Ауылда қыз баланың әрбір қадамы аңдулы ғой. Көшеде көлбеңдеп жүре берсең де, біреуге жымия қарасаң да, үйдің қақпасының алдынан жігіттер ысқырып өтсе әңгіме. Ағаларымыз да өздері біреудің қыздарымен жүрсе де, қарындастарын үйден аттап шығармайтын. Үйден мектепке тура барып, тура қайтатын жол да жасап қойған.
Осындай қаталдықта тәрбиеленсек те, бойжетіп, етек-жеңімізді жия бастағанда ауылдың жігіттері бізге көз қырын салып, шығарып салуға әрекет етіп, сөмкемізді көтеріп бәйек болып жататын. Үйдің маңына келгіштеп кеткен жігіттерге әкем: «Әй, жүгірмек, саған кім керек?» деп айғай салса, «Ердос керек еді» деп кенже ағамның атын атай салатын қулар. Осындай біздің ауланы торуылдаған жігіттердің бірі менің ең алғаш махаббат деген ұлы сезімді сезініп көруіме себепкер болды.
Жандос менен екі сынып жоғары оқитын. Мектептің дәлізінде бір-біріміге қарсы кездесіп қалсақ, неге екенін белгісіз мен одан қатты қысылып, тік қарауға бата алмаушы едім. Өйткені Жандостың жүрген жүрісі, сөйлегені, мектеп кештерінде өлең айтқаны маған қатты ұнайтын.
9-сынып оқып жүргенімде жоғары сынып оқушыларына арналған күзгі балда Жандос екеуміз жұп болып сол кешті жүргіздік. Осы күзгі балдан кейін қыздар, жігітер жиылып би кешін өткіздік. Сол күні Жандос мені үйге дейін шығарып салды.
Біздің үй көшенің ең басында еді. Үлкен көшенің бойымен бір топ оқушы келе жатырмыз. Жол-жөнекей әркім өз үйіне кіріп азая бердік. Жандостың үйіне таяғанымызда ол да үйіне кіретін шығар деп едім, бірақ ол менімен қатар жүрді. Екеуміз ақырын басып үнсіз келе жатырмыз. Ішімнен үйге жылдам жетпесек екен деп тілеп келемін. Әншейінде үйдегілерге үйіміз мектептен сонша алыс деп ашуланатынмын. Бұл жолы маған үйіміз мектепке сондай жақын көрінді. Дәл осы күннен бастап Жандос екеуміз жақын дос болып кеттік.
Жүрегім алып ұшып мектепке асығатынмын. Ол менің ағам Ердостың сыныптасы болғандықтан үйіміздің ауласына жиі келіп тұрды.
Ол мектепті бітіргенде мен қатты қиналдым. Қалаға оқуға кеткенде сағынып, тағатсыздана күтуші едім. Ол каникулға келсе, мен үшін мейрам болатын.
Осылай екі жыл зуылдап өте шықты. Мен Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Жандос маған жатақханаға жиі келіп тұратын болды. Бір күні ол маған аяқ астынан әскерге кететінін айтты. Мен не дерімді білмедім, жыладым, ашуландым. Әскерге бару керек екенін түсініп тұрсам да, өзім қалаға енді жетіп, жұбымыз жазылмайтын болды деп қуанып жүргенімде бұл хабар маған жаман әсер етті.
Сонымен Жандос екеуміз ол әскерден келе салып үйленетін болып келісіп, оны әскерге шығарып салдым. Өзім сүйіктімді сағынсам да оқуымды жақсы оқуға тырысып, Жандосымның әр хатына қуанып жүріп жаттым.
Екінші курс оқып жүргенімде жатақхананың бөлмесінде бірге тұратын дос қызымның туған күні болды. Туған күнге біраз студент жиналды. Туған күн иесі Әсел Талдықорғаның қызы еді. Оның туған күніне ауылдастары келді. Осы балалардың арасында Асхат деген бала екеуміз тез тіл табысып кеттік. Асхат Алматыдағы Энергетикалық институтта оқитын. Өте білімді, ұстамды жігіт. Асхат Әселдің сыныптасы болғандықтан ортақ досымыз ретінде жақсы сыйлайтынмын. Ол Әсел екеумізді қыдыртып, киноға, театрға алып баратын.
Бір күні Асхат әпкесінің үйінде туған күн жасайтын болып Әсел екеумізді шақырды. Ойымда түк жоқ бір топ қыз болып туған күнге бардық. Сол күні Асхаттың туған-туысы жиылып келін түсіруге дайындалған екен. Мен оны кейін білдім ғой. Сонымен не керек, мен өзімнің қалауымнан тыс бір-ақ күнде Жандосымды басқа жанмен айырбастап жібердім.
Қазақтың қыздары үшін киелі босағаны аттап, ақ жаулық салынғаннан кейін артқа шегінер жол жоқ. Жылай-жылай басыма салғанына көніп, Жандосты ұмытуға тырыстым. Бірақ ақылым қанша Жандосты ұмыттырғысы келсе де, жүрек, шіркін көнбеді.
Асхат екеуміз бір жылдан кейін балалы болдық. Ол кезде қалада тұратын ағамның үйінің қасындағы 2 бөлмелі шағын үйді жалдап тұратынбыз. Бір күні үйдің тірлігін жасап аулада жүрсем қақпадан Жандос кіріп келді. Екеуміз бір-бірімізге үндей алмай біраз тұрып қалыппыз. Сол кезде үйден ағам шығып, «Е, Жандос келдің бе, жақсы болды, сенен ауылға сәлемдемемді беріп жіберейін деп шақырып едім» деді. Мен сасқанымнан бұрыла салып үйге кіріп кеттім.
Үйге кіріп тығылсам да, Жандосты тағы бір көруге аңсарып ауып терезеге қарай бергім келді, жүрегім тулап қатты толқығаным соншалық қол-аяғым сұп-суық болып кетті. Жандос та дәл мендей сезімде болды ма, білмеймін. Ол маған өкпелі ғой деп өзімді өзім қинап жүретінмін. Бірақ сол сәтте көргенімде оның көзінен өзіме деген жеккөрінішті көрмеген секілдімін. Мүмкін маған солай көрінген шығар....
Мен Жандосты сүйгендей Асхатты жақсы көре алмадым. Екеуміздің ортақ екі баламыз бар. Олар әкелерін қатты жақсы көреді. Асхат та балалары десе жаны бөлек. Менің көңілімді табу үшін де мереке сайын гүл сыйлып бәйек болып жүреді. Мен үйде тамақ жасамасам да, оның киімдерін үтіктемесем де ол маған ешқашан дауыс көтерген емес. Қайта маған: «Жаным ауырып тұрсың ба, көңіл-күйің болмай тұр ма» деп асты-үстіме түседі.
Ал маған Асхаттың мені осылай еркелеткенінің, бәйек болғанының өзі ұнамайды. Ол үйге келмесе екен, жұмыстарымен сыртта жүре берсе екен деп ойлаймын. Ал өзімнің жаным қаламайтын адаммен түнді өткізудің қандай азап екенін айтып жеткізу мүмкін емес. Тұңғыш балама аяғым ауыр кезде күйеуімнің иісінен жиіркенетінмін. бірақ кейде менің өзіне салқын қарайтынымыды күйеуім де сезетін секілді.
Шекспирдің «Махаббат өзін қуғаннан қашып, өзінен қашқанның артынан қуады» деген сөзі бар ғой. Осы сөз дәл маған арналғандай. Бүгінде Жандостың отбасы, төрт баласы бар. Бірақ мен оны әлі күнге сүйемін, қызғанамын. Ол үйленді деп естігенде ішқұса болып өле жаздадым. Не істерімді білмеймін.
Жандос қазір ауылда тұрады. Кейде ауылдың адамдары үйге келе қалса, Жандостың есімін естимін бе деп есім шығады. Бірде ауылдағы жеңгем әңгіме арасында «Жандостың әйелі пысық емес, бостау» дегенде іштей қуанып кеттім. Неге екенін өзім де білмеймін. Әдетте сүйген адам өзінің сүйіктісіне бақыт тілейді деп жатады ғой. Бірақ мен Жандостың басқа жанмен бақытты екенін естігім келмейді.
Жандос та мені сүйетінін білемін. Өйткені оның маған деген сезімін оның көзінен көремін. Екеуміз бір жылда екі-үш рет кездесіп тұрамыз. Осы кездесу маған ұзақ уақытқа қуат береді. Жоқ, сіздер жаман ойлап қалмаңыздар, мен күйеуімнің көзіне шөп салған емеспін, салмаймын да. Өйткені менің бұған арым жібермейді. Бірақ Жандосты көрген күні мен сондай бақытты болып жүремін. Екеуміз кездескенде сөйлесе де алмаймыз, айтатын ортақ әңгімеміз де жоқ. Бірақ оның қасында үнсіз отырсам да мен өзімді бақытты сезінемін.
«Мен сыйға тартқан орамал» деген әндегідей «Күлдіріп отыр басқа жан, Жақсы еді сен кеп жылатсаң» деп өмірім өтіп барады.
Мен күйеумінен ажыраса алмаймын. Өйткені балаларымды тірі жетім еткім келмейді. Сол үшін мәңгілікке өз махаббатымды құрбан еттім. Ана ретінде бақытты болсам да, әйел ретінде бақытсызбын.
Мен өзімнің бұл сырымды ешқашан ешкімге айтқан емеспін. Ішіме сыймаған сырымды ақ қағазға ақтардым. Менің бақытты болғым келеді. Бірақ амалым қанша, мен Асхатты қанша аясам да, сыйласам да, сүйе алмаймын. Махаббаттың дертін тартып жүрген мен бейбақ қалай бақытты болсын. Бір кем дүние...
Толқын, Алматы облысы
alashainasy.kz/