Келіннің пәктігіне де төсекті салған жеңге кепілдік береді
Алғашқы неке түнінің қарымтасын қайтару күйеу жігітке қиынырақ болады екен...
«Төре жігіт, өзің бүгін сұлуланып кеткенсің бе? Төсегің жылып, құшағың толайын деп тұр ғой, бәлем!» деп Назгүл жеңгем қайнысына тиісе бастады. Ағамның қызарып кеткені соншалық, басы салбыраған күйі сыртқа лап берді.
Төргі бөлмеден келе жатқан анам жеңгемнің қалжыңына күле қарап «Қайның саған қомақты сый дайындап отырған шығар» деп бір көзін қысты. Әңгіменің байыбына бара алмай тұрған менің сұраулы жүзіме мән беріп жатқан ешкім жоқ. Ал ақ босағамыздан кеше ғана аттаған ақ жеңгемнің соңынан үйдің еркелері қалар емес. Жас жұбайларға оңаша қалуға мұрша беретін олар жоқ. Тойға келген қонақтардың аяғы басылған кезде түн де қоюлана бастаған еді.
Назгүл жеңгем кіші ағама дайындалған бөлмеге кіріп кетіп, ұзақ бөгелді. Мен де бір құпияға қаныққым келгендей жеңгемнің ізінен қалмаймын. Қолым жұмыста болса да, анам мен жеңгем жаққа құлағымды түріп жүрмін. Бір кезде жеңгемнің «Ақдидар келінжан, келе ғой. Төре жігіт сен де кел» деп екеуін бөлмеге шақырып алды. Күбір-күбір әңгіме. Сөздері анық естілмейді. Бір білетінім, тек жеңгем сөйлеуде. Жарты сағаттай өткен соң қулана басып жеңгем бөлмеден шықты да, есікті сыртынан жапты. Менімен қоса, кішкентайлардың бәрін ауладағы кіші үйге ертіп кетті.
Дастархан басында әкем, анам және үлкен ағам отыр. Жеңгем ыстық шәй демдеп келді де, жүктелген міндетті ойдағыдай атқарғандай жайланып отырып шәй іше бастады. Сол кезде ағам жеңгемнің бүйірінен түртіп «Қалтаң толайын деп тұр ма, әлде саусағыңа алтын тағыла ма? Қайныңның жомарттығын сынайық» деп күлді. Мұны әкем жақтырмаған сыңай танытып, ағамға ертеңгі жасайтын шаруаларды тапсырды.
Ал анам мен жеңгем өздерінше мәз. Үлкендер шәй ішіп болған соң дастархан жинауды бастадық. Сол арада жеңгем маған жалт қарап «ыдыстарды жуа тұршы, мен қазір» деп шығып кетті. Не болып жатқанын ойлап та үлгергем жоқ, жеңгем сау етіп келе қалды. Істі өзі алып, ыңылдап әндетуге көшті. Көкейімді жаулап, білуге деген құмарлығымды оятып жатқан сұрақтарыма жеңгем сыбырлап отырып жауап берді.
Жеңгемнің айтуына қарағанда алғашқы неке түнінен соң жақсы сыйлық алады екен. Соны біле алмай өзінше мәз болып жүрген көрінеді.
— Еркежан, сен де жас емессің. Ұзағымен 2-3 жылда өзге босағаға келін болып барасың. Ұлы сөзде ұят жоқ. Білгенің өзіңе жақсы. Білмегенің маған сын. Жігіт ержетіп үйленеді, қыз бойжетіп тұрмысқа шығады. Сонда жаңадан үйленгендердің алдында асу бермес үлкен сынақ бар. Ол – алғашқы неке түні. Бұл түн жас жұбайлардың алдағы өмірін мәнді, сәнді ететін, біріне бірін жіпсіз байлайтын, ұрпағын жалғастыратын қасиетті түн. Алғашқы неке түнінде жастарға алаңсыз жатуына жайлы етіп кең төсек салады. Сосын жастарды бөлмеге кіргізіп, оңашада алғашқы неке түнінің маңыздылығын, төсек ләззатының жөн-жосығын түсіндіреді. Бұл жауапты міндетті жігіттің жеңгесі атқарады. Қайнысы мен келініне әзіл-қалжыңын араластырып, өз білгендерін айтады. Тым ерсі қылыққа бармау керектігін, ашуға бой алдырып, өрескел әрекет етуге болмайтынын түсіндіреді. Тәтті түннің сәтті өтуіне тілектестігін білдіріп, жастарды оңаша қалдырады. Жастарға төсек салғаны үшін енесінен сый алады. Ертеңіне келіннің пәктігіне де төсекті салған жеңге кепілдік береді. Жас келіннің ақ, пәк болғанын үлкендерге сүйіншілеп жеткізеді. Мұны естіген қайыната да сүйінші сұраған қолды сыйсыз қайтармайды. Бір баласының екеу болғанына, қосағымен бірге қарайып, бірге ағаруына, жас келіннің адал болып келгеніне қуанып бата жасап, сүйінші береді.
Алғашқы түннің көңілді, жайлы өткеніне қуанған жас күйеу де жеңгесін сыйсыз қалдырмайды. Тап осы кезде қайнысының жеңгесіне деген сыйластығы, құрметі, жомарттығы байқалады. Ерні жібіп, құшағы жылыған жас күйеудің ұсынған сыйын қазақ халқы жолдық деп білген, деді Назгүл жеңгем.
Міне, «жолдық» деген дәстүріміз осы екен, ағайын! Жастарға төсек салатын жеңге де салмақты оймен таңдалатын көрінеді. Бұл ауыр да жауапты жұмыс көргені мен түйгені мол, оқығаны мен тоқығаны бар, отбасының ырысын арттырып, ошағының түтінін түзу шығарып отырған, бесік тербетіп, бала тәрбиелеп, үлкендерге құрмет, кішіге ізет жасай алатын кең пейілді, ақ жүректі, адал келінге жүктеледі екен.
Жазып алған - Л.АХМЕТОВА,
ERNUR.KZ