Енемнен жазықсыз таяқ жедім
Мен қатты шаршадым. Шынымды айтсам қазір дәрілер ішіп өлгім келіп тұр. Бүгін өмірімде сұмдық жағдай болды. Енем ішіп алып мені ұрып-соқты. Ешқандай себепсіз қол жұмсады. Алла куә ғой ешқашан бетінен алып сөйлеген емеспін. Атам 18 жыл болды марқұм болып кеткен. Енемнің мінезі тым ауыр, жолдасым үшін төзе бергенмін, бірақ бүгін ішіп алып өзінен-өзі бірталай сөз айтты. Жүрегім бала кезден ауыратын, есімнен талып қалдым, есімді жисам енем " Өл, өлсін қатының, і, басқа қатын тауып беремін" -деп айтып жатыр екен. Басымның бәрі ісік. Күйеуімылғи да анасының сөзін сөйлейтін, бүгін де солай болды. Күйеуім де ұрды. Сұмдық, бұндай жағдай болады деп ешқашан ойламаппын. Енемнің айтпаған сөзі жоқ. Не істеймін? Қиналып, қатты жыладым. Есімді енді ғана әзер жинап алдым. Шынымды айтсам не істерімді білмей отырмын. Ешкімім жоқ қасымда жанашыр. Ата-анам алыста. Оларды алаңдатқым келмейді. Бірақ ағаларыма хабарласып қойдым. Олар келеміз дейді. Менің ағаларыма хабарласқаным дұрыс па?
Менің жасым 23 те. Балам жоқ өкінішке орай. Тұрмыс құрғаныма 3 жыл болды. Шынымды айтсам күйеуімді бір көріп ғашық болдым. Оны қатты сүйемін. Сондықтан 3 жыл бойы төзіп келдім. Салақ емеспін, Анам тазалыққа үйреткен. Барлық тамақтарын жасап отырамын. Мен сіздерге өтірік жазып Аллахтың алдында күнә арқаламаймын. Оның алдында енемнің сіңілісі ұрмақшы болған. Бірақ онда күйеуім арашалап алды. Ұруға себеп мен баласының жөргегін жумағаным "Уақытым болмады, өзіңіз жуып алыңыз, сіздің балаңыз ғой" деп айтқан едім сол үшін ұрмақшы болып ұмтылды. Күйеуімді сүйген соң төздім. Әлі де сүйемін, қимаймын. Әпкелерім, сіңілдерім не істеймін? Сотқа бер деп ақыл айтып жатқандар бар. Сүйген жанымды қалай ғана соттатамын?! Енемді де сотқа бергім бермейді. Шу шығарғым келмейді. Жәй ғана кетіп қаламын. Басқа амалым жоқ сияқты. Өмірімнің тас талқаны шықты-ау.
Аноним