Еркекте ғой ес жоқ, көрші әйелдің қылығын түсіне алмадым...
«Көрші ақысы-Тәңір ақысы» демеуші ме еді қазақ. Сондықтан Алматыда көшіп-қонып жүрген 15 жыл ішінде ешбір көршіммен жүз шайысып, әй демесіппіз. Бірақ былтыр қала сыртынан жер алып, үй салып, нағыз көршіммен тату-тәтті араласу сәті туғанда жолым болмай қалды...
Әңгіме былай болған еді. Үй салысуға ауылдан 50-ден асқан қайынағам келді. Келе салып көрші үйдің әйелімен (жасы өзімен қатарлас) әмпей-жәмпей боп кетті. Басында оған назар аударғаным жоқ. Оған шама да жоқ. Айнала шаң-тозаң, топырақ, құрылыс заттары. Әр мезгіл үстел басына келіп отыра қалатын құрылысшылар тағы бар. Тамақ тоқ болмаса жұмыс жүрмесі белгілі. Бас аспаз өзіммін...
Менің назарымды бұрған нәрсе - қайынағама жиі кеп түсетін телефон қоңырауы. - Иә, иә, - дейді де көрші жаққа зытып жөнеледі. Қолына бала ұстаған көрші әйелін сырттан көргенім болмаса, жақын танысқан емеспін. Содан қайынағамның әңгімесінен ол туралы біле бастадық. Сөйтсе күйеуі командировкада екен. Ал үйде құдық жоқ. Сондықтан ол қайынағама қолғабыс етуін өтініпті. Содан күнде таңертең көрші үйге қайынағам су тасиды. Бірақ оның өтініші күннен күнге көбейіп, телефонға маза болмайтын күйге жетті. Ақыл тоқтатпаған жас қыздар жабысып, ер балаға қоймай телефон соға беретіні сияқты. Ақыры телефон шырылдап жатса «Подружка ма» деп бәріміз біле қоятын болдық...
Бір күні террорист (солай атап кеттім, өзіндік себебі бар) қайнағам ана көрші әйелді қонаққа шақыр, сенің атыңды атап, үнемі мақтап отырады демесі бар ма? Мен таң қалдым. Біріншіден, білісіп-көріспеген адамын ол қалай мақтайды, екіншіден, қайдағы қонақ? Ортасына түсіп жайрап жатқан түріміз мынау. Үй әлі салынып бітпеген. Төбесін жапқанбыз енді. Бірақ қонақ шақыратындай жайға әлі жеткеніміз жоқ. Үшіншіден, ол баяғыдан осы арада тұрады, жаңадан үй салып жатқан менмін. Қазақтың жөн-жоралғысы бойынша негізі қонақ деп емешегі үзіліп тұрса, ол мені бірінші шақыруы керек емес пе?.. Қойшы, әлгі сөзге әбден нервім ауырды.
Масқара жағдай (мен үшін солай болды) ұлымды сүндетке отырғызғанда болды. Ұлым енемнің қолында ауылда еді. Үйлі болып алыңдар, содан кейін балаларыңды қолдарына аласыңдар деген. Ол кісі де үй сап жатқаннан кейін Алматыға баламды алып келді. Балам бестен асқан. Апасымен қайтып кетсе, онда ұлымды ауылда дәрігерге сүндеттейді. Ал мен оның қиналғанын қаламадым, лазерьмен ауыртпай осы арада сүндеттеткен дұрыс деп шештік. Сөйтіп бір бөлмені толықтай бітіріп, есігін салып, сол араға молда шақырттық. Келген молда асығыс екенін айтып, күйеуіме қала ішіне апарып тастауды сұрады.
Осы кезде әлгі көрші әйелдің қызы келді. Кішкене бала сол қызынікі екен. Есік алдындағы күйеуіме көлігімен жол бойында күтіп тұрған бір туысқанын алып келуін сұрап жатыр. Алайда күйеуім «баламды сүндетке отырғызып жатырмын, қазір молда шығып қалады, оны қалаға апарып тастауым керек еді» деп жөнін айтты. Сөйтсе көршінің қызы жер текпілеп, ренжіп, «Сонда әпкемді кім әкеледі» деп дүрсе қоя берді. Күйеуім ерінбей жаңа айтқанын тағы қайталағалы жатыр екен, есік ішінде тұрған мен сол кезде шықтым да күйеуімнің жеңінен тартып, ішке кіргізіп алдым. Терезеден қарасам әлгі қыз әлі тұр. Соған қарағанда бәрібір көндірем деп тұрған секілді. Бірақ менің жаңағы қылығымнан тайсалды ғой деймін, 2-3 минуттан соң өз жөнімен кетті. «Қоянның түгіне қарап түңіл» деп айтушы еді апам. Бұл қыздың осы қылғаны маған еш ұнамады (бір көргеннен көрші екенімізді міндетсіп, жер тепкілегені).
Бірер сағаттан соң сау етіп, көрші қыз бен әйел үйге кіріп келді. «Балаларыңызды сүндеттеп жатыр екенсіздер, құтты болсын» дейді. Енем сасып қалды да дастарқан жайды. Самбырлап тез-тез сөйлейтін көрші әйелдің сөзінен ұққаным оның күйеуі үлкен ауыр жүк көлігін жүргізеді, онымен Қытайға, Ресейге, Укаринаға тауар тасуға жиі қатынап тұрады екен.
«Аяғым сырқырап ауырады, қызымның баласын үйде қарап отырмын, ал бұл бөтеннің баласын қарап ақша табады, бауырыңызға рахмет, маған қарайласып тұрады» деп қояды енеме ол. Іштей ойланып мен отырмын: «Мынау сонда қайнағаммен жүріс жасап жүр, біз оны білмейтін ақымақ деп санайды немесе білсе біле берсін, менде не шатағы бар деп ойлайтын өзі ақымақ-бетпақ қатын».
Екіжүзділік алдында кірпішешенше жиырыла қалатыным бар. Бұл жолы да солай болды. Өтірік білмегенсіп, мүләйімси қалу қолдан еш келмейді. Ал мына әйел бейшара халін жайып салып, екі көзін мөлдіретіп енемнің алдында мүләйімсіп отыр. «Жылай білу де өнер» деп жатады кейбір қатын. Мынанікі тұнып тұрған өнер енді.
Не керек, сүндеттен соң енем ауылға қайтты. Террорист қайынағам көрші әйелді қимай, біздің үйде қалып қойды. Бір күні «Шелектемін дейсің бе» деп айқайлап жатыр екен. Содан ол кісіден: «Көршіміздің ауылы Шелек жақ па екен» деп сұрадым. - Жоқ, ол қайынжұрты екен, қайынжұрт жақта жүр. Бұл жауапты естігенде тіптен қаным қарайды. Аярлығын қарасаңшы?.. Сонда қайынжұртының барлығына түкіріп қойып, көңілдесінің көңілін білгісі кеп өліп барады...
Тағы бір күні үстел басында тамақтанып отырғанымызда қайынағам: «Подружка, моншаға түссен сен аппақ екенсің ғой деп айтты» деп ыржалаң-ыржалаң етеді. Масқара дедім. Мына кісі соған сеніп, мәз. Ал ана қатынның не ойлағаны бар екен? Ұқпадым. Енді мына айтқаны тұп-тура өтірік. Қап-қара кісіге аппақсың деп мәз қып қойған. Бұл кісіде де ес жоқ секілді.
Сенбі күні тағы да телефонмен сөйлесіп жатыр екен: «Үйде келінім бар» дейді біздікі. Демек, барлығымыз жұмыста жүргенде бұлар осы бос үйде ойнас жасап жүретін болғаны ғой деп ойладым да қаным тағы да қарайды.
Түнгі үште балағат сөзден оянып кеттім. Жаңадан салынған, әлі бітпеген үй ғой, әрбір дыбыс жаңғырады. «Сағындым, қазір барамын» дейді біздің жақтағы. «Қызыңды….» деп жатыр тағы да. Соған қарағанда үйге келме қызым бар дейтін сияқты. Содан таң атқанша ұйықтамады, тісін шықырлатып балағаттап жатыр, әрине ұрттап алғаны бар... Ой, көрші әйелге қаным қарайғаны-ай. Ертеңінде террорист қайынағам үйге бір еркекті ертіп келді. Сөйтсе көршінің күйеуі екен. Түк болмағандай оны қасына ертіп жүрген мына кісіге таң қалдым. «Қуды қу, сұмды сұм табады» деген осы шығар. Ол кісінің көрші әйелден көп айырмасы болмай тұрғаны ғой.
Көрші командировкадан келіпті. Әлгі әйелден әлдеқайда жас. Ауғанда соғыста болған секілді, орысша сөйлейді. Таң қалдым...
Күйеуім: «Көрші жақсы екен» деп қояды. Сөйтіп арадағыны біліп қойып, нағыз соғыс боп, масқарамыз шығып жүрмесін деген қаупін де жасырмады. Бірақ ол ештеңе білмеген секілді.
Күндердің күні қайынағам ауылға қайтты. Бір айдан соң Жаңа жыл келді. 12-ден соң жатып қалғанбыз. Түнгі бірде есік қатты тарсылдайды. Сөйтсем көрші әйел күйеуімен келіпті. «Жаңа жылдарыңмен» деп кіріп келді. Екеуін жаюлы дастарқанға отырғыздым. Өздерімен коньяк әкеліпті, соны аштым. Өйткені арақ-шарап алып, дайындалмаған едім. Тағы бір жағынан үйде енді арақ ішетін адам да жоқ-тын. Көрші әйел баламызды жүріп жүрген қызы тастап кетті дейді ме бір проблемаларын айтып жатыр. Тез-тез сөйлейтіндіктен көп сөзін ұғып жатқаным жоқ.
Тост айтқан болып, ана әйелдің бетіне қарап отырып: «Уважение надо заслужить» дедім. Әйел мені түсінді, бірақ еркегі шоршып түсті. Бұл сөзден кейін көп отыра алмады, тез-тез жиналып, екеуі қол ұстасып, біздің үйден ытқып шықты.
Мүмкін күйеуі мені өзімше боп қалған біреу деп ойлаған шығар. Бірақ, Құдай куә ғой, менің ол сөзді ондай оймен айтпағаным белгілі. Алайда бір қателік жібергенімді түсіндім. Айыбын айтсам оны әйелдің өзіне жеке айтуым керек еді. Енді болар іс болды, бояуы сіңді дейді ғой қазақ мұндайда. Өзімді кінәлі сезінем кейде, сөйтіп оларды қонаққа шақырсам ба деймін. Бірақ екіжүзділік алдында құрысып-тырысып қалатыным тағы бар. Соны ойлап, барлығы осы күйінде қалғаны дұрыс па деп те қалам. «Бүлінгеннен бүлдіргі алма» деген қазақ сөзі бар. Дегенмен көршімен тату-тәтті болуы – парыз. Көршіні ойласам, осылай миым атала боп кетеді. «Алаш айнасы» Сіздер маған қандай ой қосар едіңіздер?
Кәмаш, Алматы облысы