Күйеуіме алғашқы махаббатын әрең ұмыттырдым...
Мен бұрын сүйген адамыммен бірге болсам менен бақытты адам болмас еді деп ойлайтынмын. Бірақ өмірде бәрі де біз қалағандай бола бермейді екен. Мен жанымдай жақсы көретін адамымды кездестіргеннен кейін де өзімді біраз уақыт бақытты сезіне алмай жүрдім. Өйткені ол адамның өзімді дәл мендей сүймейтінін сезетінмін, ол өзінің алғашқы махаббатын ұмыта алмай жүргенін де білетінмін. Өзімді шарасыздыққа ұшыратқан жүрекжарды сырымды «Алаш айнасының» оқырмандарымен бөлісейін, мүмкін араларыңызда тағдыр тәлкегімен махаббат мұңын кешіп жүргендер бар шығар...
Ержан екеуміз танысқанда мен 22 жаста едім. Оның менен 3 жастай үлкендігі бар. Мен осы жасыма дейін өзіме көңіл білдірген жігіттердің кейбірімен кездесіп, сөйлесіп жүрсем де ешқайсысын шынайы ұнтақан емеспін. Ал Ержанға алғаш көрген күннен-ақ ғашық болдым.
Университетті бітірген жылы Алматы күзінің жаймашуақ күндерінің бірінде құрбы қыздарыммен бірге саябақтағы дәмханада кездесіп, біраз өткен кеткенді айтып көңілді отырғанбыз. Бір кезде біз отырған үстелге екі жас жігіт жақындап келді де, олардың бірі «Қыздар, кешірерсіздер, Данияр деген жігітті білмейсіздер ме?» деді. Әлгі жерде мен: «Жанымыздан жігіт көріп тұрсыз ба, кешіріңіз, білмейміз» деппін жұлып алғандай. Сөйткенде әлгі жігіт маған қарап жымиды да: «Осы жерде кездесеміз деп келіскен едік, жанында қыздар бар екенін айтқан соң, сіздермен бірге ме деп қалғаным ғой... Егер жандарыңызда жігіттер жоқ болса, бізді өздеріңізге қосып алыңыздар» деп әзілдеді. Сонымен қыздар жағы жігіттің әзіліне «келіңіз, отырыңыз» деп әзілмен жауап бердік. Ол рахметін айтып, сыртқа шығып кетті. Біз отырысымызды одан ары жалғасытырдық. Көп ұзамай әлгі екі жігіт кіріп келді де «Қыздар, сіздерді қимай қайтып келдік, бізді шақырған жігіттер басқа жақта екен, біз мекен-жайды шатастырып алыппыз. Бірақ сіздермен танысудың сәті түскен екен, рұқсат болса, дастархандас болайық» деді. Сонымен 5 қыздың ортасына екі жігіт келіп жайғасты. Бізбен тіл табысып, бірден әзілдесіп кеткен сымбатты жігіттің есімі Ержан, екіншісі салмақтылау жігіт Әсет екен. Осы кеште Ержан екеуміздің әңгімеміз, әзіліміз жарасып, бір-бірімізбен телефон нөмірін алмастық. Ол маған қарап: «Мына қыз маған тақылдап жауап бергенде не істерімді білмей қалдым, әй, осы пысық қызды жар етіп алмасам» деп отырғандарды ду күлдірді. Құдай аузына салды ма, Ержан екеуміз танысқанымызға 3 жыл толғанда отбасын құрдық. Бірақ осы үш жылдың ішінде Ержанға деген махаббатымнан жаным қатты күйзелді.
Алғашқы таныстықтан кейін Ержан екеуміз жиі-жиі кездесіп жүрдік. Жақынырақ таныса келіп, мен оның әйелінен ажырасқанын, араларында 3 жасар қыздарының бар екенін білдім. Ержан 21 жасында үйленген екен, әйелі де өзімен жасты. Студент кездерінде отбасын құрып, балалы болған. Бірақ Ержанның айтуынша, оның әйелі әрбір ұрыс-керістен кейін заттарын жинап, баласын алып төркініне кетіп қалады екен. Бірнеше рет әйелінен кешірім сұрап, ата-енесінің алдынан өтіп оны қайтарып алыпты. Ержан екеуміз танысқан сәт оның әйелі тағы да төркініне кетіп, бұл достарымен көңіл көтеріп жүрген кезіне дөп келіпті. Ержан маған осы жағдайды өзі айтып берді. Шындықтың бәрін біліп тұрсам да менің Ержанға деген сезімім күннен күнге арта берді. Оны көрмесем тұра алмаймын. Ол үшін жұмыстан да сұралып, барлық достарыммен де кездесуді қойып, үнемі жанында болғым келетін де тұратын. Сол кезде өзім Ержанды қатты сүйгенім соншалық, оның маған деген сезімінің қандай екеніне де аса назар аудармаппын. Әйтеуір ол менен өзіне назар аударғанымды, қамқорлық жасағанымды күтетін, мен оған барынша жылу сыйлауға тырыстым. Бірақ уақыт өте келе, мен оның өзімді сүймейтінін сезе бастадым. Өйткені менің жанымда отырған кезде әйелі телефон шалып қалса, дегбірі қашып, сыртқа қарай жүгіріп кетеді. Онымен тілдесіп келгеннен кейін біртүрлі менімен сөйлеспей, ұнжырғасы түсіп кетеді. Мен оның мұндай жағдайын түсініп, қатты қинамауға тырыстым. Бірде екеуміз әңгімелесіп отырып, ол маған: «Кеше аға, әпкелерім әйелімнің туыстарын қонаққа шақырыпты. Олар мені басқа қызға үйленіп алды деп әдейі әйелімді қызғандырып айтып барыпты, Арай бір қызарып, бір бозарыпты. Демек ол мені әлі жақсы көреді ғой» дегені. Сонда мен Ержанның үнемі әйелін ойлап жүретінін, оның қайтаруды мақсат етенінін түсіндім.
Мен Ержаннан махаббатыма жауап күткен емеспін, мен үшін оның жанымда жүргенінің өзі жаныма медеу болатын. Сөйтіп Ержанмен дос, сырлас болып бір жылды өткіздік, бірақ арамызда жақындық да жоқ емес, Бірде ол маған: «жаным, кешірші, саған рахмет, маған түсіністікпен қарадың, бірақ мен әйеліммен қайта қосылатын болдым, арамызда бала бар ғой» деген сөзді естігенде төбемнен мұздай су құйғандай сезімде болдым. Мен Ержан екеуміздің әйтеуір жолымыз екіге айырылатынын біліп жүрсем де, оның бұл сөзі жаныма қатты батты. Бірақ оның алдында мықты болуға тырысып, сыр білдірмей, бақыт тіледім де қала бердім. Бірақ өзіммен өзім қалғанда көзімнен жасым құрғамай, оны сағынып, көруге ынтығып жаным әбден күйзелді. Ешкіммен аралсқым келмей, тамаққа да зауқым болмай, әбден азып кеттім. Уақыт бәрін емдейді дейді ғой, бірақ менің күйзелісім ұзаққа созылды. Сонда ғана Ақұштап апамның «Қыздардың өзі сүюі соры ғана» деген сөзінің мәнін терең ұғындым.
Сонымен тағы бір жылдай уақыт зырлап өте шықты. Мен осы уақыт ішінде де ұмыта қоймадым. Көшеде келе жатсам, алдымнан кездесіп қалатындай көпшіліктің ішінен оны іздеймін, автобуста келе жатсам, ағылған көліктердің арасынан оның машинасын іздеймін. Бірақ оны қанша сағынсам да оның отбасымен бақытты екенін ойлап, мүмкін екінші баласы туған болар деп өзімді жұбатып, оны ойламауға тырысатынмын. Бірде Ержан екеуміздің ортақ досымыз мені өзінің үйлену тойына шақырды. Бірақ мен тойға барудан бас тарттым. Өйткені ол тойда Ержанды жұбайымен көруге менің дәтім шыдамас еді. Бірақ той иесі тойда Ержанның болмайтынын, біраздан бері араласпай кеткендерін айтып қиылған соң бардым. Шынында да Ержан ол тойға келмеді. Бірақ осы тойдан кейін бір күні ол маған телефон шалды. Мен Ержанмен арамыз алыстағаннан кейін нөмірімді ауыстырған едім. Ол менің нөмірімді тауып алыпты. Кездесейік деп өтінді. Мен онымен қанша кездескім келіп тұрса да, оны енді ұмыта бастағанда тағы да дертімнің асқынатынын ойлап кездесуден бас тарттым. Оның үстіне, жақын досым да, сіңілім де, «Айдана, Ержан саған келгісі келгенде келіп, кеткісі келгенде кете бере ме? Өзіңді ойласаңшы, жігітке басындырмашы өзіңді» деген сөзі де қатты әсер етті. Бірақ Ержан менің телефоныма хабарласудан жалықпады. Бірде жұмыстан шықсам, есіктің алдында күтіп тұр екен. Ақыры кездескен екенбіз, оның не айтатынын тыңдайын дедім.
Екеуміз оңаша жерге барып біраз отырдық. Ол маған отбасында бақытты бола алмағанын айтып, әйелімен ресми түрде ажырасуды ұйғарғанын айтты.
«Мен саған өтірік айтпаймын, мен әйелімді жақсы көрдім, екеуміз ерте үйлендік, баламыз да бар. Бірақ қалай тырыссақ та біздің мінезіміз жараспай-ақ қойды. Онікі өзінше дұрыс шығар. Бірақ менің шыдамым таусылды. Сені жолықтырғанан кейін мен әйел махаббатының соншалықты қымбат екенін түсіндім. Бұрын мен үшін өзімнің сүйгенім маңызды болатын, бірақ мен қателесіппін, біреуге сүйікті болу үлкен бақыт екен ғой. Әйеліміз екеуміздің арамыздың суып кеткенін түсіндім. Ол да, мен де ешқандай ұрыс-керіссіз ажырасайық деп шештік» деп ағынан жарылды.
«Аузы күйген үрлеп ішеді» демекші, мен Ержанның сөзіне сенсем де, бірден оның ырқына жүрмей, асығыс шешім қабылдамауға тырыстым. Өйткені Ержанның «жаным, кешірші, мен әйеліме қайта қосылатын болдым» деген сөзі әлі көкірегімде тұрған болатын. Екінші рет осындай сөз есту мен үшін өліммен тең болар еді. Сонымен Ержан екеуміз жарты жылдай аракідік кездесіп, сөйлесіп жүрдік. Мен бұл уақытта жаңа жұмысқа тұрып, жаңа достар тауып, өмірде махаббаттан басқа да маңызды дүниелер болатынына көзім жете бастаған. Ержан мені кездесуге шақырғанда кейде тіпті уақыт таба алмай қалған сәттерім де болды. Сол кезде Ержанның өзімді қызғанатынын сезе бастадым. Қыздармен бірге жалдап тұратын пәтерімізге қонаққа келіп, менің кімдермен араласатынымды білгісі келді. Кейде телефонымды көтермей қалсам, ренжіп, қызғанып, жұмыстан үнемі күтіп алатын болды. Өзім сонша сүйген жанның алдында бағамның өскеніне іштей қуандым. Ол маған үнемі сыйлықтар жасайтын. Ержанмен кездесіп жүргенде жұмыс барысымен тағы бір жігітпен таныстым. Ол жігітпен дос, әріптес ретінде сөйлесіп тұратынмын. Бірде ол мені киноға шақырды. Оның маған жазған хабарламасын, киноға шақырғанын оқып қойған Ержан маған білдірмей оған хабарласып, араларында біраз кикілжің де болған екен. Оны маған кейін Ержанның өзі айтып берді. Осы жағдайдан кейін Ержан маған үйлену туралы ұсыныс жасап, ата-анасына таныстырды, құдалық болатын күнді белгіледік. Міне, биыл Ержан екеуміздің отбасын құрғанымызға 5 жылдай болды, қазір үш баламыз бар. Ол өзінің тұңғыш қызымен де араласып тұрады. Осы 5 жылдың ішінде бір-бірімізге ренжіген кездер де, қызғаныш та болды. Әсіресе, мен Ержаннан көп күдіктенетінмін. Бірақ қазір мен күйеуімнің өзімді жақсы көретінін, сыйлайтынын білемін. Оның мінезі тіктеу болғанмен жаны нәзік. Сондықтан мен оған қанша ренжісем де, қатты ұрысқа жеткізбеуге тырысамын. Кейде Ержан: «Мен сенімен алғаш танысқан күні сені аламын деп едім ғой, сөзімде тұрдым. Сол күні достарымды іздеп өз жолыммен кете беруіме де болар еді. Бірақ сендер отырған үстелге қайта баруыма не себеп болғанын білмеймін, біреу арқамнан итеріп апарғандай. Сен менің тағдырымсың» деп әзілдеп отырады. Иә, екеумізді табыстырған тағдырыма ризамын!
Айдана,
Алматы