Асырап алған баламнан айырылғаным жаныма батты
Мен біреудің кенже қызы едім. Өте ерке болып өстім. Өзімнен үлкен бес әпкем мен бір ағам, бір бауырым бар. Кеңшарда басшылық қызметте істегендіктен, әкем бізге барлық жағдайды жасай білді. Аста-төк өмір кештік. Ал анам адуынды адам еді. Бірдеңені ойға алса, түбінде сол мақсатына жетпей қоймайтын.
Бала кезімде мен адам баласының бәрі бақытты ғұмыр кешеді деп ойлап, өмірдің көлеңкелі жақтары болатынын білмеген екем. Бірақ мені болашақта жан азабы күтіп тұр екен. Сол азап менімен серіктесіп келе жатқанына, міне, он төрт жыл болыпты. Ешкімге сырымды ақтара бермейтін едім. Бірақ өмірімдегі бір оқиға қатты соққы болып, ішіме шерімді сыйдыра алмадым. «Досқа – күлкі, дұшпанға таба» болып, біреулерге жырлап та отырғым келмейді. Сондықтан жан сырымды «Алаш айнасына» ақтарғаннан басқа амалым жоқ.
Мен жан жарымды адаспай тапқан жандардың бірімін деп ойлаймын. Тау тұлғалы, мінезі жайдары, жоғары білімі бар әрі табысты қызметте жұмыс істейтін Мерхатты көргенде, кез келген қыздың арманындағы ханзада осындай-ақ болар деп ойладым. Мерхаттың әкесі жоқ екен. Анасы және бір інісі бар болып шықты. Бір-бірімізді әбден таныған соң біз шаңырақ құрып, бірнеше жыл бойы енеммен бірге ғұмыр кештік. Ол кезде інілері бойдақ еді.
Біз бір-бірімізді қатты жақсы көреміз. Мерхат мені қатты сыйлап тұрады, жалпы кіммен болса да сыпайы қарым-қатынаста. Ешқашан арамызда ұрыс-керіс болып көрген жоқ. Бастапқыда білінбегенімен, екі-үш жыл өте келе арамызда баланың жоқтығы ақырындап біліне бастады. Мерхат үндей қоймағанымен, енемнің өзімнен жағымды жаңалық күтетінін ішім сезеді. Дегенмен, жұмысы бар адам жұмысымен алданатындықтан, бастапқы жылдары баланың жоғына онша мән бере бермейтінбіз.
Бес-алты жылдан соң үлкен қайным үйленді. Көп ұзамай олар балалы болды. Абысыным тікбақайлау еді. Қайныммен тіл табыса алмай, екі жылдан соң ажырасып кетті. Ажырасқанда ерегескені сонша, не қайныма, не енеме баласын көрсетпейтін болды.
Сөйтіп жүргенде екінші қайным да отбасын құрды. Жарты жылдай уақыт өткенде енем қайныма:
Маған немере сүйгізіп қаларсыңдар жақында, - деп қалды. Қайным болса күмілжіп:
Әзірге Даянаға бала көтеруге болмайды. Дәрігерлер тыйым салған, - деді.
Қайнымнан егжей-тегжейлі сұрастырсақ, абысыным біраз уақыт бұрын туберкулезбен ауырып, уытты дәрілер қабылдапты. Сол себепті де, емделу уақыты біткен соң да біраз айға дейін бала көтеруге болмайды екен. Өйткені ағзада дәрігердің уыты ұзаққа сақталатындықтан, баланың кемтар болып тууы мүмкін екен.
Мұны естіген енем бұлқан-талқан болып:
Маған дегенде осындайлар дайын тұрады екен! Бұл қатындардың кесірінен үш ұлымнан бір немере иіскей алмайтын болдым ғой! – деп қалды.
Дәл осы күнге дейін енемді сыйлап, жақсы көретінмін. Осы сөзінен көңілім қатты қалды, өйткені бір ұшы маған тиіп тұр емес пе.
Содан ол кісімен көпке дейін сөйлеспей қойдым.
Сөйтіп, жылдар өтіп жатты. Уақыт өте келе мен адамдардың: «Не жаңалық бар? Дәрігерлер не деп жатыр?» деген сұрақтарынан жалығып, құрбыларымның «баладан не хабар?» деген сауалдары жүйкеме тиетін болды. Біртіндеп-біртіндеп араласатын адамдарымның қатарын сирете бердім.
Шынымды айтсам, анам барда баланың жоқтығы жаныма соншалықты бата да қоймайтын. Анам кенеттен өмірден озған кезде мен өзімді соншалықты жалғыз сезініп қалдым. Өйткені ол маған рухани ғана емес, материалдық қолдау танытқаннан жалыққан емес. Бір жерге дәрігерге бару керек болса қалтамды ақшаға толтырып, барлық мәселемді шешіп беретін. Енді, міне, жағада қалған қайықтай күй кешіп қалдым.
Медицина саласындағы бір жаңалықты естісем, қуанып қалатын едім. Жасанды ұрықтандыру арқылы шаңырақтардың шаттыққа кенеліп жатқанын көргенде, менің де бір күні солардың ізін басатыныма еш күмәнім болмады. Елімізге аты әйгілі медицина мекемелеріне барып қымбат-қымбат ем алдым. Дәрігерлер: «Ем біткеннен кейінгі белгілі бір уақыт ішінде бала көтеріп үлгеруіңіз керек. Одан соң жатыр түтікшелері қайта бітеліп қалады», - дейді. Сол бір мерзімде үміттеніп, бір өзгеріс болар-ау деп күтемін. Бірақ өзгеріс болмайды. Емделе-емделе талай қаражат босқа кетіп жатты. Тіпті болмаған соң бір рет квотаға да қол жеткіздім. Одан да қайран жоқ. Бала асырап алу туралы ойлар басымды талай шарлағанымен, «ол кімнің баласы болады? Тегі нашар болса не болмақ?» деген қайдағы бір ойлар торуылдап, райымнан тез қайтатынмын.
Бұл уақытта ағам да, бауырым да үйленген, үлкен ағамның алты баласы бар еді. Жеңгем балаларын бағуға жалғыз үлгермей, төгіліп-шашылып жүргені. Бір күні жеңгем телефон соғып, тағы да жүкті екенін айтты. «Кіші балам әлі кішкентай. Оған қалай қараймын енді?» - деп қояды. Мен «асырай алмасаң, бұл баланы маған бере салыңыз» деп қалжыңдай салдым. Сөйтсем, сөзім ол кісіні ойландырып тастапты.
Бір күні әпкелерімнің бірі хабарласып:
Дина, сен Айбектің баласын асырап аламын дегенсің бе? Туған соң саған беремін деп отыр. Олар балаға зәру емес қой. Асырап алғаның да жөн шығар. Өзіңе ермек болады, кім біледі, жолы оң болып, артынан сәби ерер, - деді.
Кешкісін күйеуіммен ақылдасып едім, шын қалай ма, әлде менің көңілім үшін бе, ол қуанып кетті.
Осылайша, айы-күні жетіп жеңгем босанды. Баланы қырқынан шыққанша өз бауырында ұстап, қырық күннен соң біз келіп алып кеттік.
Үйімізді баланың тәтті исі жайлап, тіршілігімізге жан бітті. Күйеуім жұмыстан кіре баланы иіскейді, содан соң екеуміз оны шомылдыруға кірісеміз. Ол таза киімдерін үтіктеп, массаж жасайды. Ағамның емес, тура өзімізден туған бала сияқты. Оның біреудің баласы екенін ұмытып та кетіппіз. Әзірге құжат жағы рәсімделген жоқ болатын. Бала біраз шираған соң барып құжаттарды реттейміз деп ойлағанбыз.
Құрбыларым келіп бөлмені ойыншықтарға толтырып тастады. Қысқасы, бұрын-соңды сезінбеген бақыт құшағындағы бір өмір басталды да кетті. Бірақ бұл тағдырдың бір уақытша мазағы екен.
Бір күні салып ұрып жеңгем келді де, баласын әкететінін айтты. Жеңгем менің балаға үйреніп қалғаныма, жан дүниемдегі өзгерістеріме пысқырған да жоқ. Мүмкін, біреулер, «іштен шыққан балаңды біреуге бергенің не?» - деп айдап салған шығар, кім біледі. Әйтеуір қадалған жерінен қан алған жеңгем баланы алды да кетті.
Бұрынғы бұрынғы ма, менің нағыз азапты өмірім енді басталды. Тәтті түс көріп оянып кетем де, бесік тұрған жерге қолымды созам. Қолыма ештеңе ілікпегенде барып секпіл бет жеңгемнің жиіркенішті сол бір жүзі есіме түседі. Сондай кезде өмірден түңіліп кетемін.
Бұрынғыдай әлеуметтік желілерге жоламайтын болдым. Өйткені зеріккен құрбыларыммен жеңгемнің мінезі немесе жасанды ұрықтандыру тақырыбын талқылағым келмейді.
Бір күні тағы әпкем қоңырау шалды.
Дина, жеңгеңнің ағасы асылып өліпті! Пәленінші күні жерлейді! – дейді.
Туған құдам ғой, марқұм жақсы адам еді, жаназасына алыстан мен де бардым.
Жер бауырлап өксіп жылап жеңгем жатыр екен. Зарлағанда, дауысынан жер қозғалғандай. Туғаныңнан айырылуды құдай басқа бермесін. Бір уақытта жеңгем менің аяғыма жығылып:
Дина, сен мені қарғадың ба? Кешірші мені, кешірші! Керек болса, баланы қайтарып берейін! – деп зарламасы бар ма!
Шошып кеттім. Жеңгемнен көңілім қатты қалғанымен, оны қарғап неғылайын? Жеті бауырымның анасы емес пе.
Оның даусы әлі күнге дейін есіме түссе, денем тітіркенеді. Бала асырап алу дегеннен бетім қайтып қалған. Менде, міне, сол баяғы жалғыздық. Ешкімді көргім келмейді. Өмірдегі жалғыз сүйеуім де, алданышым да күйеуім болғанымен, баланың жоғы орасан қайғы екен...
Дина Сапар,
Астана