Қала жұртын дүр сілкіндірген сонау оқиғаға да он шақты жылдың жүзі болды. Мен ол директормен бір мектепте қызмет атқардым. Әйелі де мұғалім еді. Және екеуі үздік мұғалімдер қатарында, үнемі олимпиадалар мен байқаулар кезінде комиссия құрамында жүретін-ді. Қай түлен түрткенін кім білсін, бір күні біздің директор маньякқа айналып шыға келмесі бар ма? Көпшіліктің көңілінен ұмыт болса да, өзімді әлі күнге дейін қайран қалдыратын директордың қылығы туралы бүгін «Алаш айнасы» оқырмандарына паш етпекпін.
Ол көрікті, байсалды, ұқыпты жігіт еді. Қаладағы мектептердің бірінде алдымен қатардағы мұғалім, одан соң оқу ісінің меңгерушісі болып жүріп, күндердің күнінде біздің мектепке басшы болып келді.
Біздің мектеп орыс-қазақ аралас оқитын білім ошағы болатын. Ол кезде мектебімізді тұтастай қазақ мектебіне айналдыру туралы бастама көтеріліп жүрген. Оқу ісінің меңгерушілері түгел орыс ұлтынан болды.
Неге екені белгісіз, Валентина атты оқу ісінің меңгерушісін ұжымдағы әріптестеріміз түгел «сиқыршы» деп атайтын. «Тұла бойы тұнған қара магия, біреу ол кісінің сағатына таласса немесе қарсы келсе, сиқырлап тастайды, қарғыс жолдайды» дейтін айналасындағылар. Және түрі де біртүрлі қорқынышты болатын. Директорымыздың келген беттен-ақ әлгі меңгерушімен қарым-қатынасы жақсы болмады. Валентина апайымыз бұрынғы директордың кезінде өзінің әмірін жүргізіп үйренген адам ғой, бұл кісінің тұсында да қалаған адамына қалаған сағатын беріп, өзі емін-еркін басқара бергісі келді. Алайда зейнеткер ұстаз болғандықтан, директор оны меңгерушіліктен шығармақ болды. Басшының аты басшы емес пе, ақыры өз дегеніне жетті.
Бірақ... Осы «халық айтса қалт айтпайды» деген сөз қашанда ақиқат қой. Валентина ақыры директорға сиқыры мен дұғасын жасап тынды ма деймін. Өйткені басшымыз бұл орында ұзақ отыра алмады, отыра алмады деймін, оның өмірі ырың-жырың болып, тіпті бұл қаладан жер ауып кетуге мәжбүр болды.
Бірер айдан кейін жаңа директордың үстінен түрлі мазмұндағы домалақ арыздар жоғарғы жаққа домалай бастады. «Директор өзге ұлт өкілдеріне қысым көрсетіп жатыр», басқа да толып жатқан жала жабулар бірінен соң бірі көбейе берді. Оның бәрі жүйкеге салмақ түсірмей қоя ма? Оның үстіне, жұмыста Валентина секілді кәрі қасқырлар ауыз аштырмайды. Реті келсе, сын айтып, жиын бола қалса, алауыздық тудырып отыруға тырысады.
Неге екенін білмеймін, әйтеуір мен қыстың күндері директорды ұдайы информатика кабинетінен көретінмін. Ол кезде қазіргідей әрқайсымыздың үйімізде компьютер жоқ, сол себепті бәріміз қағаздарымызды, сабақ жоспарларын сол кабинетте басатын едік. Директор болса сол кабинетте ылғи да қорқынышты ойындар ойнап отыратын. Көбінесе мылтықпен атысатын ойын үстінде көретін едім оны. Және бажайлап мән беріп қарасаңыз, оның ойындарға жанын салып, бар ынтасымен беріліп және ерекше ләззат алып ойнайтынын көрер едіңіз.
Таңертеңгілік жұмысқа кезекші мұғалімдер ертерек келеді ғой. Кейде тым ерте келдім дегеннің өзінде мектепте директор жүретін. Яғни, ол елдің бәрінен бірінші келетін. Оның мектепке қашан келіп, қашан кететінін де ешкім біле бермейтін. Тағы бір байқайтыным: директорымыздың көздері әрдайым түнімен ұйықтамаған адамдай қызарады да жүреді. Бұған мен мән бермес те едім. Егер жан түршіктірерлік сонау бір оқиға орын алып, жұрт ұлардай шулап шыға келмегенде...
Бір күні қала мектептері «Қалада маньяк пайда болыпты. Пәленінші мектепті таң қараңғылығында торуылдап, қыз балаларды шошытып жүр екен, бір баланың жағасына жармасып, бала әрең құтылып кетіпті. Жүретін жері – мектептің жаны, шығатын кезі – таң қараңғылығы, ағаштардың тасасында тығылып тұрып бас салатын көрінеді, және сегізінші-тоғызыншы сыныптардың қыздарын аңдиды» деген сыбыс гу ете түсті. Бұл жай сыбыс болмады. Өйткені аты аталған мектептің жанынан «маньякті көрдік», «мені қуды», «менің киіміме жармаса кетті» деген оқушылар қарасы көбейе берді.
Бақсақ, бұл маньяк қыздарға тиісуін тиіспейтін сияқты, тек қатты қорқытуды мақсат етіп алғанға ұқсайды. Және бетіне қара маска бетперде киеді-міс.
Ата-аналардың барлығын ескертіп, балаларды мектепке жалғыз жібермеу қажеттігі туралы құлағдар еттік. Ата-аналары ертіп әкеле алмайтындар топтасып бір-біріне серіктесіп барып жүрді мектепке.
Күндердің күнінде бұл хабар құқық қорғаушыларға да жетіп, енді атышулы мектептің маңын солар торуылдауға көшті. Көп ұзамай әлгі маньяк та қолға түсті. Ол маньяк кім болып шықты дейсіз ғой? Біздің мектептің директоры!
Мұны естігенде таңғалмаған жан қалмады. Өйтпегенде ше? Ол – қаладағы аса беделді, үлгілі ұстаздардың бірі. Болашағы бар адам. Өте тәрбиелі, мінезі де жағымды екенін жоғарыда атадық.
Директорымыздың оғаш қылығы туралы естігенде санамызды сан түрлі ой торлады. Таңғалу да, қорқу да болды бойымызда. «Оны бұл қадамға не итермеледі екен?» десеміз? Кім білсін, бәлкім, оны Валентина дұғалап, ақылынан адастырып жіберген шығар?
Мен болсам оның үнемі информатика кабинетінде көзі қызарып, компьютердің ішіндегі түрлі ұсқынсыз бейнелерді барын салып «атқылап» отыратын кейпін есіме түсірдім. Бұл әрекеттерінде де жүйкесі тозғандығының белгісі бар болатын.
Сонымен, біздің директор темір торға тоғытылып, енді оған сотталу қаупі төнді. Мұндай жағдайға ұшыраған директордың жұбайы да қатты уайымға салынып, дағдарысқа тап болды. Құрбылары бірдеңе сұраса ол күйеуінің үнемі балалардың мінез-құлықтарынан жүйкесі жұқарып жүргенін айтты. Ал оның «таңғы жорықтары» жайлы ештеңе білмейтін болып шықты.
Танитын адамдар директордың туыстарына: «Психиатриялық науқас деген анықтама алмасаңыздар, сотталып кетеді. Ең дұрысы, оны сырқат етіп шығару» деген кеңес бергенімен, туыстары, мұны құп көрмеді. «Ондай анықтама әперер болсақ, болашағына балта шабылып, мүлдем жұмыс істей алмай қалады емес пе» деді олар.
Сөйтіп, күндердің күнінде біз директорымыздың ешқандай сотсыз ақталып шыққанын естідік. Туыстары қаржыларын шашып жүріп, мақсаттарына жетсе керек.
Көп ұзамай-ақ директорымыздың отбасы шахталы шаһарға қоныс аударған. Бұл қалаға мүлдем келмейді десе де болады. Көзден кеткен нәрсе көңілден де өше береді ғой. Біздің жақтың адамдары да маньяк-директор бейнесін әлдеқашан естен шығарған. Ешкім тіпті аузына да ала қоймайды.
Білуімізше, қазір оның жұбайы мектепте, ал өзі қалаға жақын маңдағы ауылдардың бірінде әкім екен. Болсын-ақ. Десе де көпшіліктің көкейінде ойда жоқта жолдан тайған осы кісінің әрекеті жұмбақ күйінде қалды.
Директор маньяктық әрекеттерге не себептен барды? Ол шынымен ауру болды ма? Ауру болған болса, күндердің күнінде өз әрекеттерін қайталап қалмас па екен?..