Қызық қуып, отбасын тастап кеткен жігіттің өкініші
Отбасылық өмірге бірі көндіксе, бірі сол баяғы бойдақ өмірін аңсап жүреді. Айрандай ұйып отырған отбасын тастап, бойдақ өмірді таңдап кеткен еркектердің қарасы жыл сайын көбейіп барады. Бірақ, сол таңдаған бойдақтықтан шалқып, тасып бара жатқандар жоқ. Пендешілік. Бұдан басқа себеп бар ма?
Instagram желісіндегі Ushbuhat парақшасы қиындыққа душар болған талай қандастарымыздың мұң-сырын жасырын жариялап жатады. Басқа түскен қиыншылықты көтере алмай,іштегіні ешкіммен бөлісе алмай, жалғыздықта өздерін жегідей жеген адамдарға жеңілдеудің бірден-бір мүмкіндігі болса керек.
Мына кейіпкердің өмірі- бүгінгі таңның проблемасы. Бәрі былай басталған екен:
Бәрін өзім бастадым
12 жыл бұрын бір қызға ғашық болып, отбасы құруға сөз салдым. Бір-бірімізді сүйіп қосылдық. Кейін екі торсықтай балапанның әкесі атандым. Ол үйде, ошақ қасында отырып, бала тәрбиесімен айналысса, мен жұмыс істеп, отбасымды асырадым. Жылдар өте келе жан-жаққа көз жүгірте бастадым. Елдің қыздары, әйелдері өзгеше әдемі болып көрінетін. Менікіне қарасаң ынжық,тамағы дәмсіз, үй шашулы жатыр, бала өз бетімен кеткен. Білмеймін. Көзіме тура бір жиіркенішті әйелдің образы көрінетін де тұратын. Содан өзім бірінші болып үйде ұрыс туғызып, әйеліммен жанжалдасатынмын. Онымен қоймай, басқа қыздармен қолым босаса қыдырып келетінмін. Жылтыраған қыздар маған көп қарайтын. Миымды уландырған солар шығар.
Күнде қыздар, күнде арақ-шарап
Алты жыл отбасылық өмірден соң ажырасамын деп бел будым. Көзін көлдетіп әйелім аяғыма жығылып жалынуға дейін барды. Бірақ, ойым тұман, миым уланған. Әлі есімде ажырасуға барғанда басын көтерместен, үнсіз жылап отырған. Көз алдымнан сол бейнесі әлі де кетер емес. Осылайша, бойдақ болып шыға келдім. Рахаттың көкесі енді басталғандай болып көрінді. Күнде қыздармен кездесіп, арақ-шарап ішіп, көңіл көтеретінді әдетке айналдырып алдым. Уақыт өте келе түсіме балаларым кіретін болды. Кейде қатты сағынып кететінмін. Оларға ақша, киім, тағы да майда-шүйделерін алып беріп отырдым.
Басқа түскен сор
Уақыт өте келе бір қызға құлай ғашық болып қалдым. Екеуміз бірге тұра бастадық. Бірнеше ай өткеннен соң, оның шынайы бет пердесі ашылып мінезін шығара бастады. Күн ара дос қыздарымен клуб, одан қала берсе дүкен деп көшеге жалтаңдайды да тұратын. Тыйым салсам, «сен менің заңды күйеуім емессің» , деп ашқан аузымды қайтадан жауып тастайтын болды. Содан кейін үйленуге ұсыныс тастадым. Ақыр соңында мені бар ата-бабаммен боқтап, аузына келгенін айтып үйден тайып тұрды.
Есімнен адастым
Осылайша бірнеше жылдар өтті. Талай қыздармен қыдырып, көңіл көтердім. Жұмыстан да айырылдым. Бірнешеуіне үйленбекші болып ем, қыздардың барлығы тастап кететінді шығарды. Дұрыс досым да қалмады. Бір сөзбен айтқанда, баяғы жылы үй, бүтін киім, отбасымды, балаларымды сағындым. Әйеліммен қайта қауышқым келді. Оған қоңырау соқсам, менің нөмірімді мүлде көтермейді. Сөйтіп, өткен қателігімді түсініп, жиған-терген ақшама балаларыма сыйлық алдым да, әйеліме қарай беттедім. Әйелім басқа жігітпен көңіл жарастырып, бақытты ғұмыр кешір жүр екен. Балаларым алаңсыз мектептерінде оқып жүр. Бұның бәрін сырттай көріп, бақылап тұрдым. Қатты өкіндім. Өмірім бір сәтке тоқтағандай болып көрінді.
Жерде жатқан сыраның шынысымен бетімді, қолымды тіліп тастадым.
Есімнен айырылып, ауруханаға түстім. Көп анализдердің нәтижесі бойынша бойымнан көптеген аурудың түр-түрі табылған. Көбісі дерлік, жыныстық жолмен келген аурулар екен. Емделмейтін аурулар. Кейде сол аурулардың кесірінен қызуым көтеріліп, ішкен тамақты құсып тастайтын дәрежеге жеттім, Ешкімге керек емеспін. 40-қа жетпей өмірімді қор қылдым. Менің ісім-нағыз ақымақтық болды.
Кейіпкердің бастан өткізген қиыншылығын қазір көптеген еркектер өткізуде. Бұл әңгіме сабақ болса дейміз. Себебі, сырттағы жылтырағанның бәрі алтын емес. Ол хақ.