Қыз болып тұрмысқа шығып, қыз болып ажырастым...
Өзегімді өртейтін, өкіндіретін тағдырыма налимын. Өмірден түңіліп, торығатын кездерім де көп болғаны жасырын емес. Қазір Аллаға тауба, есімді жиып келемін. Уақыт - емші, бірақ жара - жүректе.
Менің есімім - Зайра. Ауылда әр қазақтың отбасына тән тәрбиемен өстім. Ата-анам жасы келіп қалған жандар. Туған ағам бар. Мен қазір Талдықорған қаласында балабақшада аспазбын.
Мектепті бітіргеннен соң оқуға түсе алмадым. Ақылы бөлімді отбасы қалтасы көтермеді. Ауылда ата-анама қолғабыс етіп жандарында болдым. Ауылымыз шағын еді. Жастар аз. Жігітім болған емес. Тұрмысқа шығуды ойлаған емеспін. Бір күні анам көрші ауылға тойға кетті. Тойдан келген соң ақырындап менің құлағыма "Қыз мұраты - кету" деп тұрмысқа шығуды ойлану керектігін айтты. Сөйтіп жүргенде маған көрші ауылдан Асан есімді жігіттің ата-анасы келіп, сырға салып кетті. Асанды ешқашан көрмеген едім. Тек сондай жігіттің бар екенін білетінмін. Қарапайым жанұя. Ол отбасы туралы жаман сөз естіген емеспін. Анам өткенде көрші ауылға барғанда Асанның анасымен сөз байласып келіпті. Әкем көп сөйлемейтін, ешкімде шаруасы жоқ аурушаң адам. Үйдегі көп мәселелерді анам шешетін. Сонымен қойшы, анамның сөзін жерге қалдырмай келістім. Ата-анамды ойладым. Көзі тірісінде менің құтты орныма қонғанымды көріп, көңілдері жайланар деген оймен ризалығымды бердім. Менде басқа таңдау жоқ еді. Әйелімен бір қосылып бір ажырасып жүрген ағам болса, анау!
Бір айдан соң мен көрші ауылға Асанның үйіне келін болып түстім. Анасы өте жақсы жан екен. Үш әпкесі бар. Дүркіретіп той жасады, менің де ата-анам қыз ұзату тойының ырымын жасаған болды. Азын-аулақ жасауымды да берді. Асан – өңді, ашылып көп сөйлемейтін, ұзын бойлы азамат екен. Іштей ұнаттым. Тағдырдың маңдайыма жазғаны осы болса деп жақсы келін, берекелі әйел болуға мойынұсындым.
Той өтті. Бірінші күні алғашқы түніміз болмады. Тойдан соң өзім де шаршап ұйықтап қалыппын. Келесі күні тағы солай. Күйеуім жұмыстармен кетеді, кешке келеді. Ашылып көп сөйлеспейді. Енем асты-үстіме түсіп әлек. Сонымен біраз уақыт өтті. Некелескен екі жардың көк көрпелерінің бүлкілі сезілетін емес. Әйел емеспін бе тұрмысқа шыққан қыздар сияқты менің де алғашқы түнді бастан өткізгім келеді. Күндіз үй шаруаларымен жүріп, арасында алғашқы түнімізді ойлап қоямын. Ойласам буын-буыным босап, жүрегім елжіреп кетеді. Осылайша бір айт өтті. Менің қазақ қыздарына тән ұяңдығым басым еді, "ұят болар" деп өз ойымды ашық айтқан емеспін. Кешке келген күйеуім төсекке қисая сала, қорылға басады. Мені иіскеп, ешқашан еркектік мейірім танытқан емес. Өзім ақырын қолымды созып, денесіне тигізе беремін де бірден қолымды тартып аламын өзімнен өзім ұялып. Тек еркек иісіне мас болып, соған қанағаттанып ұйқыға кетемін.
Осылайша екінші ай өтті. Күйеуім енемнің айтуымен мені төркініме апарып келді. Көп сөйлеспейміз, тіпті Асан маған әйел заты деп те қарамайтын сияқты. Ата-анам мәз. Көңілдеріне кірбің түсірмейін деп ештеме білдірмедім. Ауылда сыныптас қызым бар еді. Жанар алып-ұшып келіп жағдайымды сұрап, жеке жерде ерлі-зайыптылардың төсек қатынасын сұрап жатыр, "қалай, алғашқы түн?" деп қояды. Ұялғанымнан жерге кіріп кете жаздадым-ау. «Сасқан үйрек артымен жүзер» дегендей, "керемет", - дедім. Өзімше шындықты біліп қоймасын деп бүркемелеп жатқаным ғой. Арасында "Сен түк өзгермегенсің, тұрмысқа шыққан қыздар өңденіп, еркеше бір нұрға бөленуші еді", - деп қояды.
Асан ауылға келген күні үйге қонбады. Өзінің айтуы бойынша, жұмыстарымен Талдықорғанға кетті. Ауылдардан тері жинап, қалаға апарып өткізетін. Әзірге ақша жағынан таршылық көрген емеспіз. Сол кеткеннен Асан үш күн үйге келмеді. Төртінші күні келіп, тағы да бұрынғы әдетіне басып, ұйықтап қалды. Осылайша тағы бір апта өтті. Жанардың сөзі ойыма орала береді. Түскі асқа келген көрші әжей енеме айтып жатыр "Жақында немерелі болатын шығарсың", - деп. Ол сөзді естіген менің мүлдем көңілім түсті. "Енеме ауырып тұрмын" деп бөлмеме келіп ерте жатып қалдым. Асанды күтіп жатырмын. Түнгі сағат он екілерде келді. "Тамақ ішпеймін, ішіп келдім", - деді. Тағы да әдетіне басып, шамды өшіріп жатып қалды. Мен бар күшімді жинап шамды жақтым да қасына келіп, былай дедім:
- Асан, сен мені қорлау үшін алдың ба? Осындай өмір қашанға созылады, әлде мен саған ұнамаймын ба? Әлде денсаулығыңда кінәрат бар ма? - дедім. Көзім жасқа толып, үнсіз тұрмын. Өксік өзегімді өртеп барады.
- Сені алған мен емес. Осы өмірді біліп, өз аяғыңмен келдің ғой. Менің тіпті үйленетін ойым да болған емес. Анам мені тыңдамаған, көріңдер енді зорлап үйлендірудің қалай екенін, айттырып алған деген баяғы заманда қалған, білесің бе! Кетемін десең, мен сені ұстамаймын! Саған айтар ақылым - есің барда еліңді тап! Менің сүйетін сүйіктім бар! Түнімен-күнімен қайда жүреді дейсің, әрине сол сүйіктімнің қасында!
Мен үнсіз отырып қалдым. Далаға шығып таң атқанға дейін бақшада отырып армансыз жыладым. Өзімнің осындай қор болған жастығыма налыдым. Анама іштей өкпеледім. Бір жағынан ойласам, ол байғұс анамның ойлағаны жақсылық қой, қай ана іштен шыққан балапанына жамандық ойласын. Асылып өлгім де келді. Бірақ, өзіңе қол салу оңай емес екен. Миымда шым-шытырық ойлар. Ақыры қайраттанып бір шешімге келдім, "өз үйіме кетемін, ажырасамын, мұндай отбасылық өмір қажет емес" деп шештім.
Таң атты. Көзім домбығып ісіп кеткен. Бөлмеме келіп, киімдерімді салып, енемнің оянғанын күттім. Асан да ұйқыда. Енем тұрған соң бар шындықты айттым. Енем өкіріп жылап, үйді басына көшірді. Ұлының адресіне небір сөздер айтып жатыр. Асан үнсіз далаға шығып кетті. Менің райымның қайтпайтынын байқаған енем, ақ батасын беріп шығарып салды, кешірім де сұрады. Сөйтсем, Асан екі жыл болды көрші ауылда тұратын жас жесір ұйғыр әйелмен әуей екен. Ұйғыр әйелдің Асанның басын айналдырғаны соншалықты, Асан тіпті ел сөзін елемей, анасын, әпкелерін тыңдамай, апталап сол келіншектің қасында болатын көрінеді. Екеуі ерлі-зайыптылардай өмір сүретін сияқты. Бүкіл ауыл Асанның ұйғыр әйелге ғашық екенін білетін сияқты, тек мен және ата-анам хабарсыз болған екен. Біз біліп қойып "райларынан қайтар" деп, асығыс тойды жасаудың да себебі сол сияқты. Енем өзінше жақсы қыз тауып үйлендірсем, балалы-шағалы болар, ұйғыр келіншекті ұмытар деп ойласа керек. Сорлы ана қайтсін баласын ойлап, менің апама сөз салған көрінеді. Асанның анасының жақсы адам екенін білетіндіктен "жақсы ұяға барса бағы жанар" деп, мені көндірген сияқты. Осылайша, қыз болып тұрмысқа шығып, қыз болып ажырастым...
Автор: Зайра, Талдықорған
alashainasy.kz/