Кедей кезімді аңсаймын...
Газеттегі «Отбасы –ошақ қасы» айдары бүгінде оқырманның ішкі қоясын ақтаратын сырласу алаңына айналғаны анық. Әрі ең оқылымды айдарлардың бірі де. Әр мақаланы оқи отырып, мен де сырымды ортаға салып, ой бөліссем деген ниетпен қолыма қалам алдым. Біреу түсінер, біреу түсінбес... Бірақ бұл менің өмір шындығым...
Жолдасым екеуміз бір-бірімізді ұнатып, сүйіп қосылдық. Ол бір алаңсыз шақтар болатын. Бүгінгі қыздардай жігіттің үйіне, көлігіне қызығып, соны есепке алып үйлену деген ойымызға кіріп те шықпапты. Жігітімнің жөні түзу көйлегі де болмайтын. Кездесуге өңі қашқан көйлек, қыртыс-тыртыс шалбар киіп келетініне де мән бермеппін. Мерекелерге сыйлықсыз, бір шоқ гүл ғана сыйлайтынына да аса көңіл бөлмейтінмін. Есесіне арамызда шынайы сезім, ынтықтық бар-тын. Келін болып түскенімде де ата-енемнің үйінде қонаққа төсейтін жөні түзу көрпеше де болмайтын. Жиһаз атаулыдан түк жоқ, тіпті жөндемді тамақ та болмай қалатын кейде. Ол бір еліміз енді егемендік алып, етек жеңін жинай қоймаған кез болатын. Жұмыс жоқ, ақша да аз, елдің бәрі қиналып жатқан аса бір ауыр кезеңдер-тін. Әке-шешемнің үйінде бар тәтті-дәмді аузымда болған соң, мына жақта сары май, шұжық жегім келіп аңсарым ауып, жылап та алатынмын. Әжемнің «дымы жоқ, түгі жоқ тақыр кедейге барыпты қызың» деп әкеме ұрысқаны да көңіліме көлеңке түсіре қойған жоқ. Күйеуімнің маған деген ыстық ықыласы бәрін ұмыттырып жіберетін. Енемнің бұрқылдап ұрысқаны да, шеке басы тырысып жақтырмай жүретінін де аса елең қылмайтынмын. Тұңғышыма аяғым ауырлаған соң бізді бөлек шығарып жіберді.
Отбасылық кеңесте енем осылай шешті. Еншімізді де берген жоқ, тек артымнан келген көрпе төсегімді алдық да пәтер жалдап тұра бастадық. Жолдасымның шеге қаға алмайтын жалқау екенін осы кезде білдім. Ақша жоқ, жұмыс та істегісі келмейді. Төркінімнің шағын дүкені болатын. Сонда барып, нан, сары май, үйге керекті азық-түлікті тасып жүрдім. Ішімді шермитіп баруға ұялсам да амалым жоқ-тын. Әбден қиналдық. Тұңғышымды босанып алған соң жағдайымыз тіптен қиындап кетті. Күнімізді көре алмай кеткен соң төркініме барып тұра тұрғаннан басқа амал қалмады. Осы екі аралықта жолдасым жұмыс тауып, біраз қиындықтан құтылғандай болдық. Бірде бар, бірде жоқ болып йтеуір тұрып жаттық. Жағдайымызды байқаған әкем біраз малын сатып, бізге үй алып берді. Сондағы қуанғанымыз-ай. Пәтерден пәтерге көшіп қонып, көшпендінің күйін кешіп жүрген бізге екі бөлмелі времянканың өзі хан сарайындай көрінген алғашында. Балам жүре бастағанда жұмысқа шығып кеттім, күйеуім де біраз ақшаның басын құрап, Қытайдан тауар таси бастады. Көзін тауып, бірін бірге қосып әйтеуір жағдайымыз түзеле бастады. «Қыбырлаған қыр асады» деген рас, қарап отырмай сауда саттық жасап, қалталылардың қатарына қосылдық. Үлкен үй салып алдық. Ақша көбейген сайын адамның араны да соған сай ашыла береді білем. Оның үстіне бұрын нан таппай отырғанда үйімізге бір адам бас сұқпайтын, енді үйімізден қонақ үзілмейтін болды. Күйеуімнің айналасына да қалтасы қаржыға толы бай-бағлан дос жарандар көбейе бастады. Араласатын ортамыз да тек осындай адамдардан құралды. Қаланың орталығынан үлкен дүкен аштық. Оған қанағат қылмай қаланың әр тарабынан бірнешеуін тағы аштық. Мен мектептегі жұмысымнан шығып, дүкендердегі ақшаларды жинаумен ғана айналыса бастадым. Жолдасымның міндеті шетелден тауарды өзі тасиды.
Бұрын бір екі қаппен әкелетін болса енді вагондап, котейнерлеп таситын болған. Қалтасы тоқтармен араласқан соң да «көзіміз ашыла» бастады. Қонаққа барамыз, қонақ шақырамыз. Әлгілердің үйіне барғанда тіптен ұялып кетем. Жалтырап жатқан еденді басуға қорқақтап, қай қолға шанышқы қай қолға пышақ ұстауды білмей тіптен сасқан күндерім де болған. Жүре берсең көре бересің бәрін де үйренеді екенсің. Ақша түскен сайын адамның ұйқысы қашады білем, жалқау күйеуім бүгінде енжарлықтан арылған, ақшаға ақша қосып ұйқыны ұмытқан десе де болады. Арада өткен аз жылда біраз қорланып та үлгердік. Күйеуім екеуміз ақылдаса келе қаладағы элиталы ауданнан учаске алып, зәулім екі қабатты үй тұрғыздық. Іші сыртын толтырып, дос жарлардың алдында ұялмайтындай дәрежеге жеттік. Жолдасым да соңғы маркалы көлік алып, сырт қараған адам «не арманы бар екен» дейтіндей. Ағам «үйің үлкейген сайын проблемаң да үлкейе береді» деп айтқан еді, рас екен. Жолдасым үйді тонап кетпей ме, қарақшылар кеп қалмай ма деп түн баласы көз ілмейтін болды.
Орталықтандырылған дабыл жүйесіне қосылғанымыз да, есік алдындағы күзет те қорқынышқа қорған бола алмайды екен. Енді тіптен дүние қуып кеттік десе де болады. Баяғы бір үзім нанға зар болып қиналғанымыз да, пәтерақыны төлей алмай қарыз алып зыр жүгіргеніміз де ұмыт болған. Ендігі бар қайғымыз ақшамызды қалай сақтау, мына дүниені жоғалтып алмай ие болып отыру ғана болып қалғандай. Сауда жүрмей кейде сейфке әкеп салатын ақша аздау болып қалса жолдасымның қабағынан қар жауып кететін болды. Достары қайда барып демалды биыл, қай жерден пәтер алды, әйеліне не әперді соның бәрін бағып жүретін. Олардың әйелдеріне әперген бриллиантты да, құндыз ішікті де әперіп үлде мен бүлдеге орап қойған мені. Кейде осыны мені қатты жақсы көргеннен емес, солардан қалып кетпейік деп істеп жүрген жоқ па деген күдікті ойлар да келеді. Бар уайымым ақшаны қалай табамын емес, оны қайда жаратсам екеннің айналасында. Жылдың кез келген уақытында қалаған шетелге барып демалып қайтамыз. Сосын елге келген соң дос-жаранды жиып шәй беруің керек. Олардың салты сондай. Не алып, не ішіп жегеніңді, қалай демалғаныңды айтып мақтану үшін. Әйелдер жағы бірін-бірі аңдып, не киіп келіпті, тамақты қалай жеп отыр бәрі де аңдулы. Арқа-жарқа әңгіме айтып, армансыз ақтарылу жоқ. Әр сөзің аңдулы. Байқап басып, байқап сөйлеп, алдыңдағы тағамды да есеппен ішіп жеуің керек. Ертең сөз болады. Тұратын жерімізде де ылғи екі қабатты, үш қабатты зәулім үйлер. Биік қорғандарынан құс ұшып өте алмастай. Көрші қолаң болып араласып құраласу деген жоқ. Тіпті қай үйде кім тұратынын да білу мүмкін емес. Қап-қара тұмшаланған көлікпен келіп кіріп кетеді. Оның ішінде кім барын аңдай да алмайсың. Әр үйдің алдында үйшік салынған. Иттікі емес. Қарауылдікі. Жолап кетсең ит қосып қуалаудан тайынбайды. Айнала бейнебақылау. Өз көлеңкесіне өзі қорқып жүрген бір адам. Жаңадан қоныс аударған жылдары ерулікке шақыратын шығар деп жүрмін ғой. Қайдағы, өздерін шақырсаң да келмейді. Ақыры болмаған соң танысайық деп үй үйді аралап шәйға шақырғам, қарауылханадан ары аса алмадым. Барып көрші екеніңді айтасың, сосын келген бұйымтайыңды айтасың, күзетші жеткізеді. Қожайынының жоқ деген сөзін жеткізіп келеді. Тұрғанымызға 10 жылдан асса да екі жағымдағы көршілерімнің бет жүзін анықтап бір көрген емеспін.
Осындайда кедей кезімді аңсап кетемін. Қайғысыз-мұңсыз, қара нан мен қара су ішсек те, өзімізді бақытты сезінетін кездерімді сағынышпен еске аламын. Әрине, байлық бақыттың кепілдігі емес. Ақшасы мол болғанымен қайғысы одан да көп таныстарым бар. «Бедный кварталдағы» біреуден кейін, біреуден ілгері тұрып жатқан таныстарымның аңқылдап кеп амандасқаны, қолына бірдеңе түссе көршілерімен бөлісіп жеу үшін үйіне тамаққа шақырып мәре сәре болатын кездер-ай. Айт күндері үйме үй кіріп айттайтынымыз да, арқа жарқа әңгіме айтып, шәй ішетініміз де бүгінде көрген түстей. Бірін бірі аңдымай, артық айтса қамқорлығым деп ұқ дегенді қабағымен білдіретін қайран көршілерім-ай. Бұл жақта аптасына иіс шығарып, жеті шелпек тарату деген де жоқ. Егер үйіне алып барсаң бетіңе лақтырардай тура. Есігін қағуға қорқасың... Түн баласы ұйқы көрмей, таң азанға дейін көз ілмей жүр күйеуім. Есігінде де, тесігінде де құлып, айнала бейнебақылау, одан қалса есігінің алдына қарауылы қоса бар ауданымызды ұрылар торуылдап жүрген көрінеді. Күні кеше байлығы асып тасыған екі үйді үптеп кетіпті. Органда істейтін таныстары айтыпты күйеуімнің «абай болыңыздар» деп. Құлпыңды да, қарауылыңды да көзге ілмейтін әккі ұрылар көрінеді. Содан бері ұйқы да жоқ, маза да жоқ. Қайран менің қамсыз, алаңсыз күндерім ...
ЖАННҰР, Жаңатас