Сорлы басым-ай! Квартирант қыз отбасымды шайқап кетті
«Сорлы басым-ай, бір қыздың етегін көтерем деп сорлап қалдым-ау». Бұл көрші подъезде тұратын жігіттің айтқаны.
Темекі тартып, көлігімді шұқылап тұрған маған сәлем бере салып осылай деді. «Не болды?» деп үлгермедім, әңгімені асығыс-үсігіс өзі бастап кетті.
Квартирант қызбен төсектес болдым
«Қазір заман қиын, ақша табу оңай емес. Бір айлыққа қараған күн құрысын. Мына пәтерді кредитке алғалы бері кредитін төлеу қиынға соқты. Ақыры әйеліміз екеуміз ақылдаса келіп, бос тұрған бір бөлемеге бір-екі квартирант қыз алмақ болдық. Ондағымыз табатын табысымыз кредитке кетсе де, қыздардың берген ақшасы шай-пұлымызға жететін шығар деген үміт еді. Алғашында жас отбасын алсақ па деп ойлап едік. Бірақ олардың келер-кетер қонағы, ертең бөпесі болады. Үйіміздің опыр-топырын шығарады деп ойлай келе, бір бөлмеге екі қыз алдық. Бар пәле содан басталды. Екі қыздың бірі байдан шыққан жас келіншек еді. Бір сыдырғы түрі, сымбаты болған соң, кейде көзіміз түйісіп қалып жүрді. Оған да сол керек пе, әйелімнің көзін ала бере маған ішіп-жеп қарайды. Біртүрлі екен. Кейде әйелім үйде болмай, мен жалғыз қалсам, шай қойып мені бірге ішуге шақырып жүрді.
Қазақтың «тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбейді» дегені рас екен. Өзі сүйкеніп, өліп жүрген келіншекті үйде ешкім жоқ кезде қолынан тартып өзіме икемдеп едім, қойныма кіріп кетті.
Ары қарай түсінікті ғой енді… Еркек емеспін бе! Содан бастап үйде оңаша қалсақ, квартирант келіншекпен құшағым айқаса кетіп жүрді. Мұның соңы басыма пәле болып жабысарын білсемші? Бірде жалаңаш құшақтасып жатқанымды ұялы телефоныма түсіріп алып едім. Ыстық құшақта елтіп жатып, өшіруді ұмытып кетіппін. Содан кешке әйелім бір жерге хабарласайын деп телефонымды сұрап алған. Теледидар көріп, кішкене қызымды құшақтап жатқан едім. Әйелімнің жан дауысы шықты. Жүгіріп барғанмын. Әйелім еңіреп тұр, қолында менің телефоным. «Мынау не?» дейді. Сонда барып, суретті өшірмегенім есіме түсті. Телефонды жұлып алып, еденге бір ұрып, тас-талқанын шығардым. Басқа жол жоқ. «Ана суреттегі біздің төсек, құшақтап жатқаның квартирант қыз ғой» деп әйелім тап-тап береді. «Әй, қайдағы мен, дұрыстап қарадың ба? Интернеттен көшіріп алған сурет қой» деп мен айқайға бастым. Басқа амал қалмады. «Дәл сенсің! Сені танымай не болды? Ақ төсегімді арамдадың, кет үйден. Ана жезөкшемен бірге тұр. Оны да құртамын» деп әйелім айқайға басып жатыр. Ақыры үйден шығып кеттім. Екі-үш күн әйелімнің ашуы басылсын деп достардың үйіне қонып жүріп, қайтып келсем, әйелім үйге кіргізер емес. Не істеймін? Басым қатты. Квартирантпен төсектес болам деп сорлап қалдым».
Мұңын айтып, зарланып тұрған көрші жігітке ештеңе айта алмадым. Не деймін? «Нәпсіңе ие бола алмаған өзіңнен көр» дегім келген. Бірақ айтпадым. Өйткені осыдан бірер жыл бұрын «біз жұмысқа кеткенде баламды қарап жүрген қызды көңілдес етіп алдым» деп бір бөсіп еді. Ендігісі мынау. Не айтуға болады? Білмедім.