Қызыма әке болатын жар іздеймін....
Мен бүгін көпшіліктен кеңес сұрау мақсатында өзімнің басымдағы жағдайды жазып отырмын. Өзім Шымкент қаласынанмын, жасым 26-да. Бүгін жеңгеме қатты ренжіп қалдым.
Мен бұрын тұрмыста болғанмын. Белгілі бір себептерге байланысты ажырасып кеттім (ол өз алдына ұзақ əңгіме.) 2 жасар қызым бар. Əкем ертеректе қайтыс болған, анам қайтыс болғанына жылдан асты. Жеңгелеріме осы уақытқа дейін сөйлеп, араларына түспегем. Тек анам қайтыс болардың алдында үйді маған тастауға мирас хат жазып қалдырған. Неге олай жасағанын білмеймін. Бірақ кейіннен үй толығымен менің атыма өткенде үйді сыйақы ретінде ағама өткізіп бердім, қара шаңырақты қыз қалмайды ғой, əке-шешемнің түтіні өшпесін дедім. Түбінде бағым ашылып кетер деп ойладым. Жеңгемдер осы үйде тұрып жатыр қазір. Соған қарамай ол бөлек тұратын басқа жеңгеме: "Үйде адам көп шаршадым, неге бəрі өз орындарын таппайды, артық екенін түсінбей ма, əрекет жасаса болады ғой" дегенін есітіп ренжіп бөлмеме кіріп жыладым, қазір де жылап отырып жазып отырмын. Сонда артық адам менмін ғой. Болмаса өз нанымды өзім тауып жүрмін, мемлекеттік қызметте істеймін. Ұзақ ойланып, біреуге біреу себепші демекші, мүмкін қайта өз шаңырағымды құру уақыты келді ма деп жазып отырмын. Мүмкін менімен тағдырлас жандар бар шығар, таныстарыңыз, немесе туған-туыстарыңыз, енді өткендегі қателікті қайталамайтын. Түсіністікпен, сыйластықпен өмір сүретін, қызыма əкелік таныта алатын екінші жартымды тапсам деймін. Өзімнің ажырасқаныма 2,5 жыл өтсе де ешкіммен сөйлеспедім, келгендерді қабылдамадым, ерте деп есептедім. Анам кеткелі арқа сүйеп сыр бөлісетін жан қалмады, өзіме демеу болар жан болса екен. Артық əңгіме айтпай, қазіргі ішкі күйзелісімді түсінуге тырысыңыздаршы. Алла жар болсын.
Бану, Шымкент