Оның әйелі және екі баласы бар екенін білдім...
Мен қандай адам болып кеткенімді түсінбей, сіздерден ақыл, көмек сұрағалы жазып отырмын. Қазір жазғанымды оқып, бəрі мені жек көріп кетері хақ! Бірақ өмірдің тосын-сыйлары өте көп екен.
Мен 22 жастамын, ақылыма көркі сай қыздардың бірімін. Тараздың тумасымын, қазіргі таңда Алматыда тұрамын. Ажырасқанмын, арада бала жоқ (арада өте көп нəрсе болды, ішетін, шегетін, түзету қолымнан келмеді, азып-тозып дымым қалмаған соң кетіп қалдым). Алматыда жұмыс бабымен бір еркекпен таныстым, бір-бірімізді көрген жоқпыз, тек телефонмен сөйлесіп, маған тапсырмалар беретін, екі компаниясы бар, өте қарапайым, намаз оқитын еркек.
Бір күні Алматыға келді, құжаттарды оған апарып беру үшін бардым, таныстық жүзбе-жүз көрісіп, өз-өзіне қараған, сондай сымбатты еркек. Мені ұнатып қалғанын айтып, қызым болшы деп ұсыныс жасады, мен ойланам деп, келістім. Ақылды, сымбатты, маған бизнес жөнінде көп нəрсе үйретіп жүрді, Құдайдын маған берген сыйы болар деп ойлап жүрдім. Содан уақыт өте берді, екеуіміз қосылыпта үлгердік. Таразға ағамның офисына барған едім, сол жүріп жүрген жігітім баласымен кіріп келмесі бар ма?! Екеуіміз де таң қалдық, менің ағамның досы əрі бастығы болып шықты, ол қарындасы барын білмеген, мен бастығы екенін білмедім. Əрине екеуімізде танымаған адамдай болып таныстық, ешкім білмейтін жүріп жүргенімізді.
Содан ол жігітімнің əйелі, екі баласы бар екенін білдім. Мен не істерімді білмей қалдым, ол маған екінші əйелім боласын, екі отбасын асырауға шамам келеді дегендей əңгімелер айта бастады. Əйелінің аяғы ауыр екенін білдім, тоқтатамын болды дедім. Ол келіспей "сен тек мендіксің, ешқайда жібермеймін, барлық жағдайыңды жасаймын, жеке бизнес ашып беремін саған, 1-2 жылдан соң маған 2 бала туып бересін" дейді.
Шыны керек оған ешқандай сезімім жоқ,телефон шалып мазасын алмаймын, отбасын сұрап тұрамын анда-санда, ешқандай қызғаныш сезімі жоқ. Сенің әкеңнің алдынан өтемін, сені аяққа тұрғызып беремін дейді. Бұрыңғы күйеуіммен салыстырып қарағанда қазір бақыттымын, миым тыныш, қарным тоқ, өз сөзіне жауап бере алады, ең бастысы мамасының баласы емес...
Əйеліңмен ажырас деген бір əңгіме болмады, маған ол әйелін де еш жамандамаған, сол үшін қатты сыйлаймын, өтірік жағымпаздық жасамайды. Ағам да оған өте көп соммада қарыз екен, мен бұрыңғы күйеуіммен миым ашып жүріп көп нəрсені білмейді екенмін. Өз отбасымда жағдайы төмендеп кетті. Шынымды айтсам отбасы деген ұғымға сенбей қалдым, қасымдағыларға қарасам күйеуі ұрады, ішіп келеді, концерт қояды, бала-шағам деп өліп-өшіп бəріне көнеді, бірақ бақытты емес, өмірі жылаумен өтеді (жақында бір туысқан əпкем қайтыс болды, күйеуі ішетін, ұратын, ауруханаға қаралуға жібермей, ақыры қайтыс болды). Не ойларымды білмеймін. Қалай жасағаным дұрыс болады?
Аноним