Кездейсоқ кездескен жезөкшенің жан сыры

Кездейсоқ кездескен жезөкшенің жан сыры

Қоғам - қатыгез. Сүрінгенді сүйейтін, жығылғанға жылы қабақ танытатындар қатары сирек. Тек қате басқанды күндеп, адасқанды аластауға әзір. Сөйте тұра қазіргі қоғам бұзылған деп бөсеміз. Ал сол қоғамның керегесін кімдер керетіндігіне мән бермейміз. Тек өзімізді идеал санап, өзгенің ішкі жай-күйіне үңіліп те көрмейміз. Өзге тұрмақ аялдамада жөнді киім кимеген жанды кездестірсек, бойымызды аулақ салып, жылдам кетуге тырысамыз. Ал жол торыған жезөкшені жолықтырғандағы жиіркенішіңіздің жайы бөлек. ...Ол анадан осылай туды ма?.. Жоқ. Ит тірлікке икемделіп, жан баққан нәзікжандылардың құпияға толы қилы тағдыры жаныңды түршіктіреді. Кездейсоқ кездескен жезөкшенің жан сыры саусақтарымды еріксіз пернетақтаға тартты. 

ОЙНАП ЖҮРІП, ОТ БАСТЫ

Бірнеше ай бұрын үй маңындағы дүкеннен темекі сұрап жалынып тұрған жас қыз­ды кездестірдім. Сатушы «онсыз да қарызың көп, қашан тө­лейсің, әлде қол шықпай жүр ме?», - деп бетін қайтарып жіберді. Жүзі төмен қараған күйі жас қыз «бүгін тапсам, беремін» деді қиылып. Қарызын ала алмай, ауызы күйген болса керек, сатуш­ы ақыры темекі берген жоқ. Әңгіме ауанынан, қыздың кейпінен «түнгі көбелек» екенін аңғару қиын емес. Артынан жалма­-жан шылым алып мен де шықтым. Бар ойым - тілдесу. Жол қиылысына жетіп қалған қыз­ды қуып жетіп, темекі ұсындым. Жүзін­де шарасыздық, әрі ашу бар қыз бажырая қарады. Ілтипатпен темекіні қайта нұс­қадым. Бір талын алды да, басын­ изеп жүре берді.

- Мынаны да ал.

Ол маған селқос қарап:

- Не үшін? - деді.

Айтарға сөз таппай:

- Уақытың болса, аз-кем әңгімелесейік, - дедім.

Шамасы ол да жалғыздықтан жалықса керек, не қарсылық, не келісім ишарасын таныт­пастан, қорапты алды да жүре берді. Артынан еріп, аллеядағы ол отырған орындыққа қатарласа жайғастым. Темекі­сін тұтатып, құшырлана демін ішіне тартты да, будақтаған көк түтінді маңғаздана шығарып, шылым ұсынды. Бас тарт­тым да, «студентсің бе?» дедім. үнсіз, шылымын сорып, сорып алды да:

- Болғанмын. ...Менен сізге не керек? - деді төбеден ұрғандай.

Мен өзімнің журналист екенімді айтып, біраз әңгіме-дүкен құруды өтіндім. Орнынан атып тұрып, «мені түсіріп тұр ма?» деді. Сабырға шақырып, онымен кездейсоқ кездескен­дігіме және газет тілшісі екен­дігіме сендірдім. Ол екіұдай оймен орындыққа отырды. Әңгіме былай өрбіді.

- Қалаға үш жыл бұрын кел­дім. Грант бұйырмаған соң, әке-шешем қатардан қалмасын деп осындағы бір оқу орнына түсірді (кейіпкердің айтуымен оқу ор­ны­ның аты көрсетілмеді). Ал­ғаш­қыда жатақханада жаттым. Қала­ға бой үйреткен соң, әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ, сайрандауға көштік. Содан жатақ­хана тәртіптеріне мойынсынбай бірнеше қыз пәтер жалдап тұр­дық. Күнде сыланып-сипа­нып, клубтан шықпайтын болдық. Сондай бір кеште Нұр­ланмен таныстым. Менен төрт жас үлкен жігіт біраз есті көрі­ніп, көңілім кетті. Оған мен де ұнасам керек, кездесіп жүрдік. Қай кезде де оның дегенінен шықпай, айт­қанын істеуге тырысатынмын. Ата-анамның «ауыл­ға қайт» дегені­н ескерместен, ананы-мынаны­ сылтау етіп, жаңа жылды­ Нұрланмен қарсы алдым. Үйде қыздардың жоқтығын пайда­ланып, екеуміз оңаша қалдық. Ол менен артық ешкімді сүймегендігін және сүймейтін­дігін айтып­, сұлу сөздерімен құшағына құлатты. Масайрап жатып, не бүлдіргенімді де байқамаппын. Таңертең құшағында ояндым. Өкінерімді не кімге өкпелерімді білмедім. Ал ол болса өткен түн­нің ерекше болғанын айтып, мені ешқашан тастамайтын­дығына иландырды. Кейін бұл қатынасқа етім де үйреніп кетті. Жігітімнің вахтадан келуін асыға күтетінмін. Бірнеше айдан соң аяғымның ауыр екендігін білдім. Сол сәтте сенген сүйіктім сырт айналды. «Сендей шөпжелкенің жүзін көргем. Әлдекімнен тап­қаныңды маған таңба» деп кете барды. Еңіреп артынан ергеніме қарамастан, тастап кетті. Кейін телефон номерін де ауыстырып, біржола жоғалды. Мен басыммен қайғы болып жүріп, оқуды да жайына қалдырдым. Құрбыларымның кеңесімен баланы алдыру­дан басқа амал таппадым. Әке-шешемнің оқуға деп берген қаржысын шімірік­пестен түсік жасатуға жараттым. Жұрт оқуын аяқтап елге қайт­қанда, анама «жаз бойы жұмыс жасап, ақша таба­мын» деп таныс қызбен қалада қалдым. Аңқау анам сеніп, ақылымнан айналды. Не керек, сыртым бүтін, ішім түтін болып жүріп, құрбымның қа­сына­ дү­кенге жұмысқа тұрдым. Жалақым аз, жұмысым көп. Жүргізу­ші ағайдың менде ойы барын бұрын да сезетінмін. Құр­бым­ның үйде жоқтығын пай­даланған­ ол, түн ортасында үйге жеткізіп салып, арам ойын жүзеге­ асырды. Еңіреп жатқан маған «несіне жылайсың, ақың­ды төлеймін» деп 5000 теңге тастап­ кетті. Кәсі­бім осылай бастал­ды. Шофер ағай менің тұрақты клиен­тіме айналды. Жеңіл ақша­ға дәнігіп алдым. Бұл әрекетімді Айман білген күні-ақ менен сырт айналды. Далада қалдым. Ұятты әлде­қашан жерлеген мені шофер «қамқоршым» бір жеңгетайдың қолына тапсырды. Мен оның үшінші қызы болдым. Клиенттерім көбейе түсті. Қыздардың ішінде жасы мен болғандықтан, бір түнде бірнеше адамды қабылдайтынмын. Мол қаржыдан ауылға да салып тұрдым. Анам байғұс: «Өзіңе жетсін. Бізді ойламай сабағыңа, денсаулығыңа қара», - дейді. Ал менде қайдағы оқу? Өзімді тап бір «түн хан­шайымындай» сезінетінді шығардым. Көкірегіме нан пісіп, жеңгетаймен тапқан пайдамды бөліскім келмей, жанжалдасып қалдым. Ол мендей жеңілтектің жетіп артылатындығын айтып, үйінен қуып шықты. Енді міне, өмірден қанша таяқ жесе де сабақ алмаған бейшара, әр жерде­ бас сауғалап жүрмін,- деп көзіне жас алды.

Өңменге тығылған өксік­тің нендей өкініштен үйіріл­генін білмей мен отырмын. Десе де пәк көңілді қыздың қала «түл­кісінің» тұзағына түсіп, тағдыры тәлкекке айналғандығына ая­нышпен қарадым. Біршама үнсіздіктен соң, «енді осылай жүре бермексің бе, ауылыңа қайтып­, жаңа өмір баста» дей бергенім сол еді, орнынан атып тұрып, «ақылың өзіңе, маған оңай дейсің бе» деді де асығыс жүріп кетті. Аузыма сөз түспей, тек ойымда Әлібек Шегебайдың:

Адаммын ғой, аңсаймын ауылымды,

Ата-анамды, туысқан, бауырымды.

Білмейді ғой, әттең-ай, олар бірақ

Менің мына сайтани «сауығымды», - деген өлең жолдары сайрап тұрды.

Әлі әл­сін-әлсін сол маңнан Әселді іздеймін. Кездестірме­дім. Мүмкін, тұрақты мекен жайы жоқ, көкек өмір кешіп жүрген талдырмаш қыз қайта тамұққа түскен болар...

 

ӘКЕСІ ОТЫР ТҮРМЕДЕ, ШЕШЕСІ ОНЫҢ ТҮН КЕЗБЕ

Бір танысым үш жастағы сүп-сүйкімді баланың күтушісі. Алайда оның қызметі өзгелерден өзгерек. Ол күндіз емес, баланың түн ұйқысының тыныштығын күзетеді. Ал анасының «қызметі» түнде қызады. «Жансу жетіс­кеннен жезөкше болып­ жүрген жоқ. Амалы құрыған әлсіз әйелдің бұл - лажсыз әрекеті», - дейді танысым.

Жансудың жеті жасында әкесі мен шешесі ажырасып, шынашақтай қыз әкесінің қолында қалады. Жалғыздыққа шыдамаған әкесі ішкілікке салынып, жоқшылықтың тауқыметін тартады. Оқуға да мұршасы келмеген бойжеткен 19 жасында тұр­мысқа шығуды жөн көріп, бір жігіттің етегінен ұстайды. Алайда қырсық бір айналдырса, шыр айналдырмай ма? Ә дегенде маңдай­ынан сипамаған тағдыр Жансуды тағы сынға салады. Күйеуі кездейсоқ төбелеске қатысып, 20 жыл бас бостан­дығынан айырылады. Қайын жұрты «қайғы сенімен қатар кел­ді» деп, келінді қуып шығады. Тағдырының бойжеткенге деген тосын сыйы мұнымен таусыл­маған екен. Далада қалғанда жүкті екенін біледі. Бір басына мың тауқымет артқан тағдырына налып, өз-өзіне қол жұмсамақ та болады. Бірақ құрсағындағы шарананың жанын қимай, сүйенер сүйеуінің жоқтығына қарамастан босануға белін бекем буады.

Жесір, үріп ауызға салғандай сұлу қызға көз сүзетіндер қатары көбейеді. Қаржыдан қысылған ол есті түрде харам жолмен табыс табуға кіріседі. Алайда көшеге шығып көрін­геннің балағына жармаспайды, арнайы шақырыстарға шығып жүреді. Бірнеше айға қажетті қаржыны жинап, босанып та алады. Сақтаған ақшасы сарқылғанда, кәнігі кәсі­біне қайта кіріседі.

Бүгінде Жансу ауқатты адамның «куыршағы». Жеке үймен қамтыған ол адамның да талабы бар. Тек өзіне ғана қызмет етуді шарт еткен. Алайда «ауру қалса да, әдет қалмайды» деген. Өзіне қанша серт берсе де, түнгі «кезекшілігіне» шығып кете береді. Бірақ ол ана екенін ешқашан ұмытқан емес. Баласы дегенде бәріне даяр. Әу баста-ақ баласы үшін тірі өлікке айналып күн кеше­рін білген. Өзі ішер ас, киер киімге жарымағандықтан, ба­лас­ын барынша қамтуға тыры­са­ды. Қамтамасыз етіп те жүр. Тек ертеңгі күні ананың амал­сы­з жасаған құрбандығын бала­қай түсінер ме екен? Әй, бірақ...

 

ТҮЙІН.

«Жасырайын несіне жан жарасын,

Аздап рас, басында арланасың.

Етің өліп кеткен соң, ит тірлікке

Икемделіп, ас ішіп, жан баға­сың».  («Жезөкше мұңы»)


Ж.ҚҰРБАН 

  • Психолог пайымы 

Раушан БАЗАРБАЙ, психолог-психоталдаушы: 

ПРОТЕСТТЕН АРЫЛУҒА БОЛАДЫ

Жыныстық сезімталдық - табиғи қасиет. Ол жыныстық қатынаста болмаған әлі пәк қыздарда да болады, яғни өз-өзін мастурбациялық түрмен қанағаттандыру. Ол үшін бұл әрекетті айыптаудың қажеті жоқ. Ол - табиғи қажеттілік.

Бұл мәселені бір жақты қарауға болмайды, өйткені оның әртүрлі себептері болады. Мысалы, өзін-өзі тыя алады деген әйел адам, мүмкін сексуалдық түрде жетілмеген, немесе шошынған болуы мүмкін, немесе тағы сан алуан себептерге байланысты сексуалдық қажеттілігін біл­діртпей, тұншықтырып жүрген болар. Жалпы, сексуалдық қажеттілікті ұятсыздық деп қарауға мүлдем болмайды, солай қарағанның салдарынан­ әйелдер түрлі сырқаттарға тап болуы да ықтимал.

Егер де мәселе төңірегі жезөкшелікте болса, онда оның себептері мен салдары тіптен басқа. Қаражат тапшылығы, сана төмендігі, ішкі комплекстерден арылу амалы деп қарастыру керек.

Көбіне жезөкшелер сексті мүлдем ұнатпайды да. Тек сұраныс бар болған соң, қаражат қажеттігіне ұласып, тұтынушыны қанағаттандыру амалдарын ғана жасайды. Өзіндік ләззат алу туралы мұнда сөз қозғаудың да қажеті шамалы.

Нәсіпқұмарлыққа әкелетін себептердің бірі - психологиялық «протест» - «Қарсылық». Яғни өзінің өміріндегі белгілі бір жағдайларға қарсылық ретінде, мысалға ата-анасына қарсылық, немесе алғашқы сүйіктісіне ерегісу, немесе қоғамдағы өзіне деген көзқарасына қарсы тұру әрекеті. Бұл, әрине, психологиялық әлсіздікке жатады. Мұндай протесттерді психологтың көмегімен шешуге болады.

Жалпы, сексуалдық қажеттіліктерге өзіне тыйымдар салу, ол тек сексуалдық тұрғыда сауаттылық болғанда ғана құпталады. Яғни сауаттылық деп бұл жағдайда жыныстық серіктесті дұрыс таңдауында, кез келген адаммен емес белгілі бір талаптарға сай келетін, қалауы оянатын­ жағдайда ғана дұрыс деп қабылдауға болады. Ал жезөкшелікке ұрыну ол тек қаражат мәселесін шешу, басқа амалы жоқ деп сезіну, яғни бұл өзін-өзі төмен санау комплекстерінен пайда болады. Өзін бағаламаудан­ қалыптасады. Ол психологиялық дерт, емдеуге болады. Ең бастысы­, жан дүниесін билеген комплекстерден арылту. Сонда ғана адам өзіне басқа көзбен қарап, сексуалдық қажеттілігін өзіне қажетті мөлшерде және ләззат алатындай етіп қанағаттандыра алады. Екеуара ләззат болмаған жағдайда сексуалдық қажеттілігін қанағаттандыру мүмкін болмайды.

halyk-gazeti.kz

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста