Шымкентте әйелдерді құшақтап емдейтін емші пайда болыпты
Бірнеше жылдан бері бала көтере алмай жүрген шымкенттік келіншек әйелдерді құшақтап емдейтін емші барын айтты.
Бұл туралы Замана басылымы хабарлайды.
Дариға есімді әйел Шымкент қаласындағы «Күншығыс» мөлтекауданында тұратын бір емшіге емделіп жүргенін айтты. Әлгі адамның емдеу әдісі де ерекше екен. Яғни ол алдына келген қыз-келіншектерді құшақтап, массаж жасап емдейтін көрінеді.
«Екінші қызымды өмірге әкелген соң біраз жыл «демалайын» деп жатырыма «спираль» салғызған едім, – дейді Дариға. – Соным бекер-ақ болған екен. Қанша жыл өтсе де бала көтере алмай әуре-сарсаңға түсіп жүрмін. Тапқан-таянғанның бәрі дәрі-дәрмекке, медициналық тексерілуге кетіп жатыр. Еш ем қонар емес. Көрінбеген дәрігерім, бармаған емшім қалмады. Қазір екі әйелдің басы қосылған жерден емші-тәуіп туралы сұрайтын болдым. Біреуі болмаса, екіншісінен ем дарып, балалы болатын шығармын деген ой ғой менікі.
Содан бір күні бөле әпкем: «Шымкентте Дәулет деген еміші шығыпты, ол негізінен тұрмысқа шықпай жүрген қыздарды, балалы бола алмай жүрген әйелдерді қарайды екен. Сол кісіге барып көрсеңші», – деп кеңес берді. «Үмітсіз – шайтан» демекші, танысым айтқан емшіні бір күні іздеп бардым.
«Востоктағы» көпқабатты үйлердің бірінде пәтері бар, ем іздеп келгендерді сонда қарайды екен. Мен жексенбі күні барғанмын, демалыс болған соң ба, Дәулет емшіге көрінемін деген әйелдер көп болды. Бір-екеуін сөзге тартып, Дәулет емші туралы сұрастырып едім, шынында да жақсы емдейді, әсіресе бала көтермей жүрген жандарға шипа бар деген жауап алдым. Оны естіген соң үмітім одан сайын күшейіп, емшінің алдына кіргенше асық болдым.
Дәулет емші дегендері жасы 50-ден ас¬қан, аққұба өңді, толық денелі кісі екен. Үш бөлмелі пәтерде өзінен басқа тағы бір әйел бар. Шамасы көмекшісі-ау, өйткені ем барысында су әкеліп, адамдарды кіргізіп-шығарып тұрғанын байқадым.
Сонымен не керек, Дәулет емші мені алдына отырғызып қойып, тамырымды ұстады. Содан бүйрегімнің, басымның ауыратынын, жатырымның суықтағанын айтты. Расында да бүйрек пен бас ауруы мені жиі мазалайтын. Оның айтқандары көңіліме қонған соң іштей нағыз емші екен ғой, кеселімді дөп басып айтып жатыр деген сенім пайда болды.
«Қарағым, қатты суықтапсың, бар гәп бүйрек пен жатырда боп тұр. Емдеу керек, ничего, бәрі жақсы болады, әлі-ақ қошқардай ұл табасың. Бірақ менің қоятын шартым бар. Сені 7 күн емдеймін, осы аралықта ешқандай дәрі-дәрмек қабылдамауың керек. Күйеуіңмен жақындаспайсың, дәрігерлерге қаралмайсың. Әйтпесе екеуміздің бүкіл еміміз зая кетеді. Осыған келіссең, дем салуды бастайын», — деді. Маған қайткен күнде де балалы болу керек, емделсем емделейін дедім де, дем салуға рұқсат бердім.
Осыдан кейінгі емшінің әрекеті мүлдем күлкілі болды. Еңгезердей адам алдыма жақындап отырды да: «Бүйректі емдеуім үшін сізді қапсыра құшақтап, қолдарымды екі бүйрегіңізге тигізуім керек. Сонда ғана менің бойымдағы «биоток» денеңізге тарайды, бойыңыз жылып, рахат күй кешесіз», – деді.
Қаншама тәуіптің алдынан өтіп, небір қызықтарға куә болғанмын ғой, бірақ Дәулет емшінің құшақтап дем салатынын бірінші рет көріп, біртүрлі болдым. Сонымен не керек, Дәулет емші мені құшақтап бірдеңелерді оқыды. Сосын жатқызып қойып, жылқының майымен кіндігімнің айналасына массаж істеді».
Дариға Дәулет емшіге 7 күн барып, емін қабылдапты. Емші күн сайын әлгіндей әдіс қолданған. Әйелді қысып құшақтап алады да, бірдеңелерді күбірлеп оқиды. Одан соң маймен денесін уқалап шығады.
Дәулет емші алдына келген қыз-келіншектердің бәріне осындай әдіс қолданады екен. Бірақ обалы не керек, құшақтап емдегені үшін алатын ақысы қымбат емес көрінеді. Кімнің шамасы қаншаға келеді, соны беруіне болады дейді Дариға.
«Енді ол кісінің емінің қаншалықты шипалы екенін білмедім. Себебі менің құшақтау мен массаждан бүйрегім жазылып кеткен жоқ. Жүкті де болмадым. Бірақ өмірде осындай да емшілердің бар екенін білдім», – дейді Дариға.
stan.kz