Бірінші күйеуден таппаған бақытты екінші жолдасымнан таптым...
Күйеуім екеуміз әу баста сүйіп қосылдық. Бір-біріміздің мінезімізге қанықтық, сезіміміз пәк болатын. Жылдар жылжып өте берді. Дүниеге екі сәби әкелдім. Екеуі де әкесінен аумайды. Бірде қуанып, бірде уанып жүріп жаттық. Ата-енеммен біраз уақыт бірге тұрдық. Енемнің бастамасымен бізді бөлек шығарды. Аяғымның ауыр екеніне де қарамастан. Оған ренжи қоймадық.
Жас едік, алдағы күнге деген қорқыныш болмайтын. 90-шы жылдардың аяғы, елдің бәрі қиналып жатқан кез. Жұмыс жоқ, жұмыс болмаған соң ақша да жоқ. Пәтер жалдап тұрдық. Қиналсақ та күйеуімнің жұмыс істеуге деген ниеті болмады. Аш отырамыз ба, төркініме барып тамақ толтырып алып келем, одан қалса нағашыларым дүкен ашқан еді, солардан барып сұраншақтанып жүріп, нан, май, қант әкелем. Қазір ойлап отырсам со кезден бастап-ақ мен оны мойныма мінгізіп алған екем ғой. Алдында тамағы, қазаны қайнап жатқан соң ол қайдан жұмыс істесін. Көрші еркектермен ішіп, карта ойнап, жоғалып кететінді шығарды. Үй алуға ақша қайда, пәтер жалдап тұрамыз. Әр үйге көше-көше арада алты жылдың қалай өте шыққанын да байқамаппыз. Біздің көшіп қонып кісі есігінде қаңғып жүргенімізге әкем намыстанды ма, біраз малын сатып кішігірім үй алып берді. Сондағы қуанғаным-ай. Үш бөлмелі кішкене ғана құжыра маған хан сарайындай көрінген. Күйеуімнің саусағын да қимылдатуға ерінетін жалқау екенін байқаған соң өзім іздеп жүріп жұмысқа тұрдым. Тұрмысымыз түзеле бастады. Өзінің көлеңкесінен де қызғанатын қызба мінезі бар екенін осы кезде байқадым. Талай мәрте кесе шәйнек лақтырып, жұмысқа көзім көгеріп барған кездерім де болды. Тілімді тістеп, амалым жоқ балаларым үшін үндемедім. Үйде ерігіп жатып, кейде достарының үйіне, кейде әкесінің үйіне қонып қалады. Осылай жүріп оның бір күндері әр әйелмен әуейі болып жүргенін байқадым. Әрине үйде айқай-шу болды. Бірақ ол қояр болмады. Бірде достарымен қаңғып кетсе, бірде айлап жоғалып кететін. Менен ақша алып, үстіне пәленбай мың ақша қосылатын жұмыс таптым деп аузымды айға қаратып кеткен кездері де болды. Арада ай өткен соң болмады, ақшамды шығара алмадым деп қайтып келетін. Сондағы менен алған ақшасын достарына шашып, саунаға барып, қыз қырқынға құртады екен ғой. Оны кейін білдім. Білсем де үндемедім. Мен үшін отбасымның шырқы бұзылмағаны керек еді. Жыласам да, еңіресем де сыртқа сыр алдырмадым. Үнемі депрессия, уайым қайғыдан қан жұтып жүргендіктен де ме басым ауыратынды шығарды. Денсаулығымның да бірте-бірте кері кетіп жатқанын байқадым. Ара-арасында емделген сымақ болып жүрдім. Бала-шағамды жеткізуім керек деген мәселе бірінші орында тұратын мен үшін. Күйеуімнің сыры белгілі, содан несие алып, үлкен үй тұрғыздым. Оның қарызынан құтылған соң ел қатарлы мініп жүрейік деп астына көлік алып бердім. Бұрынғы бұрынғы ма, енді күйеуімді тіпті таппай қалатын болдым. Жұмыс істеймін деп көрінгенге қарыз болып, ақыры әлгі көлікті сатып тынды. Бір күні бір әйел келіп тұр «шығыңдар, мына үй менікі, күйеуің маған қарыз, үйімді беремін деп қолхат жазып берген» дейді. Қарасам шынында да күйеуім қолын қойып, «қарызымның орнына үйімді беремін» деп жазып беріпті. Қаным басыма шапты. Өліп талып, күні-түні жұмыс істеп жүріп үстеме ақысын төлеп несиеге салған үйімді тігіп жібергеніне қатты ашындым. Адвокат жалдап жүріп әупірімдеп үйімді әзер арашалап алдым. Сонда ғана күйеуімді балаларының болашағы тіптен алаңдатпайтынына көзім анық жетті. Оған тек бір күндік қызық болса болды екен. Жауапкершілік деген қасиет атымен жоқ болғаны ғой. Ішімнен тындым.
Ұрыс керістен кейін, жаздым, жаңылдым деп аяғыма жығылды. Оған қатты суып кетсем де балаларым үшін бәрін кешірдім. Оның баяғы істегендерінің бәрін ұмытып қайтадан көлік сатып әпердім. Біраз ақшаның басын құрап өзіме де көлік сатып алдым. Маңдай термен жиған адал ақшама. «Бір кәсіп бастайын деп жатырмын» деп өзінің көлігін ломбардтқа тігіп жіберді. Сол содан ақыры ол көліктен де айырылды. Жұмысқа мініп жүрген менің көлігіме жармасты енді. Қарындасынан пәлен миллион алған қарызға соның орнына осы көлікті беремін деп келіп тұр бір күні. Бұл жолы да әрине айқай шу шықты. Адал еңбекпен тапқан малымды мен соның қарызы үшін беруім керек пе? Шыдамымның көбесі сөгілген еді бұ жолы. Одан біржола көңілімнің қалғаны үш жыл бойы жеңілжүрісті бір әйелмен көңіл қосып мені әбден мазақ еткені еді. Балаларым үшін, отбасымды сақтап қалайын деп намысымды біржолта жерлеп бәріне де көніп келген едім. Енді мынаусы тіптен көңілімді қалдырды. Оған қоса енем келіп, бәріне мені кінәлі етіп, мәселемді майшаммен қарап кетті. «Ажырасыңдар ертерек, үйді бөліп алам, балама мынауский қызметі бар, үйі бар, машинасы бар қатын әперем, ажырас» деп айқайлады. Үй салғанда баласының бір тиыны шыққан жоқ қой, мен дүиенқоңыз емеспін. Бірақ жосықсыз кінәлау адамды ашындырып жібереді екен. «Балаңды сонша жыл асырап бағып келгеніме рахмет айт, мұның бәрін түсінбей қатын қуалап кеткеніне не жорық, балаңды алып кет, алған рахметім осы болса...» деп мен де қатты кеттім. Қатты қапа болғаннан кейде екі қолымды төбеме қойып безіп кеткім келетін. Болмаса шетелге кетіп қарамды батырсам ба деп те ойладым. Бірақ қошақандарымның болашағы үшін өзімді құрбандыққа шалған едім. Түзелер деп үміт күткен күйеуден қайран болмады. «Жұмыс істеп жатырмын...» деп түнімен жоғалып кетеді. Ертесі үсті сасып әлгі әуейі әйелдің үйінен келіп тұрғаны... Бұдан әрі төзу мүмкін болмады. Бәріне қол сілтеп «кетші...» дедім. Осыны күтіп жүргендей-ақ екен мен әперген бүкіл киім кешегін салып алып тайып тұрды. Әрине әлгі әйелдің үйіне. Бұрын оны ойласам жүрегім ауыратын, бұл жолы жүрек шіркін де жылай-жылай қатайып кеткен бе, селк етпеді. Оның кеткеніне еш қиналған жоқпын. Әрине жиырма жыл отасқан күйеуімді қию қиын шығар, бірақ оның маған істеген қорлықтарын ойласам тез қатайдым...
Балаларымды қатарынан кем қылмай жетілдірдім. Жақсы оқу орнына түсірдім. Олар да әкелерінің қорлықтары өтіп кетсе керек іздей қоймады. Жұмыс орнымда үлкейіп, қызметім жоғарылады. Көңіл күйім де көтеріңкі. Бұрынғыдай ішіп келер ме екен, қанымды ішер ме екен деп жүрегім суылдамайды. Жұқарған нерв талшықтарым да орнына келе бастағандай. Балаларыммен қосылып арқа-жарқа болып көңілді отырамыз дастархан басында. Кетіп бара жатқанында күйеуім «жетісерсің, байға тием деп мәз боп отырсың ба, сені шал да алмайды» деп мазақтап кеткен болатын. «Бай сендей болса, рахмет, мен сендей байға әбден тойғам, байға тимеймін, қорықпай-ақ қой» дегем... Қызмет бабымен үлкен қалаға ұсыныс түсті. Онсыз да бұрынғы қайынжұртым, «күйеуің үйтіп жатыр, бүйтіп жатыр» деп мазамды алатын, бәрін біржолата ұмытайыншы деп бірден келісімімді бердім. Жаңа орта, жаңа үй... өмірім өзгеріске толды.
Ажырасқан адамға жақсы атақ бар ма, бірақ мен адал жолымнан таймадым. Жолымыз екі айырылған күннен бастап бір еркекті жаныма жолатқан жоқпын. Мен үшін балаларымды жеткізу бірінші орында тұратын. Өмірім өзінің арнасына түсіп, көңілім тоғайып жүрген күндері ...мен оны жолықтырдым. Күйеуімнен әбден көңілім қалған мен енді өліп қалсам да күйеуге тимеймін деп өз өзіме серт берген болатынмын. Бірақ... Тағдырымның сценарийі тым өзгеріп кетті. Өмірімнің ендігі тізгін ұстары маған бір көргеннен-ақ ұнады. Бұл кезде балаларымды құтты орнына қондырып көңілім жайланған кез болатын. Біздің мекемеге шаруаларымен келіп кетіп жүретін ол көптен бері маған көз тігіп жүр екен. Мен туралы да әбден зерттеген екен. Бәрінен бұрын оған «артық жүрісі жоқ» деген анықтама қатты ұнаса керек. Шәйға шақырды, бардым. Екеуміздің көзқарасымыз да, таным түсінігіміз де бір жерден шығып жатты. Таң қалдым. Үндестік деген осы екен ғой. Ол жан жарын келмес сапарға аттандырған екен, балалары үйлі баранды болып кеткен. Әсіресе жан жарын сондай бір сағынышпен, құрметпен еске алғанында қатты таңырқадым «әйелдің қадіріне жететін адмдар да болады екен ғой» деп. Ақыры ол ұсыныс жасады, балаларымның алдынан өттім, қарсы болмады. Үйіне апарғанда да таңырқаумен болдым. Қарапайым ғана киініп, қарапайым ғана өмір сүретін ол миллионер болып шықты. Бірақ мен оның мұнысына қызыққан жоқпын. Екеуміздің үндестігіміз еді бастысы. Бүгінде бақыттымын. Әйел бақытын енді сезіндім. Егер бұрынғы күйеуіммен арпылдасып жүргенімде өмірім құр өткендей екен. Мен бәрібір оны АДАМ қыла алмас едім. Ұзынқұлақтан естимін, ол әлі де әр босағада қаңғып жүр екен, енем бақуаттты әйел тауып бере алмаса керек, ішкілікке мүлдем салынып кетіпті. Бірақ мен оны табаламаймын. Егер ол маған сыйластықпен қарап, ең болмаса балаларымның анасы ғой деп құрметтегенде мен бәрін кешірер едім. Бірақ енді бәрі кеш, өкінбеймін бірақ...