Бала тауып бер! Ұл туып бер! Қазақстандық әйелдердің 20 пайызына бала көтеруге тыйым салынған. Алайда күйеулері мен туған-туыстарының қысымына шыдамаған нәзік жандылар амалдары таусылып, өмірлерін бәйгеге тігіп өмірге нәресте әкелуге бекінеді.
Мұндай жағдайларда не сәби өледі не әйел көз жұмады. Медициана саласының мамандары бұл проблеманы ашық талқылайтын жағдайға жеттік деп отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Ана мен бала өлімі тақырыбы кейінгі уақытта көп талқыланып жүр. Денсаулық сақтау саласына қатысты кезекті жиында бұл сұрақ тағы көтерілді. Жан жақтан қойылған сансыз сауалға жауап беріп тұрған елімідің бас дәрігері халыққа мынадай үндеу жолдады.
«Көп азаматтар айтады ғой, өкінішке орай шынын айтайын бала керек деп әйелдерді қысады. Сондай жағдайға барып көбісі қайтыс болады. Сонда кімнің жауапкершілігі мысалы? Бұл мәселдені біз қоғамда ашық талқылауымыз қажет. Ата-аналардың жауапкершілігін көтеру қажет», - деді денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов.
Бала ауырса кім кінәлі? Әйел. Бала көтере алмаса кім кінәлі? Тағы да әйел. Іштегі нәрестенің дамуы бұзылса кім сөз естиді? Сол баяғы әйел. Одан қалды дәрігерді балағаттайды. Тәжірибелі гинеколог қазақстандық отбасылардағы осындай теріс көзқарасты жою керектігін ашық айтты. Айналып келгенде, бала - шаңыраққа ортақ жауапкершілік.
«Еңбегі аяғына дейін жетіп әйелдер өмірге бала әкеліп, қолына баласын алып кетсе жақсы. Көп жағдайда өкінішті жағдайлар болып жатады. Әйел тәуекелге барып өмірге баланы әкелемін деп өз өмірдерімен қоштасып жатады. Сондықтан әрбір отбасы баланы жоспарлау алдын атасы да енесі де жолдасы да әйелдің өзі де соның бәрін тексеріп. Тексерістердің бәрін өтіп дәрігерден, баланы жоспарлап дүниеге әкелген дұрыс», - дейді гинеколог, жоғары санатты дәрігер Күлзира Исламқұлова.
Ер азаматтардың бір не екі қыздан кейін ұл тауып бер деп талап қоятыны тағы бар. Бұл қай отбасында болсын ертелі кеш айтылатын әңгіме. Қазақы ортада мұндай сұраудың өз себебі бар екен. Қарлығаш Бекпатшақызын тыңдайық.
«Қай заманда да қазақ ер азаматқа арқа сүйеді. Ер азамат елді қорғады, шаңырақтың иесі деді. Сол арқылы азаматқа құрмет болды, төрден орын берді. Діни тұрғыдан қарағанның өзінде де Алла тағала ер азаматты нұрдан жаратты дейді. Әйелді оның қисық қабырғасынан жараты дейді. Ер адамға қашанда бір статус жоғары берген. Ал бірақ қыз баласын төмендетпеген, қорламаған. Қазақтың ерекшелігі сол тепе теңдікті ұстап отырған», - деді қоғам белсендісі Қарлығаш Бекпатшақызы.
Иә, ұл тауып бермедің деп кей еркектер шамадан тыс кетіп жатады. Бір ғана мысал. Бұл кісіні күйеуі бес қызымен тастап кеткен. Сондағы айтқан уәжі, сылтауы белгілі. Ұл сыйламадың!
«Арақ ішетін жолдасым. Ішкеннен кейін күнде дұға жасайтынмын. Қыздарымнан жасыратынмын ішіп келгенін. Бірақ, қыздарым білетін. Кейін кетіп қалғанын қыздарыма айтпай, кейін айттым түсіндіріп осылай әкелерің кетті. Мен өзім ана орнына ана, әке орнына әке боламын деп», - деді көпбалалы ана Ақзаида.
Материалды әзірлеу барысында Айгүл Өтеповамен жүздестік. Ол кісі бір қызық фактіні келтірді. Басқасын былай қойғанда ер азаматтың мамандығы, қызметі оның ұрпағының ұл не қыз болуына әсер етеді екен.
«Қауіпті жұмыс істейтін, нервный жұмыс істейтін еркектерге өңкей қыз туылады. Неге екенін ойланбадыңыз ба? Мысалы адам саясаткер, ұшқыш, өрт сөндіруші болса отбасында қыздар болады. Ер адамның көңіліне де байланысты. Көңілі жақсы болса, өмірі қалыптасқан болса ол отьасында ұл туылады. Сол үшін әйелге талап қою ақымақтық деп санаймын», блогер, феминизм өкілі Айгүл Өтепова.
Ата-бабаларымыз қылықты қызға да, намысты ұлға да тәубә деп өсірген. Оған артық дәлелдің қажеті жоқ. Мәселе мынада. Дәрігер денсаулығы келмейді десе де құлақ аспай қинап, қауіпке итермелеп бала тап деу қаншалықты ақылға қонымды? Иә болмаса әр баланың несібесі бар деп таптырып, кейін оларды асырай алмай жоқ-жітім қылып, көз жасын көлдей қылып өсіргеннің не жақсылығы бар? Міне, негізгі сұрақтар. Ой салу бізден, қорытып шешім шығару сізден, құрметті көрермен.