Қыздың жасы — 35
Қазір жасы 30-дан асып, 40-қа жақындап қалса да тұрмысқа шықпай жүрген қыздар көп. Ал мамандар бұрымдыларға бұл үшін күйзеліске түсудің қажеті жоқ екенін айтады, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Психотерапевт Махаббат Ибрагимқызының айтуынша, қыздар 35 жаста тұрмысқа шықса да кеш емес. Яғни "қырыққа таясам да тұрмысқа шықпадым" деп күйзеліске түсудің қажеті жоқ. Бұл туралы маман "Евразия" арнасында жаңалықтардан айтты.
Орта жас — 30-35 жас. Қазір 35-ке дейінгілерді жастардың қатарына қосып жүр. Сондықтан 30-35 жаста тұрмысқа шығып жатсаңыз, сіз әлі жассыз. Ешқандай күйзеліске түсудің қажеті жоқ, — дейді психотерапевт.
Алайда репродуктологтар 30-35 жаста тұрмысқа шығуды құптамайды. Себебі өмірге сәби әкелу мүмкіндігі азаяды. Репродуктолог Салатанат Байқошқарова бала сүю үшін ең қолайлы кезең 18-бен 30 жастың аралығы екенін айтады.
Отыз жастағы әйелдің екі бала туып үлгергені абзал. Себебі 25 жастан бастап ұрық азаяды, гормондар бұзыла бастайды. Бірі көтеріледі, бірі түседі. Бұл — табиғаттың заңы. Жас ұлғайған сайын бала көтеру мүмкіндігі азаяды, - дейді Салтанат Байқошқарова.
Оның айтуынша, 35 жаста әйелдің бала көтеру қабілеті тіпті азая түседі.
35 жастағы әйел мен 25 жастағы әйелді салыстыруға болмайды. Ішкі организмде тозу бірінші басталады. Әсіресе, аналық ұрықтар таусыла бастайды. Хромосомалық ауытқулар көбейеді, — дейді дәрігер.
Жалпы, мамандар қыздар үшін тұрмысқа шығуға қолайлы жас 25 екенін айтады. Бұл жаста олар психологиялық және физиологиялық тұрғыдан дайын болады екен.