Бұрынғы жігітімнің наласына қалам ба деп қорқам...
Сәлеметсіздер ме, құрметті оқырман! Мен бүгін сіздерге өзімнің басымдағы жағдайды әңгімелеп бергім келіп отырмын.
Мен бір көріп танысқан жігітке 4 күннен соң күйеуге шықтым. Өзімнен 10 жасқа үлкен. Сыйлайды, шүкір.
Бұрын жігітім болған. Екеуміз бір-бюірімізді жақсы көрсек те, көп ренжісетінбіз. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шығатын. Неше түрлі боқауыз сөздер, орынсыз айыптаулар мені әбден шаршатты, уақыт өте келе одан көңілім қала бастады. Бәрі қызғаныштан туындайтын. Жақсы көрген соң көнетінмін.
Бірақ не нәрсенің де шегі бар ғой, шыдамым таусылды. Кезекті ренжісіп қалған кезімізде, көзімді жұмып, күйеуге шығып кеттім. Күйеуім ұсыныс жасағанда жүрегім шымыр етіп, бір сәт ол жанды ойламадым. Кетіп бара жатқанымда да қиналмадым. Артыма да қарайламадым.Талай өткізген қызықтарым бәрі қалды.
Өзімше, осындай шешім қабылдауым дұрыс болды-ау деп ойлаймын. Өйткені бұрынғы жігітіммен болашағымның жоқ екеніне, бақытты отбасы бола алмасымызға әбден көзім жетті.
Ал ол болса менің күйеуге шығып кеткенімді білген соң жылады, маған хабарласып, қайтадан ойлануымды өтініп жалынды. Ол менен мұндай қадамды күткен жоқ. Не жасасам да көніп жүре береді, ешқайда кетпейді деп ойлады. Мен оның маған 4 жыл тарттырған азабын, өзіне бір-ақ күнде тартқыздым.
Кезінде айтатынмын "барымда бағала, мен бұлай жүре бермеймін, менің де көңілім қалатын күн туады, бір-ақ күнде тастаймын да кетемін" деп. Құдай аузыма салғандай. Жақсы жанға жолықтым.Тәубе! Шүкіршілік қыламын.
Бірақ қорқамын сол жанның көз жасынан, наласынан. Бұрынғы жігітімнің әлеуметтік желілеріне кейде кіріп қарап қоямын. Мұңды әуендер, қайғылы картиналарға толып тұр. Осындай кезде өзімді кінәлі сезініп кетемін. Мұным дұрыс емес, білемін. Ойлаған сайын түсіме де кіреді. Шаршадым. Ақыл айтыңыздаршы.
Аноним