"Талай асылып өлмекші болдым, сірке суын іштім": Алты жасында педофилдің құрбаны болған отандық заңгер өлім жазасын сұрайды
6 жасында көршісі зорлаған белгілі заңгер Ләззат Рақышева саналы өмірін зорлық-зомбылықтан зардап шеккендерге көмек көрсетуге арнаған. Оған бұл туралы айту әлі күнге дейін қиын. Соңғы уақыттарда еліміздегі педофилдердің көбеюі оны алаңдадаты. Ол балғын балалықтың тұнығын лайлайтын арамзаларға өлім жазасына кесуді сұрайды. Stan.kz тілшісі Ләззатпен тілдесіп, оқиғасын тыңдады.
Бүгінгі таңда төрт баланың анасы, аяулы жар Ләззат Рақышева - "Human Rights Lawyers" қорының президенті. Қор зорлық-зомбылықтан зардап шеккен балалар мен әйелдерді қорғау мақсатында жұмыс істейді. Қазіргі істеп жатқан жұмысына 6 жасында көрген қорлығы бірден бір себепші.
Басынан өткен оқиғасы туралы Ләззат әлі күнге дейін қинала еске алады. Оған бұл оқиға туралы айту оңай емес.
"Мен алты жасымда жыныстық зорлық көргенмін. 18 жасар көрші жігіт далада доп қуып жүрген мені аңдып, өз үйімде зорлап кетті. Ол кезде әкем іс-сапарда еді. Туған анамнан ерте айырылғанмын, ал екінші анам туыстардың үйіне кеткен. Өзімнен алты жас үлкен ағам екеуміз үйде қалдық. Далада ойнап келіп, үйде жатып қалдым. Үйге кіріп келе жатқан ағам мен достары екен деп, сырттан шыққан дыбысқа мән бермедім. Аяғымнан шап беріп ұстағанда не болып жатқанын түсіне алмадым. Іш киімді шешіп, жастықпен бетімді жапты. Сол аралықта жанталасып жүріп, көзіне көзім түскенде көрші жігіт екенін таныдым", - дейді сол азапты күн туралы Ләззат.
Оқиғадан кейін орнынан тұра алмай жатып қалған ол үйіндегілерге болған жайт туралы тіс жарып ештеңе айтпаған. Оның айтуынша, туыстары мінезінің неге қатты өзгергенін, неден қорқатынын сұрамаған көрінеді. Анасының сіңілісі өз үйіне алып кетіп, көп емдетіп, қарағаны жанын алып қалғандай болды дейді.
"Анамның сіңілісі мені бес жылға жуық уақыт емдеп, қаратып, дәрігерлерге көрсетіп, емдетті. Менің бүкіл ауыртпалығымды көтерген сол кісі. Зорланғаннан кейін түнімен шошып оянып, 7-сыныпқа дейін бұтыма жіберіп қоятын болдым. Көп ауырдым. Бірақ ол кісілер менің зорланғанымды білген жоқ, саған не болды деп те сұраған жоқ. Менің мінезім де тұйық болатын. Зорлаған адам үнемі түсіме кіріп жүрді. Түнімен айқайлап жылап шығатынмын. Туыстарым шошынып оянып, мазасыздануыма анамнан ерте айырылуым себеп деп ойлады. Одан емес, түсімде зорлаған адам келіп төбемнен қарап тұратын. Содан шошып, қорқып жылайтынмын", - деген ол өзіне талай рет қол жұмсамақшы да болғанын айтып қалды.
Ләззат көпке дейін ер адамдардан, олардың дауыстарынан қорыққанын айтады. 13 жасында асылып өлмекші болғанын, кейде сірке суын ішіп бұл өмірмен қоштасқысы келген екен.
"13 жасымда талай асылып өлмекші болдым, сірке су ішіп өлгім келді. Психологиялық тұрғыдан қатты соққы алдым. Әлі күнге дейін ұмыта алмаймын. Бәрі көз алдымда. Күн сайын жаңалықта зорланған балаларды айтып жатады. Соны көргенде жүрегім шаншиды. Көз алдыма бәрі келіп, қайталана береді. Маған бұл тақырыпты қайта-қайта еске түсіре берген қиын", - дейді ол.
Оның сөзіне сенсек, жарты жылда елімізде 197 бала зорлық көреді екен. Жыл сайын педофилдер көбейіп, қылмыс саны артып бара жатыр деп дабыл қағады. Баланың балғын шағын, тұнығын лайлайтын арамзаларға тек өлім жазасы лайық дейді.
"Президентіміз осы жолы үндеуінде бала зорлаған педофилдердің заң жүзінде жазалануын қатаңдату туралы айтты. Өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын кескен соң тоқтауы мүмкін, бірақ күдік басым. Сәтпаевтағы орын алған оқиға өте қорқынышты жағдай. Ешкім өз баласын зорлатқызып қойып отырмайды. Шыдамның шегі бар. Ашынған ата-ана бір күні қылмыскерді өзі өлтіреді. Сол үшін педофилдерді тоқтатудың жалғыз жолы өлім жазасы екенін жаздым. Қазір біздің заң, сот жүйесі осал, жазықсыздар да бар болуы мүмкін. Бірақ тура баланы зорлап жатқан жерінен ұсталған болса, ойланбастан өлім жазасына беру керек. Себебі Сәтпаевтағы оқиғадан соң өлім жазасына кесу жазасын сұрап пост жаздым. Сонда 5 мың пікір келді. Соның 90%-ы өлімді сұрап отыр", - дейді Ләззат.
Оның ойынша, бүлдіршіндерге арам ойын жасағысы келтіндер ауру емес, қылмыскер. Педофилдің нысанына бірінші жағдайы төмен, қорғаушысы жоқ балалар ілігеді дейді Ләззат Рақышева.
"Бұл - бассыздық. Педофилизм ауру емес, қасақана жасаған қылмыс. Ауру болса бәрін неге зорламайды, неге аңдып жүріп тек кішкентайларды зорлайды. Көбінесе әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларын аңдып, ойындағысын іске асырады. Менің де үйде жалғыз қалғанымды біліп зорлады. Зорлық көрсеткен қылмыскер жазаға тартылған жоқ. Оның өлгеніне он шақты жылдың көлемі болды. Үнемі ішіп жүретін. Әйел алғанда да бірінші қызды ұрлап, кейін оған да зорлық көрсетіп сотталып кетпес үшін сол қызға үйленді. Кейін оны жүзбе-жүз көрдім... Ащы су ішіп, жардан құлап өлді. Өз жазасын алды деп ойлаймын", - дейді ол.
Оқиғадан кейін анасының сіңлісі өз үйіне алып кетіп емдемегенде, қазір жағдай басқаша болар ма еді дейді Ләззат. Өйткен әлгі жігіт жымысқы ойын тағы да қайталап, менің сол үйден өлігім шығуы бек мүмкін дегенді айтып қалды.
Ләззат Рақышева басынан өткерген сол жағдай туралы кітап жазған. Өйткені іштегі жараны шығарудың бір жолы еді дейді. Бірақ кітап жарық көрген соң автор тарапына жағымсыз пікірлер де айтылған көрінеді.
"Бір қызығы, кітап шыққан соң оқырмандар "қырық жыл өткен соң айтуға ұялмай ма, ақша үшін не істемейді" деген пікір қалдырды. Ол кітапты сатып ақша жасайын деген ойым болған жоқ. Ертеңгі балалар үшін, зорланбасын, елімізде осындай оқиғалар бар деп көрсеткім келді. Қоғамда болып жатқан жағдайларды жасырмау керек. Кітап шыққан соң түрлі конференциялар өткізіп қыздармен ой-талқы жасадық. Содан кейін көп қыздар келіп ішіндегі құсасын айтатын еді. Бірін туған ағасы, кейбірін туған әкесі зорлаған қыздармен сөйлестім. Өмір сүргім келмейді деп жылайды. Менің арманым - Қазақстандағы педофилизм түбімен жоғалса екен деймін. Болашақ балаларымыз өз елінде емін-еркін жүруі керек. Ол үшін тек ата-ананы кінәламау керек. Педофилизмге жалғыз ата-ана емес, қоғам кінәлі. Қоғам болып сонымен күресуіміз керек. Мектептерде ашық сабақтар өткізілуі керек. Ұялмай секстің не екенін жас ерекшеліктеріне қарай үйрету керек. Денеңді ешкімге ұстатуға болмайды деп ескертуі керек. Ата-анадан бастап, мектептегі ұстаз бен психологтар да баламен белсенді жұмыс істеуі керек", - дейді ол.
"Мен педофилдерге өлім жазасын сұраймын. Педофилдерді тек өлім жазасы ғана тоқтатады. Біздің заң осалдық танытып, кінәсіз адамдар да қамылып кетіп жатады. Ондай жағдайда қиын, әрине. Бірақ зорлап жатқан жерінен ұсталған жағдайда, ойланбастан ату жазасына беру керек. Шет елдегі секілді мектептерге және үйінің айналасына мынау педофил деп суреттерін іліп тастағаны дұрыс. Маңдайына өмірбақи басылған таңба болады", - деп сөзін түйді Ләззат Рақышева.
Дайындаған: Жанна МӘЛІК