Ақтауда оқушы қызды алып қашқан сәт видеоға түсіп қалған
Ақтауда кәмелетке толмаған қызды үш жігіт көлігіне қинап отырғызып, алып қашып кетті. Оқиға алтыншы қаңтарда болған, - деп хабарлайды Alashainasy.kz тілшісі "Экспресс К"-ға сілтеме жасап.
Ғаламторда тараған бейнежазба қоғамда үлкен резонанс туғызды. Онда оқушы қызды үш жігіттің малша көтеріп, көлікке тиеп алып кеткенін көруге болады.
Белгілі болғандай, алып қашқан жігіттер қыздың сыныптасы болып шықты.
Ақтау ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, іс қандай да бір қылмыс құрамының болмауына байланысты тоқтатылған. Өйткені жәбірленуші тараптан ешқандай арыз түспепті.
Ал қыз бен жігіт бірнеше жылдан бері сөз байласып жүрген екен. Қазіргі таңда екі жақтың ата-анасы құда болуға уағдаласып, ортақ келісімге келді. Екі оқушының тойы олар мектеп бітірген соң өтуі мүмкін.