Мұндай қайын жұрттан қалай құтылам...
"Үйлену оңай, үй болу қиын" демекші, бұл өмірде өз жарыңды тауып, жеке отау құрғанға, соның ішінде үбірлі-шүбірлі болғанға не жетсін? Бұл кез келген ер адамның арманы деп ойлаймын.
 
Бірақ үйлену оңай болғанымен, үйлі, баспаналы болу өте қиын екендігін дәлелдеудің өзі артық. Дегенмен үйлі бола тұрып, сол баспанаға өзің иелік ете алмау ер адамға үлкен қасірет екен. Мен өз басымнан өтіп жатқан жағдайды "Алаш айнасының" оқырмандарымен бөліскім келеді.
 
Менің сүйгеніммен қосылып, отбасын құрғаныма алты жыл болды. Аллаға мың да бір шүкір, екі ұлымыз бар. Әйтеуір, жұбайым екеуміз тырмысып жүріп, ақшаны қысып жинап, қаладан бір бөлмелі ескі үй сатып алдық. Бірақ сол үйді сатып алғалы бері қайын жұртым ағылып келе беретін болды. Алдымен енем, одан кейін қайын атам келіп, үш-төрт айлап жатып алады. Тіпті ауылдағы, қаладағы балаларының бәрін біздің үйге шақырып алып, проблемаларын осында шешуге кіріседі. Кеш батқанда қуықтай бір бөлменің есігінен төріне дейін төсек салынып, таңертең жұмысқа сүрініп кетеміз. Міне, осылай өмір кешіп жатқанымызға үш-төрт жыл болды. Бір емес, екі емес, олардың осы қылығынан қазір әбден мезі болдым. Оңашада отырып әйеліме де айтып көрдім, ұрыстым да, тіпті ұрып та жіберген кездерім болды. Бірақ олар түсінбейді. Бұл бөтен шаңырақ екендігін олар сезінбейтін секілді.
 
Құдай-ау, мен осы үйдің иесі емеспін бе? Мен де жұмыстан шаршап келгенде өз үйіме келіп, оңашада бала-шағаммен ойнап-күліп отырғым келеді. Бірақ үйіңде тоқырлап адам жатса, бұл бір емес, екі емес, қайта-қайта қайтала берсе, адамды мезі қылады екен.
 
Менің ата-анам қайтыс болып кеткен, жалғыз бауырым ауылда қара шаңырақта тұрады. Содан ба деймін, әйелімнің туыстары мені басынатын секілді, үйге еркін келіп, бар қажетті тірліктерін жасап, айқай-шу шығарғысы келсе, бір-бірімен ұрсып-қырылысып, бүкіл проблемаларын жиналып осында шешкісі келеді. «Мына жерде күйеу балам отыр-ау, бұл соның шаңырағы, ұят болады-ау» демейді, қабақтарын түйіп алып, бір-бірімен айтысып отыра береді. Осындай нөмірлерін көрген кезде, кейде үйге сыймай кетемін. Қатты ашуға булығып, достарымның үйіне барып, ішіп келемін. Балаларыма да обал болды. Әйеліміз екеуміз де түкке тұрғысыз нәрселер үшін ренжісіп қаламыз. Балаларымыз оған куә болып отырады. Осыдан ба екен, қазір балаларым да бұйығы болып барады. Әйелім де шыдай алмай, туыстарына бір-екі рет айтып көріп еді, басы бәлеге қалды. Бауырлары есікті тепкілеп, анасы қарғап-сілеп, «мұндай үйлерің құрысын» деп қырғын шығарды. Бірақ көп уақыт өтпей кезек-кезек келіп, бәрі қайтадан осы үйге жатып алады. Өйткені олардың қалада не үйі, не жері жоқ. Ауылда үйлері болғанымен, бәрі қалада тұрғысы келеді.
 
Мен қайын жұртымды жақтырмаймын деп айтпаймын, әрине, үйге келсін, қыдырсын, жүрсін, бірақ тым шектен шығып кетуге болмайды ғой. Кейде қайныларымды ұрып тастағым келеді, бірақ ертең оларға бірдеңе бола қалса, олар өмір бойы мені кінәлап өте ме деп қорқамын.
 
Менің бір түсінбейтінім, әрбір ана өзінің баласының бақытты болғанын қалайды емес пе? Сол үшін бәрін жасауға тырыспай ма? Ал бірақ менің енем қызының бақытты болуына басын ауыртқысы келмейтін секілді. Әйтпесе, ол: «Әй, қойыңдар, олар жас семья, олардың үйіне қайта-қайта барып, мазасын ала бермеңдер, ұят болады», - деуі керек емес пе? Бірақ, өкінішке орай, менің енем ондай болмай тұр. Қайта барлық бала-шағасын осында жинап алып, бізді өз үйімізден қуып жібергісі келетін секілді. Мүмкін менің қайын жұртым туралы бұлай айтқаным дұрыс емес шығар, бірақ олардың менің үйіме келіп алып, білгенін істеп отырғанын көргенде, шынымды айтсам, зығырданым қайнап кетеді. Әрең шыдап жүрмін... Енді не істесем болады? Қандай ақыл-кеңес айтасыздар, ойлы оқырман?..
 
 
Автор: Батыр, Тараз қаласы