Кейбір ағайын-бауырларымыздың өзге діни ағым таратушылардың алдап арбағанынан шыға алмай жүргені жанымызға бататыны шындық. Ал менің жазбамнан ислам дiнiн өз еркiмен қабылдаған орыс жігіті Сүлейменнің не себепті мұсылман болуды қалағаны туралы біле аласыз...
Мен Павлодар қаласына жолым түсіп іссапармен барған едім. Бір аптада барлық жұмыстарымды атқарып, қаланың көрікті жерлерін аралап шықсам деген ой келді. Қонақ үй терезесінен қарағанда көзге мұнартып көрінетін қасиетті Мәшһүр ата мешітіне баруды ұйғардым. Күн қасиетті жұма еді. Құран оқытып, мешітті аралап жүргенде алдымнан орыс жігіті ұшыраса кетті. Сыртқа бірге шықтық.
- Сіз де қонақсыз ба Павлодарға келген?, - деп сұрадым.
- Жоқ. Қасиетті жұма күні дұға етіп келдім, - деп жауап берді.
Ойланып қалдым. Қызық, ұлты - орыс, ал діні... «Атым - Сүлеймен» деп өзін таныстырған орыс жігіті әңгімесін былай жалғастырды:
- Менің әкемнің де шешемнің ұлты - орыс. Осы жерде тұрамыз. Өзім шағын фирмада жұмыс істеймін. Қазақша білмесем де жақсы түсінемін. Анам мен әкем менің бес жасымда ажырасып кеткен. Әкемді сол бойы көрген емеспін. Анам мені асырап, бақты. Көршілерімнің көбі қазақтар. Есіктің алдына ойнауға шыққанда ылғи қазақ балаларымен ойнап, кейінен солармен дос болып кеттім. Достарымның арқасында қазақтың салт-дәстүрімен де жақсы таныспын. Әсіресе, айт кезінде жарапазан айтып, үй-үйді аралап ән салып, қойнымызды тәттіге толтырып, рахаттанушы едік. Жыл сайын айт мерекесін жаңа-жылдай күтетін едім.
Осылайша қазақ салтын, дәстүрін бойыма жиып өстім. Келе-келе қазақтың қонақжайлылығын, туысқа деген қарым-қатынасын ерекше бағалай бастадым. Бізде туысқандар бір-біріне суық сияқты. Шынын айтсам туыстарымды дұрыс білмеймін де. Қыста мал сойғанда міндетті түрде анам екеуімізді соғымнан дәм татуға шақырады. Кейбіреулері тіпті, "сыбағаларың" деп сөмкемізге салып та беретін. Бір жылы анам қатты ауырып, жағдайымыз төмендеп кетті. Сол кезде көрші қазақ ағайындардың көмегі көп болды. Нағашы әжеммен де көп араласпаймыз. Достарымның әжелеріне қызығып қарайтын едім. Тіпті олар да мені өз немерлеріндей еркелетті. Анам түнгі ауысымға жұмысқа кеткенде көршілердің үйінде де қала беретін едім.
Бір таң қалатыным, біздің үйде мереке болса орыс аға-әпкелерім әжеммен бірге соғыстырып арақ іші беретін еді. Ал, достарымның айтуы бойынша олардың отбасына ондай әдет жат.
Бір жылы көрші досымның әжесі қайтыс болды. Досыма көмектесіп жүріп өлім-жітімдегі жоралғыларын көріп, шынын айтсам риза болдым. Бізде арақ ішіп, тіпті зират басына барып арақ пен нан қойып аруақты «риза» қылып жататын ағайындарымның ісі мені тіпті ұялтып жіберді де десем болады. Араққа тойып алып, аяғында өзара ұрсысып тарасатын немесе мереке-тойға айналдыратын салтымнан жиіркеніп кеттім. Досымның әжесіне бағыштап оқылған құран-қатымға қатыстым. Сол күні құлағымдағы әдемі әуен әлі есімнен кетпейді. Тіпті сол күні ұйықтап жатып сол әуенді естіп жаттым. Барлықтары қолдарын жайғанда мен де жайдым, сол кезде досым түртіп "сен неге қол жаясың, сен мұсылман емессің" деді. Ойымда "сен мұсылман емессің" деген сөз жатталып қалды.
Үйге келіп анама сұрақтарды жаудырта бастадым. Анам сабырлы жан еді. Асықпай барлығын маған түсіндіре бастады. Сол әңгімелерден кейін менің анама айтқан сөзім: "менің мұсылман болғым келеді!". Менің оң мен солын айырмаған жас бала екенімді және өсе келе қай дінге сенетінімді өзім таңдайтынымды да айтты. "Мен мұсылман бола аламын ба?" дедім. "Өсе келе өзің шешесің" деді. Осы сөзден кейін қатты қуанып кетім. Өйткені, мен мұсылмандықты қабылдай аламын.
Осыдан кейін мен интернеттен мұсылмандық туралы біраз әңгімелер оқи бастадым. Мұсылмандықты қабылдаған адамдар жайлы да біраз сауат алдым. Олардың iшiнен әлемге аты мәшһүр боксшы Мұхаммед Әли де бар болатын. «Исламда бiр-ақ жаратушы және бiр-ақ табынылушы Алла ұғымы бар. Жақсылық iстегендерге әжiр-сыйлық, жамандық iстегендерге тиесілі жауапкершiлiк беріледі. Бiрден көп тәңiрлерге сенудi адамның ақылы қабылдай алмайды. Ислам дiнiнде ғибадат, дұға және тәубе сұрау кезiнде пенде мен Жаратушысы арасында ешбiр дәнекершi, делдал болмайды. Әр адам Жаратушысына мұң-мұқтажын өзi айта алады» деген сияқты біраз мағлұматтар алдым. Үнемі достарымнан да сұрай беремін. Сүндетке отырған досымды көргенде менің де сүндетке отырғым келіп кетті. Мұсылмандықтың негізгі шарттарын оқи бастадым. Үнемі достарыма ұқсауға тырыстым. Тіпті түрім де қазаққа ұқсайтын сияқты болып кетті. Осылайша мен мектепті де бітірдім. Колледж бітіріп, қолыма диплом алдым. Осы уақыт ішінде мен ешқашан мұсылман боламын деген арманымды жоғалтқан емеспін. Жұмысқа тұрып, өз қолым жете бастағанда мұсылмандықты қабылдау жолдарын сұрастыра бастадым. Менің есімім - Станислав болған. Өзіме Сүлеймен деген есімді де таңдадым. Түріктің "Сұлтан Сүлейман" телесериалын жақсы көретін едім. Қазақтың қызына да үйленемін деп шештім. Мен үшін мұсылман әлемі имандылық пен тазалықтың ортасы. Бауырмалдылық пен жақсылықты, кешірім мен әділеттілікті бойыңа сіңіретін мұсылман дінін қабылдауға толық дайынмын деп шештім. Мәшһүр Жүсіп атаның кесенесіне арнайы бардым. Бала кезімнен осы Мәшһүр Жүсіп атаның әулиеліктерін оқып өстім. Көрші әжейден талай таңғажайып оқиғаларын естідім. Тіпті түсімде де көрдім. Шырақшы ағаға жағдайымды түсіндіріп, осы мешітте мұсылмандықты қабылдауға рұқсат сұрадым. Ол ағалар қарсы болмады. Құран кітабын қолыма ұстап, калиманы айтып, мен Сүлеймен есімді мұсылман жігіті болып, үйге оралдым. Сол кезде менің бала кездегі армандаған арманым орындалғанына қатты қуандым. Кейіннен сүндетке де отырдым. Аздап аяттарды да жаттай бастадым. Әр жұма сайын міндетті түрде мешітке келіп, құран оқытамын. Анам да менің таңдауыма қарсы болған жоқ. Шошқа етін мүлдем жемейміз. Мен өзімнің таңдауыма ризамын, еш қателеспей имандылық жолына түскеніме қуанамын. Әрбір мұсылман баласы өзінің өмірге мұсылман болып келгеніне қуану керек деп ойлаймын. Мұсылмандықты менің жүрегім қалады...", - деп аяқтады әңгімесін Сүлеймен.