Кәрі қыздың махаббат хикаясы
Жасым 30-дан асып кетсе де әлі тұрмысқа шықпадым. Алайда өзімді кәрі қыздардың қатарына жатқызғым келмейді. Осы уақытқа дейін бірнеше жігітпен жүрдім, бірақ, шынымды айтсам, мен ұнатқан жігіттер маған қарамайды, өзімді ұнатқандар менің көңілімнен шықпайды. Бүгін «Алаш айнасының» оқырмандарына басымнан өткен махаббат хикаяларын айтып бергім келеді. Мүмкін оқырмандар арасынан маған пайдалы кеңес айтатындары табылып қалар.
 
Біздің халқымыздың менталитеті, таным түсінігі бойынша қыз баланың неғұрлым ертерек тұрмысқа шыққаны дұрыс деп жатады ғой. Бірақ меніше, қазіргі заман басқа, адамдар да өзгеше ойлайды. Өйткені мені ата-анам «қыз бала жат жұрттық, ертең басқа үйдің босағасын аттайсың, инабатты келін бол» деп тәрбиелеген жоқ. Менің тұрмысқа шықпай қалғаныма ата-анам кінәлі деп отырған жоқпын. Дегенмен мен үйдің үлкені болғасын ба, олар маған үнемі «оқуыңды жақсы оқы, сен жоғары оқу орнына өз күшіңмен түсуің керек, мықты маман бол» деп тәрбиеледі. Мен ата-анамның үмітін ақтау үшін сабағымды жақсы оқуға тырыстым, өз сыныбымның ғана емес, мектептің үздігі болдым. Үнемі көшбасшы болып жүретіндіктен бойымда тәкәппарлық, ермінезділік басым болатын. Осы мінезімнен де мен ер балаларға ұнай бермейтінмін. Ал өзім сабағын нашар оқитын, үндемей жүретін қыздарды жек көретінмін. Бірақ сол бұрын өзім жек көрген қыздардың барлығы тұрмысқа шықты, балаларының алды мектеп оқушылары.
 
Мен 9 сынып оқып жүргенімде біздің мектепке жаңадан келген бір балаға ғашық болдым. Сол кезде оған ғашық болмаған қыз жоқ шығар. Сабақты жақсы оқитын, өзі сүйкімді бала болатын. Есімі Азамат еді. Азаматпен кездесіп қалсам, іштей дегбірім қашып, мазам кетіп, өзімді ыңғайсыз сезінетінмін. Ешқашан ешкімнің алдында қыз болып майысып, қылық көрсеткен емеспін. Көбіне ер балалармен жақсы дос болып кететінмін. Бұл жолы Азаматпен сөйлеспек түгілі маңайламадым. Менің қу сыныптастарым менің осы баланы ұнатып қалғанымды сезіп үнемі келеке ететін. Бірде Азаматпен мектепаралық дебатта қарсылас болдым. Сонда мен оны іштей ұнатып тұрсам да, оның пікірмен келіспейтінімді ашық білдіріп, оны ұнатпайтын сыңай танытуға тырыстым. Бірақ көп ұзамай Азамат екеуміз жақсы дос болып кеттік. Ол мені дос ретінде ғана қабылдайтынын түсіндім, тіпті ол маған өзі ұнататын қыздар туралы айта беретін.
 
Жалпы неге екенін білмеймін маған ұнайтын жігіттер мені тек дос ретінде жақсы көреді, сыйлайды. Университетте оқып жүргенде де қыздардан гөрі жігіттермен жақсы дос болдым, сыныптас ұлдармен де әлі араласып тұрамын.
 
Қазір өзім банк саласында жұмыс істеймін. Банктегі қазіргі басшылық қызметіме өз күшіммен жеткенімді мақтанышпен айта аламын. Өйткені университетте алған білімім бойынша еліміздің ірі банктерінің бірі ұйымдастырған байқаудан бірінші орынды жеңіп алып, оп-оңай банк қызметкері болып шыға келдім. Басқа курстастарым жұмыс іздеп сабылып жүргенде мен банк бөлімшесінің бастығы дәрежесіне көтерілдім. Бір жыл жұмыс істеп, баспаналы да болдым. Өйткені мен пәтер жалдап тұрғанша неде болса несие алып үй алуға шешім қабылдадым. Мінезімнің батылдығы, тәуекелшілдігім маған жақсы карьера жасауға, материалдық жағдайымды жақсартуға септігін тигізді, бірақ отбасын құруыма сәл кедергі болған тәрізді. Бүгінде жұмысым да, көлігім де, үйім де бар, бірақ отбасым жоқ.
 
Мен кейде ойлаймын, ешкімді құлай сүйе алмайтын сияқтымын. Мұндай бақыт адамдардың бәріне бірдей бұйыра бермеген ғой. Өзімді біреудің үйіне барып келін болып, күйеуім мен қайын жұртымның алдында қызмет ететінімді де көзіме елестете алар емеспін. Әбден өзім би, өзім қожа болып үйреніп қалдым ғой. Оның үстіне мінезім де оңай емес.
 
Қазір мені көрген туған туыстарым да, достарым да мені жігіттермен таныстырғысы келіп әлек болып жатады. Бірақ шынымды айтсам, айналамағылардың мені өтпей қалған тауардай жарнамалап, біреуге тықпалағандарынан шаршадым.
 
Кейбір үйі бар, жағдайы жақсы қыз-келіншектер жігіттерді үйлеріне кіргізіп алып, күйеу қылып жүр ғой. Бірақ мен ондай есеппен үйленетін еркектерді түсінбеймін. Несін жасырайын ондай жігіттер болды. Танысқаннан кейін біраз күн гүл әкеп, мейрамханаға шақырып жүреді де, біраз уақыттан кейін біресе карточкамды қалдырып кетіппін, біресе жалақымды кешіктіріп жатыр деген сияқты қырық сылтау айтып қыздың есебінен қыдырғысы келеді. Одан қалса, қарыз сұрайтынын қайтесің. Ал осындай жауапсыз жігіттерге қалай сенесің?..
 
Ең соңғы рет өзіммен банкте бірге жұмыс істейтін Ролан атты жігітпен жүрдім. Екеуміздің мінезіміз ұқсайды, әңгімеміз де жарасатын. Өзі біреудің жалғыз баласы. Екеуміз бір жылдай кездесіп жүрдік, бірақ мінезіміз ұқсас болғандықтан ба, ренжісіп қалсақ, бір-бірімізге дес бермей кететін кездеріз болды. Бірде мен оның менімен қатар тағы бір қызбен кездесіп жүргенін біліп қойдым да, оған ештеңе айтпастан үзілді-кесілді онымен сөйлеспеуге шешім қабылдадым. Мүмкін менің орнымда басқа қыз болса, бақыты үшін күресер ме еді?..
 
Жақында өзім жақсы араласатын екі құрбыммен кездесіп, біраз әңгімелесіп қалдық. Олардың екеуі де тұрмыс құрған. Біреуінің екі баласы, екіншісінің үш баласы бар. Олардың әңгімесін тыңдап отырсам, біреуінің енесі қиын, екіншісінің күйеуі табыс таппағанымен қоймай ішімдікке жақын көрінеді. Бірақ олар өздерін бақытты санайды. Әйел байғұс отбасылық өмірде бақытсыз болса да, өзін-өзі алдап өмір сүретін секілді. Ал мен олай өмәр сүре алмаймын.
 
Менің, ойымша Кореядағыдай жігіттер мен қыздар білім алып, жұмыс істеп, материалдық жағдайларын түзеп алғаннан кейін жастары отыздан асқанда отбасын құрғаны дұрыс. Ол жақта отыздан асқан қыздарды ешкім отырып қалған кәрі қыз демейді. Бүгін көзсіз ғашық болып, ертең үйленіп, көп ұзамай ажырасып жатқан жастардың көбі бір-біріне рухани, материалдық жағынан тең болмағандықтан бірге тұра алмайды ғой деп ойлаймын. Мүмкін менікі дұрыс емес шығар, қалай ойлайсыздар, жоқ әлде «жаным» деген жігіттің етегінен ұстап кете бергенім дұрыс па?
 
 
 
Автор: Меруерт, Алматы