Балшы-балгерге сенемін деп...
Құрметті, "Алаш айнасы" интернет-газетінің оқырмандары. Мен "Отбасы – ошақ қасы" айдарынан әртүрлі тағдырларды оқып, өзімнің басымнан өткен бір оқиғаны жазуға бел будым.
Біз отбасымызда үш қыз өстік. Әкеміз анамның жас күнінде бізді тастап, басқа әйелге үйленіп кеткен екен. Ата-анам негізі Қызылорда жақтың тумалары. Әкемнің жұмыс бабымен Павлодар қаласына көшіп келген екен. Әкем сол кезде жақсы қызметте болған екен. Анам үшінші қызға босануға ауруханада жатқанда бізді тастап, Қызылордаға кетіп сол күйі оралмапты. Анам үш қызды құшақтап қала берген екен. Әкемізден бізге төрт бөлмелі үй қалыпты. Әпкем екеуіміз сабақтан соң шемішке сатып, күнімізді көрдік. Барлық дайынға үйреніп қалған анама бізді асырау өте қиынға соқты. Ол кезде Павлодар қаласында барлығы орысша тіпті балабақшалардың өзі тек орыс тілінде. Анамның педагогикалық жоғары білімі болса да, орысша білмегендіктен балабақшаға жұмысқа тұру қиынға соқты. Уақыт өтіп, қиындыққа шыдап, әпкеміз екеуіміз оқу бітіріп, жоғары оқу орнының студенттері атандық және қосымша жұмыс істедік, стипендиямызды жинап анамызға болыстық. Анамыз да ол кезде орыс топтарына қазақ тілінен сабақ беріп, бір мектепке мұғалім болып орналасқан.
Университет қабырғасында бір курстас қыз тұрмысқа шығып, біздер тойға бардық. Сол тойда кештің гүлі болып ұзын бойлы жігіт жүрген еді. Ортада билеп, кез келген қызды өзіне баурап әкететін жігіттің көзі маған түсіп, вальске шақырды. Өзін Алмас деп таныстырған жігіт Павлодар маңайындағы бір ауылдан екенін айтып өтті. Той соңынан мені үйіме шығарып салуға ұсыныс білдірді. Той аяқталып мені үйге шығарып салған жігіт келесі күні де менімен кездескісі келетінін жасырмады. Сонымен қойшы, күндер өтіп біз Алмас екеуіміз ажырамас жұпқа айналдық. Мен ол кезде төртінші курсқа аяқ басқан кезім еді. Анамыз бізді орысша мектепке бергендіктен біздің де тәрбиеміз орысшалау еді. Мектепті жақсы оқыдым, университетте де студенттердің алды болдым. Оқуымды аяқтамай тұрмысқа шығамын деген ой үш ұйықтасам да түсіме кірмепті. Жастық, буырқанған көңіл жігітімнің жұмыс істемейтіні, жоғары білім алмағандығы, қандай отбасында өскендігі, тәрбиесі еш ойландырмады. Тек махаббат, махаббат... Алмас маған үйлену туралы ұсыныс жасады, мен де еш ойланбастан келісім бердім. Үйге келіп, анама айтқанда, ол бірден қарсы болып: «Әлі жассың, оқуыңды да аяқтаған жоқсың», - деді. Бірақ мен өзімнің бірбеткейлігімнен «онда отырайық үйде өңкей күйеусіз қыздар, менің бақытым – Алмас» деп, қайтпадым. Анама Алмас екеуіміздің төсектес болып үлгергенімізді де жасырмадым. Анам жылай-жылай батасын берді.
Сонымен құдалық, той. Той болғанда қызық той-ау. Қазір есіме түссе не күлерімді не жыларымды білмеймін. Үйде қызды алып кетуге келетін күйеу жігітті күтіп туыстарым отыр, бір кезде есік алдыннан машина сигналы естілді. Менің армандап ойлағаным қиял екен, есіктің алдында такси деген жазуы бар машина мигалкасын қосып, машина-такси тұр. Ішінен менің болашақ жарым шығып келеді. Басында ыңғайсыздансам да жігітімді көріп, қуанып, бәрін ұмыттым. Қаланың қызы ауылға келін болып түстім. Негізі өзім қаланың қызы болсам да анам оңтүстік облыста туып-өскендіктен біз кез келген үй шаруасын дөңгелетуге және тамақ пісіру жағынан мықты едік. Мен келін болып түскен отбасында үш бала екен. Екі қарындасы және менің күйеуім. Той өткен соң күйеуім оқуыңа баралық, қалаға қайталық деп айтқан соң ауылда бір апта тұрып, сөмкемізді сүйретіп екеуіміз анамның үйіне келдік. Жұмыс істемейтін күйеуім ауылдан қалаға асыққанына басында мән бермедім.
Соңғы курс, диплом, емтихан. Анам мен әпкем жұмысында, мен және кішкентай қыз сабақта, менің күйеуім үйде. Кешке келеміз, ол бізді күтіп теледидар алдында отырады. Менің күйеуімнің ойына жұмыс істеу деген ой келмейді, дайын тамақ. "Алмас, Алмас" деп, жүгірген қайын жұрт. Бір күні анам Алмас үйде жоқта маған күйеуімнің жұмыс іздегені және жеке тұрғанымыз дұрыс екенін айтты. Мен анамның ойын жолдасыма айтып едім, ол жұмыс таппай жүргенін және дайын үлкен үйден қайда барамыз, осында тұра бермейміз бе деп дүңк етті. Сонымен мен диплом алдым, күйеуім таңертен кетіп, жұмыс іздедім деп кеш келеді. Мен күйеуіме ауылға барып тұралық және ауылдың мектебінде маған мұғалімдік жұмыс табылар дедім. Өйткені, менде басқа шара жоқ еді, өйткені бір жағынан анам, бір жағынан әпкем миымды жеп қойды: "Тапқан байың осы ма, бізге масыл болды" деп.
Біз жүгімізді жинап, ауылға келдік. Мен мектепке мұғалім болып орналастым. Бұрын байқамаған екенмін, менің келін болып түскен ортам тәрбиесі мүлдем қызық болып шықты. Атам енемнің үшінші күйеуі екен. Қайынсіңілім қай сыныпта оқитынын дұрыс білмейді, «а» сыныбында оқисың ба?» десем, «ия» дейді. «Сені іздеп бардым ғой, сені онда оқымайды деді» десем, «е, онда «б» шығар», дейді былқ етпестен. Енеміз екеуімізге күнде түскі асқа ақшаны маған беретін, мен қайынсіңілімді түскі асқа апармақшы болып іздеп барғанмын. Атам да жұмыс істемейді. Атам енемнен алты-жеті жас кішілігі бар. Енем сылқылдап киініп алып, құрбыларын аралап қыдыруды жақсы көреді. Үй шаруасы, күйеу тамағы, балалар тәрбиесі деген ойына кіріп шыққан емес. Алған еңбекақымды енеме беремін. Бір күні енемнен еңбекақымның жартысын ұялмастан сұрап адым, өйткені жолдасымның үстінде бір дұрыс киімі жоқ еді. Тіпті ішкиімдерін қашан алғаны белгісіз, қарауға ұят. Өзі намыстанбайтын. Шынын айтсам, ішетін тамағымыз да мәз емес еді. Жылы-жұмсақ жеп үйреніп қалған қала қызына оңайға соқпады, бірақ күйеуімді жақсы көргендіктен бе, әлде өзім ойланбастан жасаған ісім болғандықтан ба шегінетін жол жоқ еді. Анама жылап баратын емес. Ол жылы қабақ танытпасы анық. Атам ұсақ-түйек жұмыс жасаған болады, күйеуім күні-түні үйде, арасында достарымен қыдырып, кеш келеді. Енемнің бет-аузын бояудан қолы босамайды. Енді үй шаруасын, тұрмысын өзім қолыма алуға бекіндім. Алған айлығымды өзім ұстайтын болдым. Ай сайын дәптерге алатын заттар мен тамақ тізімін жазып, орнымен жұмсай бастадым. Енеме азын-аулақ тиын-тебен ұстаттым. Енем барлық айлықты сұрауға батпады. Ауылда бір жылдай тұрдық. Күйеуім жұмыссыз. Тапқан менің ақшаммен тұрмысымыз оңалып кеткені шамалы. Ішкен ас пен үйде береке жоқ. Анда-санда төркінге барып тұрдық, барған сайын анам сумкамды толтырып, киімімді бүтіндеп көңілім марқайып қалады. Тұрмысымның керемет емес екенін ана жүрегі сезеді. Мен өзімше білдірмеймін. Біраз уақыттан соң анам шыдамады, «қалаға қайтып келіңдер, жұмыс тапқанша осы үйде тұра беріңдер» деді. Бұл ұсынысқа мен іштей қуансам да күйеуіме қарадым. Байқасам күйеуім менен артық қуанып тұрған сияқты.
Қалаға келдік, мен өзім оқыған университетке әдіскер болып жұмысқа тұрдым. Магистратураға құжаттарымды өткіздім, ойым – білімімді жалғастыру. Күйеуімді бір туысына екі жүз доллар беріп жүріп, бір фирмаға күзетке жұмысқа кіргіздік. Енді жеке шығу жағын ойластырып, бір бөлмелі пәтер тауып, жеке шықтық. Жағдайымыз оңала бастады, мен магистратурада оқып стипендия алып және әдіскер болып жұмыс істеп жалақы алдым. Аяғым ауырлап, дүниеге ұл бала әкелдім. Өзім баламен үйде. Күйеуім жұмыста. Әкелген ақшасын үнемдеп жұмсап, бір жағынан әпкем мен анам болысып, балаға алты ай болғанда бала бағатын көрші әжейді жалдап, жұмысқа шықтым. Қарбалас өмір басталды. Күндіз жұмыс, кешке бір үй маңындағы шаштараздың еденін жуамын. Түнде ақшаға диплом, курстық жұмыстар жаздым. Күйеуім сол күзет, бір күн істеп екі күн дем алып. Қосымша ақша табу ойына еш келген емес. Сонымен біраз уақыттан соң анамның үйін кепілдікке қойып, екі бөлмелі пәтер алдық, өйткені ай сайын бостан-бос ақша төлегенше өз үйімізге төлейік деп шештік. Ұлымыз өсіп келеді, бірақ күйеуім жұмыстан шығып кетті, «жалықтым, бұл жұмыс ұнамайды» деп. Сонымен сандалып анда-мында жұмыссыз үш ай жүрді. Одан кейін бір жерге жүк көтеруші болып тұрып, денсаулығым келмейді деп шығып кетті. Күнде барын киіп алып жұмыс іздеуге кетеді. Айлық алған сайын маған анадай киім керек, мынадай киім керек деп өзін бірінші ойлайды, алмасақ ұрыс-керіс. Мен баламды туған соң толып кеттім, бұрынғы киімдерім сыймайды. Әпкемнің киімі дәл келмейді. Көрші тігінші әйелге арзан матадан көйлектер тіктіріп жүрдім, қымбат киім алғанға отбасы жағдайын ойладым және ай сайынғы үй несиесі бар. Жұмыс іздеуге кететін күйеуім соңғы кезде кеш келіп, тіпті үйге қонбайтынды шығарды. Басында мән бермесем де соңғы кезде ұялы телефонына қыз-келіншектердің хабарласып жатқандығын байқадым, тіпті түнде де хабарласатын, беті бүлк етпестен достарым дейтін. Балам үшін үй шырқын бұзбайын деп, үндемей құтылатын едім. Бір күні жұмыссыз күйеуім бір аптаға жоғалып кетті. Менің ойымда бірдеме болып қалды ма деген жаман ой, телефоны сөндірулі. Басында ауылға әке-шешесіне кетті ме әлде бір жерге жұмысқа кетті ме деп ойладым. Жұмыста бір келіншек көрші подьезде тұратын жесір келіншектің үйінен шығып бара жатқан Алмасты көргендігін айтқанда, не дерімді білмей тұрып қалдым. Алып-ұшып үйге келдім де кешке сол келіншек тұрған үйге барсам, өз көзіме өзім сенбедім, менің күйеуім диванда шалқиып теледидар көріп жатыр. Ол келіншек бір кәсіпорында есепші болып жұмыс істейді екен, жасы менің күйеуімнен бес жас үлкен. Еш ойланбастан күйеуіме үйге кеттік дедім, күйеуім: «өзің жүре бер, сенімен тұрғым келмейді, сен – семізсің, айнаға неге қарамайсың» деді. Жеңіл өмір тапқан сықылды.
Жылап шығып кеттім, үйге келіп түнімен ұйықтай алмадым. Неге бұлай деген сұрақтар көкейімде тұрды. Махаббат қайда, не өмір, менің не жазығым бар?! Семіріп кетсем, бала тапқаннан соң болар. Шынымен айнаға қарасам, өзімді жек көріп кеттім. Келесі күні жұмысқа барып арықтаудың жолдарын сұрастыра бастадым. Біреу сол кезде Борменталь жарнамасын айтты. Іздеп жүріп солардың офистеріне бардым. Ойым тез арықтап кетсем, күйеуім өзіме қайтып келер деген ой. Он бес мың теңге беріп, сеансқа жазылдым. Қазір ойласам, күлкім келеді. Барлық семіз адамдарды жинап қойып, көзімізді жұмғызып, бір доктор тұрып барлығымызға дәріс оқиды. Бір күні кезекті сеанста шыдамай осы неге көзімізді жұмғызып қояды деп, ақырын көзімді ашсам, қызық, бір доктор қолында кітап, содан оқып тұр. Мынаны жеме, ананы жеме, ол – шошқанын тамағы деп. Негізінен диета береді, ол диетаны өзің де біліп жасауға болатын диеата ғой, мында тек ақша төлеген соң айтқандарын істеуге мәжбүр боласың. Сонымен он күн өтіп менің тым керемет арықтап кеткенім шамалы еді. Жаным жай табар емес, енді емші-көріпкелдерді жағалай бастадым. Сонымен бір орыс әйеліне бардым, ол сенің күйеуіңді дұғалап оқытып алған, қайтарамын, тек ақшасын төле деді. Тек күйеуіңнің екі күн бұрын киген іш киімін әкел деді, ойбай үйге қонбайтын еркектің іш киімін қайдан аламын. Онда маған жылқының жалынан бір екі тұтам жал әкел деді. Қалада қайдағы жылқы, бір таныс қызымның ауылына барып, атасына жылқының бір екі тал жалын жұлдырып алдым. Әкеліп көріпкел орыс әйеліне бердім. Бір аптада қайтатын күйеуімнен хабар жоқ. Бір апта емес бір ай өтті. Енді басқа бір көріпкел әжей таптым. Ол әжей маған өзімнің тұратын үйімнен жігіт тұрып жатқан үйге дейін себетін құм әкел деді. Алып-ұшып машинасы бар құрбыма бардым, Ертістің жағасынан құм әкелейік деп. Ол құрбым: «Ақымақсың, сенің үйің мен ана Алмас тұрып жатқан үйге бір КАМАЗ құм керек, есің дұрыс па» деп ұрысты. Тоқтай алар емеспін, миымда оны дұғалап алған, қалайда қайтару керекпін деп. Енді газеттен жарнама арқылы Лиза деген татар әйелді тауып соған бардым. Ол әйел күйеуімнің фотосын өзінде алып қалды да маған күнде таңғы бесте тұрып үйдегі ауа тартқышқа (отдушинаға): Алмас, қайт үйге, қайт (вернись Алмас, вернись) деп айтасың деді. Сонымен мен Алмасты қайтару жолын, Лиза "емші" айтқандай жасап жүрдім. Ол маған жеті күн айтасың деген. Бірінші күн айттым, екінші күн тағы солай жасадым, төртінші күні орындыққа шығып, айқайлап тұрған өз ісіме күлкім келді, бір жағынан жылағым... Қайдағы отдушина, мен не істеп тұрмын, мұның не мешітке неге бармайсың, Алладан неге сұрамайсың деген ой келді. Мен мешітке бару, аруақтарға құран бағыштау дегенге көп мән бере бермейтінмін. Содан таң ата мешітке барып құран оқытып, Алладан кешірім сұрадым..
Бірақ, сол күйі күйеуім оралмады, кейіннен біз ажырасқан соң өзінен жиырма бес жас үлкен бай әйелдің күйеуі болып шыға келді. Қазір ойласам, дұғасы да түгі жоқ, тек жеңіл өмір іздеген жалқау күйеу екен. Шарлатан балшы-балгерге сеніп ақша шашудың, уақыт өткізудің қажеті жоқ екенін түсіндім. Ақымақ күйеу өз дегенін жасайды екен, оны түзетемін деп әуре болудың қажеті шамалы екен, ең бастысы жүрек тазалығы, Аллаға деген сенім мықты болу керек екенін ұққандаймын...
Мен үйімнің несиесін жауып, пәтерімді жалға беріп, Астанаға жұмысқа ауысып, машина алып, жеке бас өмірім де өзгерді. Өзімді бағалайтын азаматты таптым. Күйеуіме деген еш сезім қалмаған, балам да ер жетті анаммен бірге тұрады, әкесіне жіберіп тұрамыз. Күйеуім бай әйелдің арқасында балама жақсы көмектесіп тұрады. Бірақ уақыт өте келе бала керек пе әлде ақыл кірді ме әлде жасы үлкен әйелден жалыға бастады ма маған жиі хабарласатынды шығарып жүр, тіпті түнде телефон шалатын болыпты. Жуықта тұрмысқа шыққалы жатқанымды естіп, маған хабарласып тұ: «саған күйеуге тиюге кім рұқсат берді?!» деп...