Дүниеге таласқан апам ағамды о дүниеге аттандырды...
Бұл өмірде дүниеге таласып, ар мен абыройдан айырылып жатқан, туған-туыстардың жаға жыртысуына дейін барған адамдар туралы талай рет естігенмін. Әйтсе де, бір жақын туыс апайымыздың бірге туған ағасына жасаған қорлығын ешбір мысалмен салыстыруға келмейді дер едім. Әттең, бәрі кеш, біз сол жылдары апайымыздың арам пиғылын кеш, мүлдем кеш түсінген секілдіміз. Енді мінеки, ағамыздың өлімі үшін өзімізді де кінәлап отырмыз. Ішке сыймайтын осындай өксігімді "Alashainasy.kz" интернет порталы «Отбасы – ошақ қасы» айдарының оқырмандарына біле жүрсін деп осы мәселені жайып салғаны жөн санадым. Басынан бастайық.
Біздің Жүсіпбек атты ағамыз елге сыйлы әрі ауқатты адам болған. Бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Ауылдағы ағайынның сөз ұстар, беделдісі болды. Жоғары қызметте еді. Мінезі де жайдары. Үйі қонақтан босамайтын. Күнде ығы-жығы адам. Туыстары біз ғана емес, көршілер де бір үйдің балаларындай еді. Қысқасы ауылы – аралас, қойы – қоралас. Қонақ келіп, бір бұрышта мал сойылып жатса, үйдің жанында қыз-келіншектер қарын тазалап, қуырдақ пісіріп жататын. Ауылда қатар тұратындықтан туыстар қолы босай қалса, үлкендер жағы сол үйдің ауласына ешкім шақырмаса да жиылып, карта ойнап, у-шу болып отыратын еді. Әлгі карташылар келген күні жеңгеміздің ыстық бауырсағы да әзір тұратын. Біраз жылдар бойы біз де осы үйден шықпайтынбыз. Бірақ оның бәрі бір күннің ішінде ғана сап тыйылды. Жүсіпбек ағамыз жүрек ауруына шыдамай, о дүниелік болып кетті. Сол кезде қариялар: «Жүкең, ұлын ұяға, қызын қияға қондырып үлгерді. Өзі отбасының ғана емес, әулеттің ұйытқысы болды. Енді, сол шаңырақтың берекесі кетпесе болғаны», - деп қауіптеніп еді. Дәл солай болды. Ағамыздың үйіне барған қонақтардың легі біртіндеп азая бастады. Жеңгеміз де кілт өзгеріп, кім көрінгенге қабақ шытуды шығарды. Содан әулетіміздің қыз-қыз қайнаған ортасы болған үйдің табалдырығын аттауды біз де азайта бастадық. Әрбіреуіміз өз жолымен кетті. Дегенмен, бір ауылда тұрғаннан кейін Жүсіпбек ағамыздың шаңырағында артта қалған дүние-мүлікке қатысты дау-дамайларды естіп жүрдік. Бір үйдегі үш адам, шешесі қызы мен ұлы өз әкелерінен қалған дүниеге таласа бастапты-мыс. Осындай кикілжіңдерге шыдамай Жүсіпбек ағамыздың әйелі де о дүниеге аттанды. Енді бір ұл мен бір қыз қайтер екен деген әңгіме айтыла бастады.
Бір күні әкем: «Жүсіпбек ағамның үлкен қызы мен ұлы қатты кетісіп жүр», - деп айтып келді. Үлкендер болып айтқанға көнбеген. Ол кезде екеуінің де өз жанұясы бар. Нұргүлдің екі баласы болса, Нұрбекте бір-ақ бала болды. Үй иесі Нұрбек болатын. Шындығында Нұрбек бала кезден жайдары еді, Ешкімнен ештеңе аямайтын, бауырмал болатын. Ал Нұргүл оған мүлдем керісінше. Дүниеге таластың түп-төркінін шығарып жүрген де сол болып шықты.
Сөйтіп, ағамыздан қалған еңселі үйде күнде ұрыс-керіс. Оны бастайтын – Нұргүл. Нұрбек ағамыздың тұйық мінезін пайдаланып, бастапқыда үйге орныға бастады. «Келін шаңырағымызды шайқалта бастады, інімді басынып алды» деп елге сөз таратты. Өзі күйеуі екеуі сол үйге қожайын болып, інісін де, келінін де қара жұмысқа салып қоятынды шығарды. Оның жұбайы да момын. Оған қоса, «келін» деген аты бар. Сол себепті барлық тапсырмаларды бұлжытпай орындауға тура келді. Былайша айтқанда, үйдің шаруасы Нұрбектің мойнында болды. Нұргүл болса, шыбын секілді ызыңдап тұрып алғаннан басқа ештеңе білмейтін. Жездеміз де «партизан» сияқты тып-тыныш жүре берді.
Екі-үші жылдан кейін Нұрбек аяқ астынан өз үйінен өзі көшіп кетті. Туыс болсақ та оның не үшін үйден көшіп кеткенін батылымыз барып сұрай алмадық, ешкім ол үйге бас сұқпай кетті. Бақсақ сол қара шаңырақтан кетуге Нұрбек мәжбүр болған секілді. Себебі Нұргүл мен күйеуі оған және оның отбасына күн көрсетпеді. Көкейлерін дүние, мал мен мүлік тескен. Ал бөлек шыққаннан кейін оларға оңай болған жоқ. Жас отбасыға үй керек. Сол үйді ұстап тұру үшін ақша қажет. Оның бәрін дөңгелетіп алып кететін еншісі де алынған емес. Себебі Жүсіпбек ағамыздан қалған барлық мал-мүлікті Нұргүл бір өзі ұстап қалды. Сөйтіп, Нұрбек тағдыр тәлкегіне ұшырап, күрт қиыншылықтарға тап болды. Бір кездері бақуатты өмір сүріп, аяқ астынан кедейліктің шегіне жеткенге жұбайы шыдамаған болуы керек, екі жыл өтпей, екеуі ажырасып тынды.
Дегенмен, Нұрбек отбасымен байланысын үзген жоқ. Қолынан келгенше, көмектесіп тұрды. Әділетсіздікпен күресемін деп, апасы – Нұргүлге барып, мал-мүліктің бір бөлігі өзіне тиесілі екенін дәлелдеуге тырысты. Өзі былайғы күні моп-момақан болып бата алмайтындықтан шығар, ішіп алатынды әдетке айналдырды. Араққа тойып алып, әпкесі мен жездесіне қол көтеруге барған. Содан тағы ұрыс-керіс үзілмейтін болды бұл отбасыдан. Мұның бәрі артынан Нұргүлдің қулығына ұласа кетті. Бүкіл ауылға «Нұрбектің есі ауысып кетті!» деген әңгімені таратып жіберді. Неге екенін білмеймін. Бірақ сол кезде біз де оған сеніп қалғандай едік. Біраз уақыт өткеннен кейін «Мен оны психиатриялық емханаға жатқызамын!», - деп шықты. Оған да ешкім қарсылық білдірген жоқ. Ақырында Нұрбекті сол емханаға жатқызып тынды. Ал ондай жерде бір рет болған адамға ешкімнің сенбейтіні бесенеден белгілі. Басқаларды қайдам, маған, мен секілді туыстарымыздың бірге ойнаған балаларына «Нұрбек жынды!» деген мәселе тіпті үш ұйықтасам ойыма кіріп шықпайтын. Ол мүмкін емес еді. Дегенмен, әпкесінің арқасында бұл солай болды да. Кейіннен, Нұрбек бір рет «жазылып» шықты. Бірақ Нұргүл болмай, оны тағы қаматып тастады. Содан бері бірнеше жыл да өтті.
Күні кеше ғана ауыл жақтан «Нұрбек қайтыс болды!» деген суық хабар келген еді. «Қалай?», - деп сұрасақ, «Уксус ішіп, қайтыс болды. Оның алдында ішкілікке салынып, өз-өзіне қол салғысы келген. Бірақ дәрігерлер құтқатып қалған-ды. Осы жолы бомждар жататын бір жерден тауып алыпты. Арақтан емес, уксустан қайтыс болған. Ал өлер алдында Нұргүлдің үйінде шу шығарып кеткен екен», - дейді ауылдың адамдары. Жүрегім дір етті. Сол кезде бәріне көзім жетті. Тайға таңба басқандай мәселенің мәнін анық түсіндім. Кезінде Нұрбектің емес, біздің, ағайын-туыстың есі ауысқан екен. Нұргүл бәрімізді алдап соқты. Әйтпесе, адамның есі дұрыс болмаса, туған әпкесіне барып, өз шындығын дәлелдейтін бе еді? Алайда, Нұрбектің айтқан сөзіне ешкім құлақ аспады. Содан барып ол өз-өзіне қол салды. Бомждар жататын жерде мерт болды...
Мен өзім Нұрбектің жаназасына қатысқан жоқпын. Оны өлімге дейін жеткізген Нұргүлді және осының бәрін реттей алмаған жеңгемізді көргім келмеді. Қырқына да бармаймын. Жылына да қатысқым келмейді. Себебі оларға деген өкпем қара қазандай. Ауылға барғанда, жалғыз өзім Нұрбектің зиратына барып, құран бағыштаймын. Оны түсінбегенім үшін, сөзін тыңдамағаным үшін кешірім сұраймын...
Асқар, Ақсу