Күйеуіме "көңілім" толмайды...
Отбасы ұстынын берік ететін ең алдымен жұбайлардың арасындағы бір-біріне деген сүйіспеншілік болса, екінші мәселе төсек қатынасы дер едім. Тіпті осы екінші мәселені мен ең басты мәселе деп санаймын.
Өйткені... Мектепте оқып жүргенде бойжеткен ауылына енді аяқ басқанда біз үшін бұл қараңғы тақырып болатын. «Ұят болады...» деген тиым барлық жағынан тұсап тастаса керек біздің буынды. Тіпті мектеппен қоштасқанға дейін «жігітпен сүйіссе екіқабат болып қалады екен» деген қорқыныш болды бізде. Әбден «қырық үйдің тиымы» өтіп кетсе керек.
Тұрмысқа шыққаннан кейін де төсек тақырыбындағы түсінігіміз артып кеткен жоқ. Алғашқы түннен қалған әсер өмір бойғы «азық» болады білем. Күйеуім соншалықты қараңғы емес. Бірақ төсек мәселесінде тәжірибелі деп айта алмас едім. Ол үшін сүю, аймалау, «ояту» деген артық жұмыс. «Күйеуіңнің кем-кетігін қайдан білдің?» дерсіз. Құрбыларыммен бас қосқанда қаузайтынымыз осы тақырып. Әрқайсы күйеулерімен қосылған сәттерін гүл-гүл жайнап отырып жеткізеді. Сезімдерінің шарықтау шегіне жететінін де жасырмай айтады.
Бір жолы мен өзімнің осы уақытқа дейін бірде-бір рет оргазм алмағанымды жайып салдым. Бәрі маған тағы аң көргендей таңырқай қарады. Тіпті арасында менен де өткен біреуі «оргазм деген не ол?» деп күлкіге қарық қылды.
Расында осы тақырып мені көптен бері ойландырып жүретін. Бір құрбым «жаным-ау, олай болмайды ғой, өзің әрекеттеніп көрсеңші..» деді. Осы сырласу барысында көптеген мәселеге қанықтым. Тағы бір құрбым «біздікі жарты сағатқа созылады, ол аймалап құшқаннан-ақ еріп кетем» дегені мені тіптен таңқалдырды.
Жарты сағат... біздікі ары кетсе 3-4 минут қана шығар. Апыр-топыр... әйтеуір бірдеңе... Күйеуім өзі қанағаттанса болды. Басқасына бас қатырмайды...
Төсек қатынасынан ләззәт алу ол да бір бақыт шығар. Ал мен болсам осы рахаттың дәмін сезінбей келемін. Кейде «осы мен бәлкім салқын әйел шығармын» деп те ойлайтынмын. Түрлі кітап ақтарып, сексопатологқа да бардым. Жоқ олай емес екем. Күйеуімді де ертіп апарғым келген. Алайда ол өзінікін қалыпты санайды. Тіпті маған «сен басқа біреумен болып жүрсің бе?» деп айқай шу шығарған кезі де болды. Сонымен бұл тақырыпты жылы жауып қоя салдым. Қайтып қозғамайтын болдым...
Осы тақырыптағы кітаптарды оқып көрдім, кинодан да көріп жүрміз. Ғаламтордан да қарап қоямын кейде. Ол өзінше бір әлем. Мен үшін жұмбақ әлем. Құрбыларымның әңгімесі де мен үшін ашылмаған арал. Сонда мен не істеуім керек? Оған үйрететіндей бозбала емес. Қырықтан асты. Сонда мен қашан төсек ләззәтын сезінемін? Бәрінікі өзгеше де, біздікі басқаша...
Күйеуім үнемі командировкада. Үйден қырық қадам алшақтаған еркектің серілігін кім санап отырыпты? Бәлкім өзгелермен өзгеше шығар? Бірақ өз әйелін қанағаттандыра алмаған еркектің өзгелерді де қарық қыла қоятынына сенімім жоқ.
Бұл менің ғана емес көптеген әйелдердің басындағы жағдай шығар? Басында аздаған сезім ұшқыны сезіліп, кейіннен үйлі-жайлы болған соң бала-шағаның қамы деп сүйретіліп өмір ағысымен жүре береді де. Ажырасайын десе ағайын-туыс не дейді деп одан аяқ тартады. Сосынғысында қолды бір сілтеп бұл мәселені ең соңғы мәселенің бірі деп қарап еті үйреніп кетеді білем.
Еркекке онша білінбейді емес пе, беті жылтыраған біреумен мауқын басып жүре береді. Жауапкершілігі мықты болса, ел жұрттан ұялып бала-шағасының алдындағы борышын ұмытпайды. Ал кейбірі төсек қатынасында қанағаттанбайтынын ашық айта алмаса да іргесін ажыратып кетіп жатыр ғой. Төсек ләззәты отбасының беріктігін бекіте түсетіні белгілі емес пе?
Бүгінде «сыртым бүтін, ішім түтін» кейіптемін. Осы саланың ділгір мамандары түгілі қарапайым ғана жұрттың өзі «күйеуі қанағаттандыратын әйелдер көздері күлімдеп, жайнап жүреді» деп айтады емес пе? Ал менің көзімде нұр жоқ, жүзіме күлкінің ауылы алыс қонған. Үнемі қабағым қатулы, бірдеңеге ашуланамын да жүремін. Күйеуіммен өте сирек қосыламыз, онда да әлгіндей.
«Әйелдің төсек қатынасында қанағаттанбауы бірнеше аурулардың бастау көзі болып табылады» дегенді бір жерден оқып едім. Сол рас, әрине. Гинекологиялық жағынан үнемі бір мәселе туындайды да тұрады. Емделумен келемін. Ал күйеуім болса бұл жағына бас қатырмайды. Әңгімені бастап келе жатқаннан өзі қызғаншақ адам «сен құтырайын деген екенсің» деп түйеден түскендей қойып қалады. Тілім буулы... қаламын солай. Көзі ашық, көкірегі ояу қоғамда өмір сүріп отырып мұндай тақырыпты қозғау біреулер үшін тіптен түрпі де шығар. Бірақ басымдағы жағдаймен бөліспекке бел будым оқырманмен...
Өтініш! «Алаш айнасы» интернет-газеті отбасына арналған тақырыпта соңғы кездері жиі материал жариялайтынын көріп-оқып жүрміз.. Сондықтан сіздерден өтініш.. Қазақтың көп қыз-келіншектерінде бар пробелма жайында жазған мақаламды жариялауларыңызды сұраймын. Осы материалды оқыған қыз-жігіттер бұл мәселеге бей-жай қарамай, керісінше, зор жуапкершілікпен қараса деген тілек бар.
Арай Мақажанова, Ақтөбе
alashainasy.kz/