Қыз кезімде тапқан құлыншағымды өзгеге беріп,...
Жас кезімде ойнап жүріп от басып жасаған қателігімді қазір түсініп, аналық махаббатым оянып маза берер емес. Ақботаны көрген сайын өзімнің жас кезім көз алдыма орала береді. Түрі де жүрісі де тура менің жас кезімдегідей. Кейде әкем байқап қоя ма деген қорқыныш та бар. Менің бұл сырымды туған әпкем мен анам ғана біледі.
Бір үйде екі қыз болып өстік. Әкеміз кеңес дәуіріндегі заманда мемлекеттік қызметте басшы болған адам. Анам өмір бойы медбике болып жұмыс істеп сонымен қатар әкемнің қонағын күтіп, жағдайын жасаған мықты жан. Әпкемнің менен үш жас үлкендігі бар. Алматыға оқуға түскен әпкеме ата-анам бір бөлмелі пәтер сатып әперді. Кейіннен әпкемнің соңынан мен бардым. Әпкемнің есімі- Жазира. Пысық, мінезі қатал әпкем медициналық академияда сабағын жақсы оқыды. Үйдің кенжесі болғандықтан ба мен аздап жеңілтектеу болған едім. Мен ЖенПИ- ге оқуға түстім. Екеуімізде мектепті жақсы оқығандықтан жоғарғы оқу орнына еш қиналмастан өз күшімізбен түстік. «Не ишем, не киеміз» демедік, шетелге көп шығатын әкем бізге сол кездері елде жоқ киімдерді де әкеп беретін. Мен оқуға түскенде әпкем үшінші курста оқып жүрді. Өзінің сүйгенін кезіктіріп төртінші курста тұрмысқа шықты. Мен болсам сол кездері сабақ дегенді ұмытып күні-түні қыдырудан қолым босамады. Түрім де фигурам да келісті болғандықтан небір жігіттердің арманы болдым десем артық айтпаспын. Соған масаттанған мен жігіттерді "как перчатки меняла" десем де болады. Дискотека деген мен үшін күнделікті кешкі тамақтай, міндетті түрде дискотекаға бармасам көңілім де көншімейтін еді.
Осылайша сауық-сайран салып жүргенде алматылық Ерсін есімді жігітпен таныстым. Ерсінмен біраз ойнап-күліп төсек ләззатының да не екенін білдім. Ақырында менің аяғым ауыр болып қалды. Ал, Ерсін аяғым ауыр екенін білгенде "баланың менікі екеніне сенімдісің бе?" деп теріс айналып жүре берді. Осылайша мен болған жайды Жазираға айттым. Әпкем ол кезде баламен үйде отырған еді. Жағдайды естіп ол басқа қалада тұратын анамды шақыртты. Әкеме "қыздарыма қыдырып барып келемін" деп кеткен анам менің жағдайымды естіп, жылап-еңіреп менің мәселемді шешуге кірісті. Болашағыма қорыққан анам мен әпкем "түсік жасатпайсың" деп шешті. Сол кездері анама алыс туыс болып келетін сіңлісінің жалғыз ұлдан басқа баласы жоқ еді. Он жыл бойы жалғыз ұлынан соң бала көтере алмаған ол кісінің арманы сәби еді.Сіңлісі сол кездері бір ресторанның иесі болатын. Жағдайлары да тым жақсы еді. Балаға зар болып жүрген сіңлісі бірден келісе кетті. Күйеуімен ақылдасып мен дүниеге әкелетін баланы «асырап аламыз» деп шешті.
Оқуымды реттеп, сіңлісімен келісіп анам ауылға кетті. Менің жағдайымды үйге телефон шалып біліп тұрды. Әкем Алматыға іссапармен келер уақытта мен құрбы қызымның үйіне кеттім. Әкеме мені «студентттермен бірге басқа қалаға кетті» деп алдаусыратты. Ол кезде жұмыс басты адам сол сөзге сеніп, мән де берген жоқ. Әкем келіп кеткен соң мен өзім тұратын пәтеріме қайтадан көшіп бардым. Жағдайымды біліп Гүлзира тәте де келіп тұрды. Барлық витаминдер мен дәрігерлік тексеруді өз мойнына алды. Ішім біліне бастағанда сабаққа баруды да қойдым. Курста ешікім байқамады. Ал, сабағымды Гүлзира тәтемнің сіңлісінің құрбысы ЖенПи-де мұғалім болғандықтан сол кісі реттеп берді. Осылайша уақыты келіп мен қыз тудым. Ауруханадан мені анамның сіңлісі мен күйеуі шығарып алды. Бала қырқынан шыққан соң мен өз жөніме кеттім. Қызым бар екенін де ұмыттым. Бұрынғы өмірім қайта жалғасты. Күнде қызық күнде той.
Кейіннен оқуымды аяқтайтын жылы Шымкент қаласының бір жігітіне тұрмысқа шықтым. Ол өткен өмірімнен хабарсыз еді. Менің Алматыдағы пәтерімде тұрып жаттық. Ол полиция қызметінде жұмыс істеді. Арақты да көп ішетін, оңды-солды жүрісі де көп еді. Ал мен болсам тұрмысқа шыққан соң өзгеріп бар ынтамды жанұялық өмірге арнадым. Күйеуімнің қас-қабағына қарап, оңтүстіктің салтына да бейімделе бастадым. Дүниеге Айжан есімді қызды да алып келдім. Ақыры бес жылдан соң біз ажырастық. Анам мен әкем зейнеткерлікке шығып, Алматыға көшіп келуді шешті. Басқа қаладағы үйлерін сатып, Алматыдағы мен тұрып жатқан үйді сатып үлкен жаңа жер үй сатып алдық. Әкем қоярда қоймай отырып үйді жас кезімде қызымды берген Гүлзира тәтемнің үйі маңынан алмасы бар ма?
Қазір сол үлкен үйде ата-анам, мен және қызым тұрып жатырмыз. Жағдайымыз өте жақсы. Мен де жұмысқа шықтым. Үйдің алдынан шағын дүкен ашып анам өз тірлігін жасап жүр. Қызым да алтыншы сыныпта оқиды. Анда-санда әкесімен кездесіп тұрады. Гүлзира тәте де Ақботаны қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бағып-қағып отыр. Ақбота- өте кербез қыз. Ара-тұра біздің үйге келіп тұрады. Менің қызым Ақботаны онша жақтырмайды. Ақботаның тұрмысы жақсы болғанына қатты қуанамын. Көрген сайын елжіреп аналық сезімім оянып қатты бауырыма басып құшақтағым келеді. Бірақ өзімді тежеймін. Бірде қызым "Ақбота сізге қатты ұқсайды, туыспыз ғой" деп қойып қалғанда бірдемені сезіп қойғандай жүрегім лүпілдеп кетті. Сол күйі анам да әпкем де Ақбота туралы сөз қозғаған емес. Менің де батылым бармайды. Гүлзира әпке де қызын біздің үйге көп жібере бермейді, тек өзі келгенде ертіп келеді. Ол үйге еш себепсіз баруға мен де ұяламын. Бір көшеде тұрғандықтан үнемі артынан көзбен шығарып салып тұрамын.
Міне, өмір бойы жасаған қателігім қазір маған маза берер емес. Қатал әкем сол кезде білгенде не мені не өзін өлтірер ме еді кім білсін? Ерсінді сол бойы көрген де емеспін, ол туралы естіген де емеспін. Қаланың ерке баласы мені сол күні ұмытып кеткен де шығар! Осы уақытқа дейін бала мен күйеудің тілін табам деп осыншама іске барып, бәрін іштей уайымдап жұртқа білдірмей өмір сүріп келе жатқан анамды да аяймын...
Сәния, Алматы