Сол оқиғадан кейін "БОМЖ-ға" деген көзқарасым күрт өзгерді
Осы уақытқа дейін үйсіз-күйсіз көшеде қаңғып жүрген «бомждарға» жиіркенішпен қарайтын едім.
Аллаға шүкір, өз басымда отбасылық жағдайым жақсы. Тараз қаласындағы бай-бағландар тұратын аудандағы коттедждердің бірінде күйеуім және екі қызыммен жұрт қатарлы өмір сүріп жатқан жайым бар.
Бірақ осы уақытқа дейін көшеде алақан жайып отырған қайыршыға да, үй-жайы жоқ мүсәпірлерге де бақыр тиын садақа берген емеспін. Себебі мұндай аянышты тағдырға өздері кінәлі деп ойлайтынмын. Ондай адамдар тек бір күндік тамағын ойлап, оны табу үшін ұрлыққа да, басқаша теріс әрекетке де барады деп есептейтінмін.
Бүгінде шынайы қайыршы мен «қайыршы» атын жамылған дәулеттілерді ажырата алмай қалдық қой. Әрине, тағдырдың тауқыметіне түскен жандардың көбісі еңселерін көтере алмай көше жағалайтын жағдайға жететін шығар. Дегенмен «есектің артын жуса да» бір үзім нанын тауып, өзгелердің «садақасына» мұқтаждықтан құтылуына болады ғой.
Айтайын дегенім, қоғамның төменгі сатысында жүрген осындай азаматтар жайлы пікірім бір «бомждың» арқасында бір күнде өзгеріп шыға келді.
Әдеттегідей көлігіммен қызымды балабақшаға апара жатқанмын. Балабақшаға жеткен соң қызым көліктен түсіп, алды-артына қарамай көшенің арғы бетіне асығыс жүгіре жөнелмесі бар ма? Зәре құтым қалмай соңынан жүгіре жөнелдім.
Осы сәтте талдың саясында отырған жұлым-жұлым киімдегі, бет-аузы ісіп кеткен, түрі қорқынышты бір кісі қалайша әбжіл қимылдап үлгергенін қайдам, қызымды зулаған көліккке қаққызбай құтқарып қалды.
Оқиға қас пен көздің арасында болып, аздап абдырап тұрып қалдым. Аяулымды аман-есен әлгі кісінің қолынан көргенде жанарымнан еріксіз жас саулап қоя берді. Қайыршы қызымды жаныма әкеліп, ағаштың түбіне қайта отыра кетті.
Өз-өзіме келгеннен кейін Аяулымды көліккке қайта отырғыздым да әмиянымнан алған 5000 теңге «құтқарушыға» ұсынып, рахметімді айттым. Шамамен елулерден асқан кісі (өзім солай топшыладым) маған жақтырмаған кейіппен қарап тұрып: «Осы байлар бәрін ақшамен шешуге құмар»,- деді де жүріп кетті.
Қатты таңырқадым. Ішерге асы, жатарға төсегі болмаса да мен ұсынған ақшаны керек етпеді. Түгі жоқ болса да намысын бәрінен жоғары қойғанына риза болдым.
Егер оның орнында көйлегі көк, тамағы тоқ біреу болса жасаған жақсылығым үшін деп қызыл қағазды алар еді ғой.
Әлгі «бомждың» өткен өмірінде қандай адам болғаны, отбасының бар-жоғы әрине маған жұмбақ. Бірақ осы оқиғадан кейін көше жағалағандардың барлығы ұры-қары емес, олардың да жаны таза, адамгершілігі мол, жүрегі нәзік екендерін ұғындым. Біз, адамдар, үйсіз қаңғып жүрген жандарға аз болса да мейіріммен қарайықшы.
Шарипа Сәрсенбаева,Тараз қаласы
oinet.kz