Атырауда 14 жастағы жасөспірім суицидке не үшін барғанын айтып берді. Ол отбасылық жанжалдан соң көп мөлшерде қан қысымын төмендететін дәрі қабылдаған. Анасына барғысы келмейтіндіктен осындай қадамға барғанын айтып, ғаламторға жүктеген.
 
Ал, анасы болса 10 айдан бері, бұрыңғы күйеуінен балаларын ала алмай жүр.
 
Отбасынан кетіп қалған келіншек, сот орындаушысымен бірге  балаларына келген. Алайда кездесу соңы дауға ұласып, сол күні кешкісін 14 жастағы қызы ауруханаға түскен.
 
Дулат САБЫРОВ, АТЫРАУ ОБЛЫСТЫҚ БАЛАЛАР АУРУХАНАСЫ БАС ДӘРІГЕРІНІҢ ОРЫНБАСАРЫ:
 
- Бала қан қысымын төмендететін дәрі қабылдаған. Қанша мөлшерде белгісіз. Есінің айырылуына байланысты, әлсіздікке байланысты ауруханаға қабылданып, керекті емі жүргізілген. 12 сағаттан кейін емнің көмегі болып, бала өзіне өзі келгеннен кейін педиатрия бөлімшесіне аударылды.
 
3 күннен соң ауруханадан үйіне оралған жасөспірім, ел Президентіне ашық үндеу жазып, ғаламторға таратып жіберді. Онда анасына барғысы келмейтінін, әкесінен ажыратқан жағдайда өмір сүрмейтінін ашық айтады.
 
ВИДЕО ҮНДЕУ:
 
Папамнан айыратын болса, мен өмір сүрмеймін деп өз-өзіме қол жұмсадым. Барғым келмейді. Өйткені ол басқа ағамен тұрады. Мен ол ағамен тұрғым келмейді. Ол менің папамдай бола алмайды. Сол үшін мен өз-өзіме қол жұмсадым.  
 
Ата-анасы былтыр қыркүйекте ажырасқан. Ерлі-зайыптылардың арасында 4 бала бар. Үлкен 14-те болса, қалғаны 9,7,4 жаста.
 
Алдымен кәмелетке толмаған істер жөніндегі сот, балаларды әкесімен қалдыруды жөн көрген. Кейін азаматтық істер жөніндегі сот алқасы анасына беруге шешім шығарыпты.  
 
Күнсұлу  ҒАЛИЕВА, БАЛАЛАРДЫҢ АНАСЫ:
 
 
- Оған дейін мен бәленбай рет бардым. Кіргізбейді. Есікті ішінен кілттеп алады. Барсам неше түрлі сөздерді айтады. Балаларға сол сөздерді үйретіп қойған. Сен мамаң жаман, сен мамаңа барма. Сен мамаң сондай деп баланың миына құйып тастаған. Тіпті мектепте апайлары да көрсетпейді. Мектеп директоры көрсетпейді. Әжесі ұрсады деп. Мен туғаннан осы уақытқа дейін бағып келген баламды тастап кетеді деп ойлаймыздар ма?
 
Майра БАТЫРХАЙЫРОВА, ЖЕКЕ СОТ ОРЫНДАУШЫ:
 
- Ғалиева Күнсұлу аналық құқынан айырылған адам емес. Ол өзінің балаларын алуға сот шешімін шығарып отыр. Ол заңды күшінде тұрған сот шешімі. Ол шешім күші жойылған жоқ. 31 қаңтардан бері қарай осы сот шешімі орындалмай келе жатыр. Ол кісі шақырғанға келмейді. Қағаздың бәрін почтамен жібереміз, үйіне барғанда есік еш уақытта ашпайды.
 
Әкесі қызы қандай таңдау жасаса да қарсы емес екенін білдірді. Бірақ аналары перзенттерін үйден кеткелі іздемегені үшін әлі күнге кінәлайды.  
 
ӘКЕСІ:
 
- Бармаймын деген баланы мен зорламаймын. Екі жылдан кейін келіп тұрғаны осы. 2 жыл бойы мен жүрдім баланы бағып, садикке тасып, сабаққа тасып. Баланы көрсетпеймін деп айтпаймын. Өзі келіп көруге болады. Көрсетпеймін деп жатқан жоқпын.  Бала енді мамасын да, бәрін де өскесін жақсы көреді ғой.  Оны да түсінемін жағдайын.  
 
Енді сот шешімін орындамаған әкеден, мемлекет пайдасына шамамен 1 миллион теңге өсімпұл өндірілмек. Сот орындаушы сотқа ұсыныс жіберіп қойған.
 
Ашулы тараптар ортақ келісімге келер емес. Оның зардабы ортадағы балаларға оңай болмай тұр.