Әпкем жұмыс тауып беремін деп қара жұмысқа салды
Оқу бітіргеннен кейін маған оңайлықпен жұмыс табыла қойған жоқ. Ауылға барып, анама көмектесіп үй шаруасынан босамай жүргенімде қаладағы нағашы әпкем мені шақыртып алды. Жұмыс тауып беремін дегенді естіген соң ауыл да бір сәтте аялдағаным жоқ. Жездем табыскер азамат. Балалары мектепте оқиды. Әпкем болса ұстаз. «Тамырым көп, өзіңе лайық жұмыс» тауып беремін» дегені маған майдай жақты.
Алып ұшып қалаға келгеніммен бірден жұмыс табыла қойған жоқ. Тамыр-таныстарды жағалағанымен менің қолайыма келетін жұмыс кездеспей қойғаны. Ананы-мынаны жағалаған соң уақытша әпкемнің үйінде шаруаларға қарайласып жүрдім. Осылайша күндер зырғып өте берді. Өзінің жұмысынан қолы босамаған соң ол менің барымды ұмытқандай көрінді. Есесіне күнұзақ үйде бос отырғызбайды. «Істей сал» деген желеумен көптеген жұмыстарды мойныма жүктеді. Кір жуу, үй жинау, тамақ істеу, басқа да ұсақ-түйек жұмыстарды атқару аса қиын болмағанымен, уақыт өте келе қажыта бастады. Айтайын десем, мінезі дүлей әпекем жұмысқа орналастырмай қоя ма деген іштей үрейдің табы болды. Сондықтан, лажсыз осы іске көнуіме тура келді. Алайда уақыт өте келе тапсырылған жұмыстардың орындалуына оның көңілі толмайтын болды. Ұрыс ести бергенмен оған қарсы үн қататындай ойым болмады. Әншейін ашумен ұрысқан болар деп бәріне үнсіз көне бердім. Уақыт өткен сайын ол бұрынғыдай жұмыс тауып берем деген уәдесін ұмыта бастады. Ол аз болғандай сатып алған малайындай мені қара жұмысқа үсті үстіне жеге бастады. Әрине, ауылда қалған ата-анам мұны білген жоқ. Олар мені жұмыс күтіп жүр деп қана ойлады. Арасында телефонмен сөйлескенде мен оның бірін де ата-анама айта алмадым.
Бірде әпкем мені жұмыстан келісімен тағы жұмсауға көшті. Даладағы гүл егетін қара топырақты қопсытып болып, даланы сыпыруым керек болды. Екі жұмысты қатар істейтіндей менің мүмкіндігім жоқ. Солай бола тұра, әпкем сылбырсын деп бір сыбап алды. Оны аз десеңіз, аула ретсіз жиналған деп маған жүктелмеген жұмыс үшін тағы бір ұрсып алды. Шамасы, жұмыста біреумен ұрысқан болуы керек. Үйге келісімен біреуде кеткен есесін менен алатын.
Әпкемнің қара жұмысқа салғаны мені іштей қатты күйзелтті. Кетіп қалайын десем, жақын туысым. Туыстықтан аттай алмай бәріне шыдап жүрдім. Ең қиыны, оның қызы таңертең тұрғанда төсегін жинамайтын. Сол үшін ол мені сөгіп алатын. Кейін онымен шектелмей «таңертең тұрысымен Әсемнің төсегін жинауға тиіссің» деп діңкілдейтін болды. Оған да ләм-мим деп ауыз ашпадым. Төсек жинау ештеңе емес қой. Ең азабы, қызы 15 келсе де ұйықтағанда кіші дәретін ұстай алмай қалатын. Соның төсегін күн сайын жуу мен үшін қияметтің қияметі еді. Ол болса төсекке кіш етіп қойғаны үшін еш қысылмайтын. Құдды мен жууға міндетті секілді көретін.
Осылайша менің алты айлық өмірім азаппен өтті. Тамағым тоқ болғанымен, осы уақыт ішінде өте қатты жүдеп біттім. Себебі, көңіл тоқ болмаған соң тойып тамақ ішуден еш пайда жоқ екен. Тіпті, киімдерім де біршама кеңіп кетті. 58 келі тартатын мен, осы уақыт ішінде 50 келіге дейін төмендеппін.
Жаз бойы жездем жұмыс бабымен үйде отырмайды. Балалары да тынышсыз. Ойнап келген жағынан тыныш оралмайды. Киімін жыртса да әпкем мені сөзбен сыбауын доғармады. Тіл маманы болған соң, сүйектен өтетін небір сөздердің қарша боратқанда көзімнен жас ыршып кететін.
Ақыры қара жұмыстың қара табан құлына айналар болған шақта әпкемнің жұмыс тауып беріп жарытпасын айқын сезіндім. Оны бірде үйге қонаққа келген абысынымен әңгімелесіп отырғанында сырттан естіп қалдым. «Мына қызға жұмыс тауып берем деп алдап шақыртып алғам. Күллі жұмысты осы істейді. Әйтпесе, қаршадай қызыма обал-ақ. Әйтеуір бос жүр ғой. Істеп, тамағын ақтасын. Жұмыс мұның не теңі?!» деп жатты. Осыны естігенде өзімнің ақымақ болып, оның небір құйтырқы әрекеттеріне шыдап келгенімен қапаланып жыладым. Ештеңеге қарамастан, заттарымды жинап алдым да көз алдын жедел қоштасып, вокзалды бетке алып тартып отырдым. Ол мұны күтпеген болуы керек, түсінбей қалды. «Өй, жұмысқа тұрғызамын ғой. Қайда кеттің?» деп өтірік мүләйімси сөйлеп алдағансып жатты. Оған көнбесімді білген соң аузына ақ ит кіріп, көк ит шығып, жер-жебіріме жетіп жатты. Осы жолы мен шыдай алмадым. Сырттай естігенімді айтқанымда ол тоқтаған жоқ. Соңымнан жұлқылап, күштеп жібермеуге тырысты. Мен сонда да қашып құтылып, вокзалға такси ұстап кетіп қалдым. Оның мұндай арсыз екенін білмеппін. Соған қарамастан артымнан вокзалға дейін еріп келді. Жағдайдың осылай бола тұра менің қайтадан үйіне баруымды күштеп айтып отыр. Сонда деймін де, мені барады деп ойлады ма екен?! Өмірімде адам баласын ренжітпеймін демеймін. Бірақ кісі көңіліне қатты қарайтыным рас. Бірақ сол жолы оны алғаш рет тыңдамадым.
Қалаға жүргелі тұрған автобусқа жеделдете билет алып, кете бардым. Ол болса аузы жыбырлап, терезеден мені балағаттап жатты (Анығында мен оның сөзін автобус ішінде естімедім). Маңайдағы адамдардың назары өзіне ауғанын ол елемеді де. Сөйтіп, жұмыс түгіл басқа да жоқ, мен ауылға кете бардым.
Кейінен жаз айының соңында ол ауылға келді. Шамасы, біздің үйдегілер білмейді деп ойлады-ау дейім, түк білмегендей үйге келе қалмасы бар ма?! Жағдайдан хабардар, әжем оның сазайын берді-ау... Содан кейін нағашы әпкеммен қатынасым үзілді. Мен үшін үйдегілер де онымен қазір араласпайды. Басқасына көнер едім, бірақ қара жұмыс үшін үйіне алдам шақырып алғаны үшін оны әлі күнге кешіре алмай келемін...
Жангүл МЫРЖЫҚБАЕВА, Қарағанды қаласы
Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz
Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30