Махаббатқа темірдей төзім керек екенін кеш түсіндім...
«Қолда барда алтынның қадірі жоқ» деген сөзді әрқайсымыз білеміз, бірақ басымызға іс түспей ешқайсымыз барымызға қанағат етпейміз ғой. Әсіресе жас кезде жалғанды жалпағынан басып, менмендікке басамыз. Мен бүгінде әрбір атқан таңыма шүкіршілік етемін. Бірақ өткен өмірімде өкініш те жоқ емес. «Алаш айнасындағы» «Отбасы – ошақ қасы» айдарына осы бір өзегімді өртеген өкінішіммен бөліскім келеді.
Жаратқан жүрегімізге махаббат сезімін ұялатса, өзімізді бақытты сезінетіміз рас, бірақ осы бақытымызды бағалай білмейміз, аялай алмаймыз. Мен Дарханды 23 жасымда жолықтырдым. Ол Қарағанды қаласында тұратын ағасының үйінде тұрып оқитын студент еді. Ал мен өзім Қарағанды қаласының тумасымын. Осы жерде туып-өстім, оқу бітірдім. Екеуміз танысқанда мен жоғары оқу орнын бітіріп, жұмыс істеп жүрген едім. Ол менен 2 жастай кіші болатын. Алғаш танысуымыздың өзі қызық болды. Құрбы қызымның туған күнін кешінде бойы аласа, өзі сүйкімді, жіп-жіңішке жігіт мені қайта-қайта биге шақырып қоймады. Мен оған тіпті жігіт ретінде қараған жоқпын. Бірақ көңілін қалдырмайын деп бір-екі рет биледім. Билеп жүгенде ол менен есімімді сұрады, өзінің студент екенін айтты. Сөйтіп бір-біріміз туралы біраз білісіп қалдық. Осы кештен кейін мен оны ұмытып та кеттім. Бірде дүкеннен ауыр сөмкемді көтеріп кетіп бара жатсам, соңымнан бір жігіт жүгіріп келіп, қолымнан сөмкемді жұлып алды. Шошып кетіп айғай салыппын. Сөйтсем Дархан мені анадайдан танып, көмектесіп жіберейін деген екен. Бірақ мен шошыту үшін әдейі әзілдеп сөмкемді жұлып алғанын айтты. Сөйтіп екеуміз үйге дейін әңгімелесіп бардық. Осыдан кейін екеуміз үй телефонымен жиі сөйлесіп тұратын болдық. Анда-санда кездесіп те жүрдік. Бірақ ол маған мені ұнататынын айтпайтын, жай ғана әңгімелесеміз, сырласамыз. Бірде ол маған өзінің бір өзбек қызға өлердей ғашық болғанын айтып берді. Сол кезде мен кәдімгідей оны іштей қызғанып кеттім. Өзімнен өзім ашуланып, оның қасынан тез кетіп қалғым келді. Үйге барғаннан кейін де жаным тағат таппай Дарханның айтқан сөздері ойымнан шықпай қойды. Сонда ғана мен өзімнің Дарханға ғашық болып қалғанымды сездім. Дарханды сағынамын, көргім келіп тұрады, әбден бауыр басып қалыппын. Мен оны үйге қонаққа шақырып, тамақтандырып, тіпті өзімнен үлкен әпкелеріме де таныстырып қойдым. Ол да маған бауыр басып қалған секілді. Оның үстіне өзі Алматы облысының баласы бола тұра танымайтын қалада оқып жатқан соң мен оған қамқоршы болғым келіп тұратын. Осылай уақыт өтіп жатты. Біздің арамыздағы қарым-қатынас тереңдей түсті. Біз қыз-бен жігіттен гөрі жұбайлардай өмір сүре бастадық.
Дархан оқуын бітіргеннен кейін өзінің туған жері Ұзынағашқа кететін болды. Мен өзімнің ата-анамның рұқсатын алып Дарханмен еріп кетуге бел байладым. Бірақ ол ең алдымен ауылына барып, ата-анасының келісімін алып, содан кейін мені өзі алып кететін айтты. Шынымды айтсам, мен Дарханды қатты қызғанатынмын. Ол қайта келмей қалады екен деп қатты қорықтым. Ауылына кеткеннен кейін бір айдай одан хабар болмады. Шыдамай өзім хабарластым. Ол маған жақында келетінін айтты. Біраз уақыт өткеннен кейін Дархан да келді. Сол кездегі қуанышымды айтып жеткізе алмайтын шығармын. Бірақ ол маған үйленуге асықпады. Ата-анасы әзірге той жасайтын шамалары жоқ екенін айтыпты. Мен Дарханды сүйгендіктен той жасамаса да онымен бірге еріп ауылына баруға, ата-анасымен бірге тұруға келістім. Өзім орысшалау тәрбиеленгендіктен бе мен үшін сүйіктіммен бірге болғаным бәрінен де маңызды еді.
Дархан үйінің ең кенжесі, өзінен үлкен әпкесі және екі ағасы бар. Бәрінің өз отбасылары бар. Дархан қарашаңырақтың иесі болғандықтан мен ата-енеммен тұруыма тура келді. Енем мені алғаш келгеннен-ақ жылы қабылдай қоймады. Өйткені мен оның баласынан үлкен болып тұрсам, оның үстіне келбетім де келісіп тұрған жоқ, баласын қимағаны болар. Бірақ мен алғашқы күннен-ақ өзіме өзім ешкімнің сөзін көңіліме алмаймын деп уәде бердім. Дарханның анасы үлкен кісі. Оны жас баладай өзім жуындырып тырнағын алып беремін, үйдің де, даланың да тірлігін өзім атқарамын. Дарханды да балаша аялауға тырыстым. Оны кішкене бала секілді еркелетіп отыртынмын. Бірақ қанша тырыссам да мен Дарханның үйіне сіңе алмай қойдым. Енем Дарханның тапқан табысын өзі алады. Мен сол ауылдық жердегі мектепке музыка пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейтінмін. Менің де ақшамды өзіме ұстатпайды. Күн суып кеткенге дейін жұқа туфлимен жүрген кездерім болды. Дарханды да, енемді де менің жағдайым қызықтырмайтындай. Бір күні Дархан жалақы алып, өзі бастан-аяқ кіиініп келіпті. Әлгіні көріп қатты ашуландым. Әйелім ғой деп маған бір орамал әкелуге жарамағаны жаныма батты. Осы уақытқа дейін ұрсыспауға тырысып шыдап келген төзімім таусылып сол күні айғай шығардым. Сол кезде біздің ұрсысымызға енем де қосылып, маған айтпағанды айтып балағаттады. Осы уақыттан бастап Дархан екеуміздің арамыз суи бастады. Ол үйге сирек келеді, жұмыс-жұмыс деп сылтауратады. Менің қызғаншақтығым тағы бар, сонымен соңы ұрысқа ұласады. Осылай бірде тату, бірде араз болып күн кешіп жүргенде мен тұңғыш бөпемді түсіріп алдым. Бойыма бала біткенін білмей ауыр жұмыс та істедім, оның үстіне жүйкемнің жұқарғаны тағы бар. Сонымен баламыздан айырылып қалдық. Мен осы кезде өзімді ешкімге керекіздей сезіндім. Мен тек өзім ғана сүйгенмін, өзім қалағаннан кейін ғана бірге тұрып жатырмын деген ой мені мазалай берді. Бірақ Дарханмен қанша ұрсыссам да оны қатты жақсы көретінмін. Бірақ өзімді бейшара сезінуден шаршадым ба, бір күні жиналып туған жеріме тартып кеттім. Сондағы ойым, біраз ойымды тынықтыру, Дарханның да ойланып шешім қабылдауына мүмкіндік беру. Өйткені отбасын құрған екі жылда мен өзімді бақытты сезіндім деп айта алмаймын.Енем де, қайын әпкелерім де мған менсінбеушілікпен қарайтынын сезетінмін. Бірақ маған керегі бірақ нәрсе, Дарханның назары, махаббаты болатын. Ал кейінгі кезде ол менен алыстап кетті.
Қарағандыда екі айдай болдым. Емделдім, ойландым, ең басытысы Дарханды қат ты күттім. Ол жаман жігіт емес, маған қайтып келіп, екеуміз түісінісіп, қайта жаңа өмір бастаймыз деп үміттендім. Бірақ әттең... Мен қазір сол кезде неге Қарағандыға кетіп қалдым, қандай қиындықтар болса да неге шыдамадым деп өзімді кінәлаймын. Өйткені Дархан маған қайтып оралмады, енді ол ешқашан қайта оралмайды да. Осы сөздерді жазудың өзі маған қаншалықты қиын екенін білсеңіздер ғой.
Мен Дарханды зарығып күтіп жүргенде оның қайтыс болғаны туралы хабар алдым. Ол мен кеткен соң біраз уақыт ішімдікке әуестеніп, қыздармен қыдырып жүргенін естігем. Бірақ соншалықты соңы жамандыққа апарып соғады деп кім ойлаған. Дархан екеуміз бірге тұрып жатқанда отбасымызбен араласатын жақсы достарымыз бар еді. Солардың айтуынша, Дархан бір досымен екі-ұш қыз ертіп табиғат аясында демалуға барып, суға кетіп қайтыс болыпты. Осы қаралы хабарлы естігенде есімнен адаса жаздадым. «Мен неге Дарханымды жалғыз тастадым, оның өлуіне неге мүмкіндік бердім?». Енді менің сүйіктім маған ешқашан оралмайды. Мен оның қазасына бардым. Баласынан айырылған ана да, інілерінен айрылған бауырлар да маған алакөздерімен, ренішті жүздерімен қарады. Осындайды көргенде Дарханмен бірге неге кетпедім деп ішімнен егілдім. Бірақ қалай жыласам да, бәрі де кеш. Мен соңғы рет Дарханның үйіне, кезінде өзім келін болып аттаған босағаға сүйіктімнің жылына бардым. Сол кезде Дарханның анасымен құшақтасып көрістік, мен ол кісіден зар жылап кешірім сұрадым. Енемнің аузынан «кешір, айналайын, құлыным» деген сөзді естігенде одан әрі езілдім. Әттең, біз неге әбден Дарханнан айрылғанда ғана бір-бірімізді түсіндік, кешірдік, әттең?..
Қалима, Қарағанды қаласы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30