Вокзалда таксиге міндім. Жүргізушісі орта жастан асқан қазақ. Бірінші бағдаршамға келіп тоқтадық. Қасымыздағы жолаққа Гелен тоқтады.
Жүргізуші:
-Ухх, осыларды ма, тура…
Мен:
-Түсінбедім? Кімді?
-Еее,…Мына байдың қатындарына жыным келеді.
-Неге?
-Бір-бір джипты мініп алып…
-Ол жол ережесін бұзған жоқ қой.
-Енді қайтейін?!
-Неге ызалысыз оларға?
-Қалай ызаланбайсың?… Қандай еңбегімен тапты дейсің мына геленін? Байы сыйлаған шығар…
-Сыйлыққа алғанның несі жаман?
— Байлар қатындарын құтыртып қойған…
-Құтыртса да, сыйлық сыйласа да, өз əйеліне сыйлап тұр ғой.
-Ақымақ əйеліне гелен сыйлағанша, кедейлерге көмектеспейді ме…?
-Бай адамдардың əйелдері ақымақ деп кім айтты сізге??!
Таксист маған жалт қарады. Сөзім ұнамай қалғанын бірден түсіндім.Үстімдегі киімді көзімен бір шалып шықты да:
-Мм. Байдың əйеліне ұқсамайсың. Неге қорғаштап отырсың ол қатындарды?!
-Əрбір жетістікке жеткен ер адамның үйінде АҚЫЛДЫ əйелі бар!
-Эээй, қалқам! Сен сонда менің əйелім ақымақ деп айтқың келіп тұр ма?
-Бұл сөздерді айтып тұрған мен емес.
-Өзіңді тым ақылды санап отырсың ба?
-Жоқ. Ондайдан аулақпын. Сіздің танымайтын бір келіншекті Геленде отырғаны үшін ақымақ деп айтқаныңыз ұнамады.
— Оның ақылды екенін сен қайдан білесің, ə?
— Ақылды əйел күйеуіне демеу бола білсе, қиын кезде қолдап отырса, тапқан ақшасын ұқсатып ұстап, бала-шағаға жеткізіп отырса, тамағы тоқ, киімі көк болса, ер адамның өзіне деген сенімі, жігері артып, балаларына , сүйікті əйеліне бұдан да жақсы жағдай жасағысы келіп, талпына бастайды.Үйіндегі ауа райы жақсы болса, сыйлы болса, жұмысы да алға басады.
-Менің əйеліме қанша ақша тапсам да , жетпейді деп отырады. Жұмыс жоқ, осы көк жигулиім асырап отыр.Əйелім мектепте мұғалім. Ұлдар студент. Тайраңдап жүрген байдың қатындарын көрсем, жыным келеді…
-Көреалмаушылық жаман қасиет.
-Кім айтты мен оларды көреалмайды деп?!
-Ақымақ деп жақсы көргендіктен айтып отырсыз ба сонда?
-Жоға! Айттым ғой, жыным келеді оларға деп!
-Басқа адамдармен шаруасы жоқ адам ешкімге ызаланбайды. Сіздің ашу мен ызаңыздың зияны кімге тиеді, айтыңызшы?
-Кімге тиедісі не?
— Сіз гелендегі келіншекке ашуланып, боқтағаныңызды ол естіген де жоқ. Ал сіз өз жүйкеңізді өзіңіз жұқартып отырсыз ғой
Таксист ойланып қалды. Мен керек жеріме жеттім:
-Рахмет.Сау болыңыз.
Жауап жоқ. Əлі ойланып отыр.
P.S.: үш нүктелердің орнына теледидарда боқауыз айтылған кездегі «пиик -пиик» дейтін дыбысты елестетіңіз.
Ақсұңқар Әубәкірова
ikerim.kz/