Төсек қатынасының шебері қазақстандық қыздардың тым ұялшақ екенін айтты
60 жастағы кейуананың өзіне төсек қатынасынан ләззат алуды үйреткен маман қазақстандық қыздардың тым ұялшақ екенін айтып, дабыл қақты. Бұл туралы NUR.KZ порталы "Экспресс К" басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
"Қыздар келбеті әдемі болғанымен, төмен жағы қатып қалған. Жыныстық қатынасқа қатыстының бәрі олар үшін - табу. Ол туралы айтып, ойлаудың өзі ұят, масқара дүние. Ана және әйел атанып отырған нәзік жанды жыныстық қатынастан ләззат алуды армандамауы керек. Олар үшін ләззат алу, тіпті табиғатына жат ұғым", - дейді маман Рисалят Миргалиева.
Рисалят отбасының ойран болуына көбіне осындай асқан ұялшақтық себеп болатынын алға тартты.
"Қанша керемет ананы, үй шаруасын дөңгелетіп отырған әйелдерді күйеуі тастап кетіп жатыр... Ер адамды кінәлауға асықпаңыз. Одан да күйеуіңізден үй шаруасына басымен кіріп кеткен әйел керек пе, жоқ әлде өзін төсекте шынайы құштарлықпен қалайтын әйел керек пе деп сұраңыз. Әрине отбасы тек жыныстық қатынастан құралмайды, алайда төсек қатынасының махаббат әлемінде өз орны бар. Сол үшін мен әйелдерге интимдік өмірін түрлендіре түсудің айла-тәсілдерін үйретемін", - дейді Рисалят Миргалиева.
Маманға еліміздегі 25 жасар қыздардан бастап, зейнеткерлерге дейін көмекке жүгінеді екен.
"Менің ең үлкен оқушым 60 жаста болды. Бірнеше сабақтан кейін ол алғаш рет жыныстық қатынастан ләззат ала алды... Ол енді армансыз о дүниеге аттануына болатынын айтып, әзілдеп те үлгерді", - дейді Рисалят.
Миргалиева қазақстандық аруларды төсек қатынасынан ләззат алу тек жеңіл жүрістілерге тән деген жаңсақ пікірден аулақ болуға шақырды.