Бұрынғы күйеуіммен құда болдық
«Өмірді сынмен емес сырласумен өткіз» деген әдемі бір сөз бар. Азды-көпті өмір сүріп, жасым алпысқа таяп қалғанда осы сөздің мәнін тереңірек түсінгендеймін. Мен біраздан бері «Алаш айнасы» сайтындағы «Отбасы ошақ қасы» айдарында жарияланып тұратын сырға толы оқиғаларды оқып отырамын. Міне, бүгін өзім де, көпшілікке өзімнің сырымды айтып, ағымнан жарылсам деймін.
Баяғыда шешем айтып отыратын, «келешек өмірден гөрі өткен өмір қызық» деп. Әдетте адам баласы ертең не болар екен, келешегіміз қандай болады деп әрбір атар таңға үміт артамыз ғой. Бірақ кейде артыңа бұрылып қарасаң, небір қызық та, бақытты сәттеріңнің, ашуға жеңдіріп, қайғыға берілген күндеріңнің өтіп кеткенін білесің. Өмірдің күзіне қарай адам өз өмір жолына баға бере бастайды екен...
Мен Шығыс Қазақстан өңірінде дүниеге келдім. Ата-анам жас кездерінде арғы беттен өтіп, Үржар ауданында тұрақтап қалған екен. Біз бір отбасында жеті ағайындымыз. Үйдің тұңғышы өзім болғандықтан ерте есейдім. Әкем мен анам тыным таппай тірлік жасап, жетеумізді аяқтан тік тұрғызуға тырысты. Өзімнен кейінгі інім екеуміз де еңбекке ерте араластық. Ең кенже інім 3 жастан асқанда әкем қайтыс болды. Шиттей бала-шағамен анам жалғыз қалды. Бірақ менің анам өте мықты адам. Өзі қайратты, мінезі адуынды, біз бәріміз анамыздың жанарынан жасқанып өстік. Жұмысты жапырып істегенде бәріміз жабылып ілесе алмай қалатынбыз. Өзімнен кейінгі іні-сіңілдерімнің мінездері анама ұқсайды. Бірақ менің мінезім де, болмысым да анама тартпапты. Бойжеткен шағымда басқа құрбыларымдай жарқырап жүруге өзімнен өзім қысылатынмын. Батылсыз, жасықтау болдым. Осы мінезімнен уақытында тұрмысқа да шықпадым. Үйдегі ұлдар ержеткен соң, бірінен кейін бірі үйленді. Үлкен інім еншісін алып бөлек шықты, екінші інім бізбен тұрды.
Мен мектеп бітрігеннен кейін Семейдегі педагогикалық училищені тәмамадап, ауылда сурет, еңбек пәнінен сабақ бердім. Үйдің үлкендері ержетіп, өзді-өзі болғанда ізімізден ерген кіші іні-қарындастарын оқытты. Бәрі жоғары оқу орындарын бітірді. Үлкен інім жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін ауылға келіп біраз жұмыс істеді, отбасын құрғаннан кейін ауыл шетінен үлкен фазенда ашып, мал шаруашылығымен айналысты. Екінші інім бізбен біраз уақыт бірге тұрды да, кейін отбасымен аудан орталығына көшіп кетті. Бауырларым балалы-шағалы болып жатты, ал менің жасым отыздан асқанда да тұрмысқа шығудың реті келмеді.
Анам менің тұйықтығымнан тұрмысқа шыға алмайтынымды білді ме, бірде маған: «Сенің жасың болса отыздан асып кетті, жүрісің мынау, жаныңа серік таппадың. Бірақ әйел адам жалғыз жүруге болмайды, інің Саматтың баласын сенің бауырыңа салып беруді шештім» деді. Біз ешқашан анамның сөзіне қарсы шығып көрмегенбіз. Үнсіз келістім. Бірақ менің ойым, Самат та келісер-ау, бірақ келінім Айжан құрсағындағы баласын маған бере қояр ма екен? Осы мені кішкентай нәресте дүниеге келгенше мазалап жүрді. Бірақ мәселе тез шешілді. Самат та, келіншегі де анама бір ауыз қарсы келместен тұңғыш ұлдарын менің бауырыма салып берді. Шынымды айтсам, сол сәтте менен бақытты адам болмаған шығар... Әйел адам үшін ең үлкен бақыт ана болу екенін сәбиді құшағыңа алып, иіскегенде сезінеді екенсің. Сонымен мен отыз екі жасымда Азаматтай ұлдың анасы атандым. Өмірімнің мән-мағынасына айналған баламның әрбір қылығына сүйсініп, уақыттың қалай өткенін сезбей де қалдым. Азаматтың тәй-тәй басқаны, былдырлап тілі шыққаны, мектепке барғаны әлі күнге көз алдымда.
Біз бір үйде анам, Азамат үшеуміз тұрдық. Үш сіңілім тұрмыс құрды, кенже інім қалада оқуда еді. Азамат та тәп-тәуір ержетіп қалған, 6 сыныпта оқып жүрді.
Бірде үлкен інім Талғат үйге бір жігітті ертіп келді. Анам екеумізге әлгі жігітті фазендасына жұмысшы етіп алғанын айтып, таныстырды. Ол жігіттің жас кезінде сымбатты болғаны көрініп тұр. Жасы 45-тердегі Хамит есімді жігіт Көкшетау жақтың тумасы екен. Отбасынан ажырасқан соң біздің ауданда тұратын туыстарын паналап жүрген көрінеді. Өзі балалар үйінде тәрбиеленген екен. Көп сөзі жоқ, орысшалау өскен әлгі жігіт інімнің фазендасында бір жылдан астам жұмыс істеді. Біз де анда-санда фазенданың жұмысына көмектесуге барамыз, сиыр сауамыз, мал сойғанда болысамыз. Жалпы туған-туыс, ағайындар осы інімнің фазендасында бас қосқанды тәуір көретінбіз. Осылай Хамитпен анда-санда кездесіп, тілдесіп жүріп екеуміздің әңгімеміз жарасты, ағайын-туғанның келісімімен мен Хамитке тұрмысқа шықтым. Екеуміз бір-екі жылдай шәй деспей тату-тәтті тұрдық. Оның бұрынғы әйелімен орталарында екі қызы бар екен. Хамит жаз мезгілінде Көкшетауға қыздарын көріп келуге барып тұратын. Келесі жылы жазда қыздары біздің ауылға жазғы демлыстарын өткізуге келді. Менің Азаматым да Хамитты ағалап жақсы көрді, бірақ есейіп қалғандықтан ба, әкесіндей қабылдай алмады. Айтпақшы, мен Азаматқа өзінің туған ата-анасы туралы шындықты ол он жасқа келгенде айттым. Өйткені баламды алдағым келмеді. Бірақ Азаматым есті ғой, ол осыдан кейін менен ештеңе сұраған емес. Саматты да, туған анасын да жақсы көреді, бауырларымен де жақсы араласады. Ол менің оған деген махаббатымның ерекше екенін түсінеді.
Сонымен Хамит екеуміз біріміздің баламызды біріміз жатырқамауға тырысып өмір сүрдік. Бірақ уақыт өте келе Хамиттің ішкілікке жақындығы бар екенін байқадым. Оның отбасынан ажырасуының себебі араққа салынғандығы болыпты. Біраз уақыт емделіп, біраз аузы құрғаған кезінде маған жолығыпты. Бірақ ол өзінің араққа деген құмарлығын жеңе алмады, күннен күнге салынып ішті. Аузына ащы су тисе жұмысты да тастап, біздің ренжігенімізге де көңіл аудармай жатып ішеді. Інілерім оны емдетпек те болды, бірақ көндіре алмадық. Оны адам қыла алмасымызды білген соң екеуміз ажырастық, ол біздің ауылдан кетіп тынды. Одан кейін хабарласқан да емеспіз. Мен бейбақтың жардан бағым ашылмады, етегім қанап, дүниеге бала да әкеле алмадым. Жанымның жалғыз медеуі – Азаматым. Ұлым мектеп бітіретін жасқа да жетті. Ол Алматы қаласындағы политехникалық университетке оқуға түсті. Оқуын жақсы бітіріп, мұнай саласының маманы болып шықты. Бірнеше жыл Атырау қаласында жұмыс істеп келді. Қазір Алматы қаласында отбасымен тұрады.
Азаматым отбасын құрарда маған күтпеген тосын сый жасағанын айтайын. Бірде ол жұмыстан еңбек демалысын алып ауылға келді. Аунап-қунап демалып, біраз күн жүрді. Баламның көңі-күйіне қараймын да мен де қуанамын, бірақ маған бірдеңе айтқысы келіп жүргенін де жүрегім сезді. Бір күні әңгімені өзім бастадым: «Балам, маған айтар жаңалығың бар ма, жүрегім сезеді, мені келін әкеп қуантайын деп жүрсің-ау» деп күлдім. Сөйтіп едім, «Маматай, сіз менің ойымды оқисыз ғой, әрине, сізді қуантамын. Менің сүйген қызым бар. Сіз оны танисыз» деді. Менің ойымда түк жоқ, ауылдың қыздарының бірі екен деп «ертең-ақ әкел келінімді» деп қоямын. Бірақ Азаматта біраз жымиып отырды да: «Мама, сіз мені дұрыс түсініңізші, мен үшін сізден қымбат жан жоқ, бірақ сіз менің таңдауыма қалай қарар екен деп уайымдап жүрмін. Бірден ашығын айтсам, мен Хамит ағаның үлкен қызы Алмаға ғашықпын. Екеуміз күтпеген жерден Алматы қаласында кездесіп қалдық. Бала кезімізде осы ауылда бірге ойнап, біздің үйде қонақта болып еді ғой. Міне екі жылдай болды, екеуміздің жұбымыз жазылған емес, бірақ осы уақытқа дейін сізге қалай айтарымды білмей келдім. Мен Алманы қатты жақсы көрем. Егер сіз қарсы болмасаңыз, екеуміз үйленсек дейміз».
Ұлымнан мына сөздерді естігенде не дерімді білмедім. Өзімді қойшы, баламның бақыты үшін бәріне көнемін ғой, бірақ ел-жұрт не дейді, ағайын-туыс қалай қабылдайды? Осыны ойлап әбден дегбірім қашты. Бірақ баламның әлгі қызды шын сүйетіні көзінде тұрған еді. Сондықтан інілеріме мән-жайды түсіндіріп, ешқандай у-шусыз Азаматты Хамиттің қызына үйлендірдік. Қанша жылдан кейін Хамитті де қайта көрдім. Ол соңғы жылдары арағын мүлде қойып, қыздарымен бірге тұрады екен, қыздардың анасы қайтыс болыпты. Сонымен бұрынғы күйеуіммен тағдыр бізді қайта қосты. Бірақ Хамит екеуміз жұбайлар емес, құдалар болдық. Мен қазір Азаматымның екі құлыншағын бағып-қағып отырмын. Ұлым келінім, немерем, бәріміз Алматы қаласында тұрамыз. Хамит кіші қызымен Көкшетау қаласында тұрады. Міне, тағдырдың бізге жасаған сыйы осы...
Рысжан, Алматы