Қыздар арасында болашақ жар таңдарда жігіттер қауымы тым талапшыл келеді деген ұғым қалыптасып қалған. Соның ішінде, шымкенттіктер десе, көп арулар үреймен қарайды. Бәлкім бұл күнгей өңір халқының салт-дәстүрге берік болуымен байланысты шығар. Осы ретте Nur.kz порталы Шымкенттің бойдақ жігіттері арасында сауалнама жүргізіп, қалыңдық таңдарда қоятын негізгі талаптарын сұрап білді.
Фамилиясын жария еткісі келмеген Ермек есімді жігіт болашақ жарына қоятын талаптары аса жоғары екенін жеткізді. Бірінші кезекте болашақ жары инабатты, кішіпейіл жәні де бұрымы болуы шарт екен. Сонымен қатар арудың сыртқы келбетіне де қарайтынын айтқан жігіт батысқа еліктеп, пәктігін сақтамаған қыздардан жанын аулақ ұстайтытынын жеткізді.
«Әрине, түрінің әдемі болуы маңызды. Тек қана келбетті емес, адамгершілігі мен инабаттылығын да назарға аламын. Еуропалық түсінікпен өмір сүретін қыздардан аулақпын. Менің бұл ойыма күллі шымкенттік жігіттер келіседі деген сенімдемін. Бәлкім сезімі оянып, бұған дейін тұрмыста болып келген қыздарды да таңдайтындар бар шығар, бірақ мен ол қатарға қосылмаймын. Шүкір, кездесіп жүрген қызым бар. Алла қаласа, шаңырақ көтеруді жоспарлап отырмын», - деді 24 жастағы шымкенттік тұрғын.
Жуырда ғана ислам дінін қабылдап, мұсылман атанған 21 жастағы Николай Путилин жасанды сұлулыққа түбегейлі қарсы, болашақ жары табиғи сұлу болғанын қалайды.
«Шымкентте әдемі қыздар өте көп. Бірақ, өкініштісі, қазіргі таңда қыз баланың тәрбиесі, қылықтары нашарлап бара жатыр. Жар таңдарда мен алдымен қыздың тəрбиесіне және ақылына қараймын. Екіншіден, қыз бала өз-өзіне қарай білуі керек. Мың тонна макияж емес, өзіннің табиғи əдемілігіне көптеп көңіл аударғаны жөн. Сонымен қатар қыз баласы ерін, әке-шешесін, достарын да сыйлай білуі шарт. Және де бастысы, үйдің шаруаларын да атқара білгені абзал. Қолына түк келмейтін әйел кімге керек?», - деген Николай Путилин пәк қыздарды табу қиындап кеткенін де жасырмады.
«Пəктігіне келетін болсақ, ол, əрине, ең маңызды. Бірақ бұны қалай тексересің? Енді танысқан бойжеткенге бұл сұрақты төтесінен қойсаң, шапалақпен беріп қалады емес пе? (күліп) Шыны керек, қазір "таза" қызды табу қиын болып кетті. Заман өзгеріп бара жатыр», - деп күрсінді орыс жігіті.
Сүр бойдақтардардың қатарында жүрген Ғалымжан Оразымбет қойылған сұрақтың төтесінен түскенін айтып, біраз ойланып қалғанын да жеткізді.
«Қызық сұрақ екен... Бұл туралы бойдақтардан сұрап, әңгімелесіп көрмеппін. Бірақ орта статистикалы қазақ бойдақтарынан көп еститін критерийлерім: ақылды, тәрбиелі, көрікті, инабатты, білімді, әрқашан ерін сыйлай білетін қыз болашақ жар атануға лайық. Негізінде әркімнің жеке талаптары, көзқарастары бар ғой. Өзгелер үшін жауап бере алмаймын, бірақ өзім де орта статистикалы қазақ бойдақтарын ерекшеленбеймін. Талаптарым бірдей», - деп сөзін түйді бойдақ азамат.
Ал 22 жастағы Рамазан Сәрсенбай үшін болашақ жарының пәк болуы аса маңызды емес. Одан өзге қой аузынан шөп алмайтын момын арумен бір шаңырақ астында тұра алмаймын дейді ол.
«Бастысы, тәрбиеде ғой. «Анасын көріп қызын ал» деген бар емес пе? Шыны керек, жар таңдарда оның отбасына да қараймын. Көргенді жердің қызы ешқашан ұятқа қалдырмайды. Сонымен қатар тым момын қыздар ұнамайды маған. Бәлкім өзім тіптен ақкөңіл болғандықтан шығар, менімен шүйіркелесіп әңгіме айтып, әзілдесе білетін бойжеткен қажет. Өмір ғой, түрлі жағдайлар болады. Сол себептен оның пәктігі аса маңызды емес. Бастысы, ол ару басынан өткенін менен жасырмаса болды. Мен де пендемін, түсіністікпен қараймын. Тек менің болашақ жарым шылым тартпайтын, ішімдік ішпейтіндердің қатарынан болуы шарт. Бұл болашақ балаларымыздың денсаулығы үшін маңызды», - деді 22 жастағы жігіт.
Сонымен, сауалнамаға қатысқан шымкенттік бойдақтар өз талаптарын жария етті. Ал сіздің талғамыңыз қандай, оқырман?