Күйеуін кілемге айырбастаған келіншек
Он жылдық мектепті бітіре салысымен шоферлар дайындайтын курсты тәмәмдап,аудандық автобазадан ескі «ГАЗ-51» машинасын жақсылап күрделі жөндеуден өткізіп, Оралбай қиын да, қызықты шоферлық өмірін бастайды. Сонан бері қаншама жылдар,қаншама жолдар артта қалды.
Әскери борышын Ресейде екі жыл машина айдап,елге оралған соң бұрынғы жұмыс жасаған автобазаға келіп тағы да рөлге отырады.Өз жұмысына тиянақты,басшылардан мақтау есітіп жүреді. Өмірлік жарын тауып,жылдар өте төрт-бес баланың әкесі атанып та үлгереді. Бәрі жақсы,тамаша болып өтіп жатқан өмірдің бір-ақ күнде тас-талқаны шықты.....
Қыс кезі,қатты соққан бораннан жаураған жандар темір жол стансасына барып көмір сатып алатын. Оралбай да «Камаз»-ын жүргізіп көмір тасуға шыққан еді. Бұрын сырттай танитын бір әдемі келіншек Орекеңе:
-Менің үйіме көмір жеткізіп беріңіз,ақысын барған соң беремін,-дейді. Көмірін артып,кабинаға мініп алады да:
-Машинаның іші «пейіш» боп тұр екен, пейіштегілер шешініп жүреді дейтін еді, - деп сұлу келіншек шешіне бастайды. Аққудай аппақ, келісті келген келіншек пен «Камаз»-дың ыстығы Орекеңді бей-жай күйге түсіре бастайды. «Алтын көрсе періште жолдан таяды» демекші, Орекең сол күні айдалада екеуі машина ішінде түнеп шығады....
Қыс өтіп, көктем келеді. Ауылдық жерде жүрген-тұрғанның бәрі алақанда, жұрт бәрін біліп отырады. Сирек болса да сұлу келіншек пен байланысын үзбей жолығып тұрады. Таңертең шай ішіп отырып Орекең:
-Бүгіннен бастап үш күнге іс-сапарға кетемін, - деп жолына азық-түлік,ақша алып кетіп қалады. Ертеңіне келіншегі малдарын қамап, шөп салып жүрсе үйіне бір таныс әйел келіпті.
-Екі күн болды, күйеуім жоқ, іс-сапарға кетіп еді, жалғыз өзіме қиын болды! - дейді бұл. Іштегі «шерін» шығаруға келген әйел шыдай алмай:
-Қайдағы іс-сапар? Күйеуің кешеден бері «пәленшенің» үйінде, «Камазын» мал-қораның артқы жағына көрсетпей тығып қойған, сенбесең барып көр, - депті.
-Қәзір менімен бірге жүр,үйіне кіргізіп жіберейін ,- деп әлгі әйел жанына тиетін сөздер айтып, қоярда-қоймай ертіп шығыпты. Алғашқыда сеніңкіремей:
-Менің күйеуім ондай іске бармайды! - дегеніне:
-Барғанына екі күн болды, сен не білесің, мал қорадан шықпайсың, - деп бұған ұрсып беріпті. Орекеңнің әйелі ашуланған күйі үстіндегі ескі кйімімен «тоқалдың» үйіне кіріп барса, күйеуі сұлу келіншектің құшағында алаңсыз жатыр екен. Есікті ашқанда бөлмеге суық кірсе кірер,бірақ өзінің келіншегі кіріп келеді деп ойламаған Орекең сасқалақтап:
-Сәләмәтсіз ба! - депті. Басқа не десін байғұс.....
Бөлме ішінде өткен «бәйбіше мен тоқалдың» «жекпе-жегін» айтып жеткізу мүмкін емес. Спорттың бар түрі қамтылды, бокс, каратэ,дзю-до, бой без правила... У-шу, айқай-шу...
Әй, әйелдер-ай! Қаншама ашуланып жүрсе де көздерінің бір ұшы дүниеге қарап тұрады деген рас-ау!Алқынып, кеудесімен зорға дем алып отырып, Орекеңнің бәйбішесі қабырғада ілулі тұрған бес метрлік кілемге көзі түсіп, кілемді шеге-пегесімен қоса жұлып алып тоқалға:
-Бітті, мен айырыласамын, күйеу сенікі, кілем меніңкі, - деп дәу кілемді орап алып, үйден шығып кетіпті. Қашанғы отырсын, Орекең де:
-Балаларыма кеттім, кешір мені, - деп «Камазына» қарай жүреді.
Су жаңа кілемге іші қанша ашыса да не туыстарына, не милицияға айта алмай өзінің өмірде жолы болмай жүрген сұлу келіншек көз жасына ерік беріп, таң атқанға дейін жылаған деседі. Бір сәтте кілемнен де, күйеуден де айырылған сұлу келіншекке бұл жәйт оңай соқпағаны белгілі.
Төпен Әмірбек
facebook.com