Бұл заманда шын көріпкел бар ма?
Қазір заман қиын, проблемасыз адам жоқ десе де болады. Біреудің басын қарыз шырмаса, біреу ауруымен әлек. Екінші біреулердің жұмыста жолы болмаса, тағы біреулердің отбасы оңбай жүреді. Осындайда қиналған адамдар емші, құмалақшы, көріпкел іздеп дал болады. Менің де өзім тұратын облыста бармаған емші-балгерім қалмады. Оңтүстікте де біраз адамдарға бардым. Емшілердің босағасын тоздырудан не ұтқанымды «Алаш айнасы» оқырмандарына да айта отырайын.
Мен өзім оқылған су, сабын, шай дегендерден қатты жиіркенетін адаммын. Жалпы, емшілер үшкіріп берген не нәрседен болсын жүрегім айнып тұрады. Ең алғаш мен бетін көрген емші Екібастұздағы Сағира еді. Ол кісіге жасөспірім шағымда бардым. Шай, сабын, оны-мұны оқып бергені есімде. Одан соң біздің ауыл адамдары Ферғанадағы София деген «әулиеге» табынып кетті. «Ойбай, София дегенің керемет екен» деп, бүкіл ауыл өзбек еліне сабылды. Тоқсаныншы жылдары заман қанша қиын болса да, ел Ферғанаға қаражат тапты ғой. Ферғанаға кеткен адамға үйдегі адамдардың атынан орамал, тағы бір заттар беріп жіберіп жүрдік. Жолаушымыз келген соң әлгі орамалды жастанып, ұйықтарда жанымызға ыдыспен қант, су қойып қоямыз. Түнде аруақтар келіп, әлгі судан ішіп, қанттың бетіне белгі салып кетеді-мыс. Соны ойлап, түнімен елегізіп, келеді деген аруақтардан қорқып, ұйықтай алмай шығатыным есімде.
Кашпировский мен Чумакты мен айтпай-ақ елдің бәрі біледі. Сары әулиені де естімеген жан кемде-кем.
Бір күні біздің қалаға тағы да сол Өзбекстаннан Алмаз әулие деген орта жастағы кісі келді. Әулиеге кіреміз деп оның қабылдауы жүріп жатқан жерде кезекке тұрдық. Жұрт бірін-бірі басып, қырылып қала жаздады. Әлі есімде, ол 1998 жыл болатын. Біреулер мүгедек баласын қоларбасымен апарып, қысқасы, әлгі кісіге қатты сеніммен қарады. Ол кезде менің 2 жасар ауру балам бар еді. Және өзім жүкті болатынмын. Сырт қараған адамға жүктілігім көрінбейтін. Алмаз «әулиенің» алдына барғанымда, ол қолымдағы баланы үшкіріп жіберіп: «Жүктісің бе?» – деп сұрады. Сөйтіп, өзімді де ұшықтады. Ол үшкіргенде бойымнан бір жылы самал есіп өткендей болды. Баланы өте жеңіл босанғаным сол кісінің ұшықтағанынан болар деп топшылаймын кейде. Одан соң Алмаз әулие туралы ештеңе естіген емеспін.
2000-шы жылдардың басында біздің қалада Зәуре атты құмалақшы тұрды. Көп нәрсені өте дәл айтатын. Және болжаған уақыты да дөп түсіп отыратын. Өзі намаз оқитын, саудамен де айналысатын. Көп адамдарды қабылдамай, тек таныстарының өтінішімен құмалақ ашатын-ды. Кейін біздің қаладан басқа жаққа қоныс аударды ма, көрінбей кетті. Біреулер «Күйеуі қайтыс болған соң, құмалақ ашпайтын болды» дейді ол туралы. Кім білсін?!
Бір жылы теледидардан Мария атты егде әйелдің емшілігі қатты жарнамаланып, науқас інім әлгіге барғысы келді. Туған-туыс ақша жиып, ініммен бірге Мария тұратын қалаға тартып кеттім. Барсақ, әлгі апай үлде мен бүлдеге оранған, саусақтары, үсті-басы толған алтын екен. Жарқ-жұрқ етеді. Бірінші қабылдағанда інімнен 5 000 теңге сыпырып алды және әр қабылдағаны 2500 теңге екен. Жағдайы жетісіп тұрған адамның емшіге барып несі бар? Бірақ емші апай ақшаға құныққан біреу екен. Қабылдауға кіре салысымен ақша сұрап, пейілін көрсетіп қойды. Одан бетіміз қайтып, Алматының шетіндегі ауылда қабылдайтын бір атақты апаға жол тарттық. Ол кісінің адам қабылдайтын жерінде – нөпір халық. Арасында кісі емдеушілер, яғни, әлгі апаның шәкірттері көп екен. Олар жұртты алақандарының қуатымен әрі-бері жүгіртіп, қызық емдейді. Емделушілердің біразы ұйықтап қалып жатыр, біреулерінің аурулары буып, айғайлап жылап, небір әрекеттерге баруда. Біздің отырғанымызға бір-екі сағат болды. «Аруақтардың көрсетуімен апа сендерді өздері тауып келеді» деп еді, келетін түрі жоқ ешкімнің. Ақыры жалығып, кетіп қалдық. Негізі, сол апаны жұрт көп мақтап еді. Көптеген беделді адамдар, әншілердің біразы одан көмек сұрап барған деседі. Менің құрбымның күйеуі апаға жиі баратын. Кейін ол жігіт 30 жасында кездейсоқ оқиғадан қайтыс болды. Сол кезде «емші апаға жиі барушы еді, септігі тимеген болды-ау, тағдырдың жазуын емші өзгерте алушы ма еді» деп ойладым.
Өзіміз тұратын қаладағы Ольга деген әйелдің мақтауын асырып, біраз адамдар «Ол емші емес, медициналық мамандығы бар дәрігер, керемет емдейді» деген соң, жазған құлда шаршау бар ма, оған да алып бардым інімді. Ол көзіне қара шүберек байлап алып, адамның басына алақанын тосып тұрады екен. «Ініңіздің басында ісік бар, операциямен алдыру керек, басына магнитті-резонансты томография жасауларыңыз керек» деп, бой бермеді. Тағы да бар ақшаны қалтаға басып, Астанаға тарттық. Томографиясы бар, жолымыз бен тамағымыз бар – бәріне 25 мың теңге жұмсадық. Інімде ісік болмай шықты, құдайға шүкір. Әлгі жалған емші Ольганың кесірінен ақшамызды босқа шығындап қайтып келдік. Құрбымның жолдасына да Ольга дәл ініме айтқанын қайталапты. Одан соң да талай бардым. Ешқашанда Ольганың айтқаны дәл келген емес. Алайда Ольга өз қызметін табысты атқарып жатыр. Қабылдауына келген адамнан 3-5 мың теңгеден сыпырып отырады. Менің өзім сенбей тұрсам да, оның алдына қайта барған кезім болды. Бірде күйеуіме құмалақ салдырып едім, Ольгам: «Күйеуіңіз басқа біреуге ғашық. Соны ойлайтындықтан сізге жиі ашуланады. Оның ол әйелге ынтызарлығы маусым айында тоқтайды», – деді. Ойбай-ау, мені қызғанып ешқашан жанымнан бір елі шықпайтын күйеуім қай уақытта басқа біреуге ғашық болады? Қисыны келіңкіремейтін болжам, тіпті. Күйеуіме оның сөзін айтып едім, Ольгамды ата-бабасынан бері қарай сыбап, «барып ит терісін басына қаптаймын. Сондайлардың кесірінен ғой жұрттың ажырасып жатқаны», – деп, оны әрең тоқтаттым.
Бір күні әлдебір шаруаларыммен Алматыға жолым түсті. Барсам, әпкем, «Ойбай, сен не білесің, Фархат ата деген керемет қасиетті адам шығыпты. Күннің сәулесімен емдейді екен. Өзі бәрін алыстан біліп отыратын көрінеді. Өлім аузында жатқан нәрестені аман алып қалыпты. Нәресте кісі боп келе жатыр екен қазір. Мен де сол кісіге барамын, өзі ауылда тұрады, осында кеңсесі бар, сол жерде оның өкіл етіп жіберген адамдары қызмет етуде, жүр, барып келейік» деді. Айтпақшы, әпкем бұған дейін бір рет әлгі кеңседе болып та келіпті. Оған Фархаттың жандайшаптары шайға тұз салып ішуге кеңес берген. Әпкем шайына тұз салып ішіп, «біраздан соң бұған да үйренеді екенсің» деп мақтап қойды. Ішімнен «медицина керісінше тұзды аз жеу керегін айтады, сонда біздің дәрігерлер қараңғы ма сонша» деп ойлап қоямын. Әпкеме Фархаттың адамдары бір «дұға» жазып беріпті. Оны терезеден күннің көзіне тіке қарап тұрып ұзақ айту керек екен. Әлгі сөздер «Әлля создатель Фархат ата, Нина ана» деп келеді. Орысша-шүршітше мұндай дұға болушы ма еді? «Біссімілла, құдай өзің кешіре гөр» деп бастап, әлгі «дұғаны» оқимыз да, күлеміз-ай келіп. Сөйтсек, ондағы сөздер «құдай дегеніміз Фархат ата мен Нина ана» деген мағынаны береді екен. Ойпырмай, о заман да бұ заман, неше түрліні көрсек те, өзін Алла Тағаламен теңестіргенді көруіміз бірінші рет. Содан несін айтасыз, әпкем екеуміз әлгілердің кеңсесіне кірдік. Жыпырлаған халық. Бір әйел екі сағат бойы Фархат атаның «құдыреті» жайлы жырлап, одан ақша аямау керектігін насихаттады. Әлгінің әңгімесінің бәрі ақша туралы болды. Мұнда Алланың атын атауға, «біссімілла» деген сөзді айтуға тыйым салынғанға ұқсайды. Кетерімізде әйел: «Жақын арада Фархат ата мәңгілік өмірді ойлап табады» деп «уәде» берді. Үйге келе жатқанда әпкем: «Бүгін біртүрлі болып тұрмын, ылғи ақша туралы айтқаны несі, өткенде мүлдем басқаша болып еді», - деді. Ақыры Фархат ата науқастарды күннің көзімен емдеймін деп, ауруларын асқындырып, басы дауға қалды. Өйткені кей сырқаттарға күннің көзі, ыстық зиян ғой. Тіпті күннің көзіне қарап тұрудың өзі көз торшасын бұзады емес пе. Ауруы асқынып, оның емдеу әдісінен жапа шеккен көпшілік құқыққорғау органдарына шағымданып, уақыт өте келе, сот Фархат ата басқаратын «Алля аят» ұйымының жұмысына тыйым салды. Бірер жылдан соң Алланың құдыретіне күмән келтіріп, талай жанды адастырған Фархат та өтті дүниеден.
Іле «Ата жолы» деген ұйым пайда болды. Оның құрамындағы әйелдер «аққулар», ерлер «сұңқарлар» деп аталды. Аққулар мен сұңқарлардың кісі қабылдайтын орындары көпқабатты үйлердің пәтерлерінде еді. Әлгі пәтерге кіргеніңде, қабырғаларда қазақтың хандарының, батырларының портреттері ілініп тұрады. Әуелі бұрыштағы Құран кітабына барып дұға қылып, одан соң жәшікке 21 теңге садақаңды саласың да, батырлар мен хандардың портреттеріне сәлем беріп шығуың керек иіліп. Қабырғаны сипалап, олардың аруағынан медет тілеген бір жұртты көресің. Ішімнен күлкім келіп тұрады, әлгілердің ісіне қарасам. Жұрт әбден жиналып, айналатын жер қалмай бара жатқан кезде елдің бәрі алқа-қотан отырады. Ортаға бір «аққу» немесе «сұңқар шығады» сұңқылдап. Бір адамның атын атап шақырып алады да, сол адамға өлеңмен толғап көріпкелдік жасайды. Өлең деген аты ғана, ұйқастырып соға береді. Ол өлеңнің қадірін ұға қоймайтын былайғы жұртқа керемет өнер, қасиет болып көрінсе керек. Шумақтарына «анау», «мынау» деген сияқты сөздерді жиі-жиі қыстырып, ұзақ жырлайды. «Күләш деген көршің бар, Өзіңе дұға салыпты» деп келеді олардың жырлары. Күләш деген көршің болмаса да, өтірікті шындай қылып, солай деп соға береді. Немесе «Сары шашты, ұзын бойлы, Әйелден жүрші сақтанып» деуі ықтимал. Жүресің басың қатып, сары шашты таныстарыңның бәрін ойша іздестіріп. Ал шын мәнінде маңайыңызда дәл осы сипаттамаға дәл келетін адамдар болса да, олардың сізде еш жұмысы жоқ адамдар. Әлгілердікі тек басыңызды қатыру ғана.
О-о-о-о-о-ой, мен қайда бармады дейсіздер? Сона-а-а-ау Шу ауданының Оразалы ауылындағы Қайнар деген емшіге де барғам жаяулап-жалпылап. Ол өзі жүре алмайтын мүгедек жігіт екен, баламды екі ай бойы апардым. Бірақ одан жазылған балам жоқ. Мүмкін, біреулерге шипасы тиген де шығар... Қайнар кейін қайтыс болды деп естідім, иманды болсын.
Біздің өңірде кезінде ислам дінін насихаттаған қожалар әулеттері бар. Сол кісілердің аталарының кезінде көріпкелдігімен аты шыққан. Аталар қасиеті әулет балаларының ішінен Сәлан атаға қонғанға ұқсайды. Ел ішінде Сәлан ата туралы аңызға бергісіз әңгіме көп. Ең алдымен, Сәлан ата ауырып қалған балаларды үшкіріп немесе арқасынан сипап жіберсе, шипасы тиеді дейді. Және ата бірдеңені айта салса, дәл келеді екен. Бірде ол тұратын ауылда мынадай оқиға болды. Осы ауылдың мұғалімі Бахтияр гараждың кілтін таба алмай жатса, Сәлан ата кеп қалыпты. Сол жерде үюлі жатқан ағаштың үстінде отырып, ата біраз әңгіме шертеді. Сөз арасында Бахтияр гараждың кілтін жоғалтып алғанын айтыпты. «Кілтің мына үйіндінің астында жатыр, осы жерден ізде», – дейді ата. Аса сеніңкіремесе де, Бахтияр іздеуден шаршап, ағаштарды басқа жерге үйіп, астын қарайды. Шынында да, кілт сонда жатыр екен. Енді бірде атаға сәлем беруге осы ауыл тумасы Серік келеді. Ата оған: «Таяуда сыйақы аласың!» – дейді. Серік «кәсіби мерекеміз болса өтіп кетті. Сыйақыны кім бере қойсын? Ата көңіл үшін айта салған шығар» деп ойлайды. Бірақ көп ұзамай бір тойда беделді ел ағаларының бірі Серікке ішіне қыруар қаражат салынған конверт ұсыныпты. Осыны естігенде, «Шіркін-ай, ата маған да сыйақы алу туралы айтса ғой» деп қалдым. Бір күні Сәлан атамен кездесіп, ол кісіден бата алудың сәті түсті. Ата арқамнан қағып, «Премия алайын деп тұрсың», – деді. Мен ішімнен «Менің ойымды оқып қойған ғой, кім маған сыйақы берейін деп тұр дейсің» деп топшыладым. Алайда көп ұзамай, кәсіби мереке қарсаңында аймақ басшысынан ірі ақшалай сый алдым. Бір танысым: «Сәлан ата «бір жерге апарып саламысың» дегенде уақытым жоқтығын айтып едім, он қадам ұзамай жатып МАИ ұстап алып, әуреге салды» дейді. Сол сияқты, бір күні мынадай да қызықты оқиға болыпты. Сәлан ата көмір артқан көлікпен қыс ішінде жолға шығыпты. Күн кешкіріп қалған мезгіл. Әлдебір бөлшегі бұзылып, машина жүрмей қалады. Шопыр қараса, сайман жанып кеткен, тіпті оталдырудан күдер үзіледі. Сәлан ата машинаны айнала беріп, дұға оқыпты. Көлікке қайта отырып, шопырға: «Қыздыр!» – дейді. Жүруден үміт үздірген машина кенеттен от алып, жүріп кетіпті. Жалпы, Сәлан ата келе жатқан көлік тоқтап қалғанда елсіз жерде ойда жоқта көмек келе қалуы сияқты жайлар да ел аузында жиі айтылады.
Айта кетерлігі, Сәлан ата кісі қабылдап, адам емдемейді. Тіпті өзімен кездесуге ұмтылған кей кісілерді көңілі қаламай, қашқақтап жүретіні де бар. Пейілі дұрыс емес адамдарды жақтырмайтын болар деп ойлаймыз іштей. Ол тек кездейсоқ жолыққанда ойындағысын айтып қалады да, сонысы тура дәл келеді. Және күн сайын кез келген адамға олай айта бермейді. Қалай болғанда да, мына дүниеде бұрынғы өткен небір әулиелер мен қасиетті бабалардың сарқытындай көрінетін Сәлан ата секілді жандар болуы керек...