Анам мені бақытымнан айырды

Әр адам көзін ашып дүниеге келгенде мейірімді, жүрегі жылы жанды көреді. Ол – ана. Қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай бауырына басып, біз үшін жанұшыра шырылдайтын да – Ана. Әрқашан дұрыс, таза жүр, адал бол деп тілейтін де – Ана. Ана дегенде сөзге келмейтін тіл, лүпіл қақпайтын жүрек, мөлтілдемейтін жанар жоқ. Балаға анадан артық, анадан қымбат жан жоқ. Ана – баласының бақыты үшін жанын қиюға әзір деп айтып жатамыз. Бірақ, мен өзімнің туған шешемнен мұндай қамқорлықты көре алмай келемін. Себебі, қамал алар қырыққа жеткен шағымда, анамның кесірінен жалғыздықтың азабын тартып келемін.
Сіздерге түсінікті болу үшін бәрін басынан баяндап берейін. Біз отбасында үш баламыз. Менен үлкен апкем және інім бар. Ес білгелі анамның жанжалын көріп келеміз. Анам болмашы нәрсеге бола ұрыс шығарып үйдің берекесін алатын. Әкемнің мінезі тұйық, сабырлы кісі болатын. Менің мінезім әкеме тартса керек. Анам болмашы бір нәрсеге жанжал шығарғанда, әкем әрдайым сабырлы болуға тырысатын. Әкемнің тәрбиесі болар, мен де солай жасайтынмын. Анам болғандықтан ол кісіге қарсы шыға алмайтынмын.
Содан не керек мектепті бітіріп, әскерге де барып келдім. Әскерден келісімен бала күнгі досыммен бірге әсем қала Алматыға сауда жасауға кеттім. Алғашқы кезде анам менің үлкен қалаға баруыма қарсы болды. Бірақ, әкемнің рұқсатын алдым да, өз тіршілігімді жасауға көштім. Алматыға барып жаңа достар да таптым. Сол жерде досымның құдашасымен таныстым. Шашы тізесіне түскен, көздері мөлдіреген хас сұлудың өзі. Суреттегі сұлуға қарағандай, ол қызға да қарап отыра бергің келеді. Ол менің алғашқы махаббатым еді.
Ауылға жол түсіп барған кезде, үйдегілерге сол қыз жайында айттым. Ол қыз КазГУ-да оқитын. Бірінші курсты жаңа бітірген кезі еді. Сүйгенімнің студент екенін естіген анам, бірден қарсы болды. «Оқыған қыз үйде отырмайды. Бала туып, үйдің жағдайын да жасамайды. Керегі жоқ, үйленбейсің» деп кесіп айтты. Анамның бұл сөзіне ашуланып «ол қызға үйленбесем онда жалғыз өтемін» деп Алматыға қайта кеттім.
Күндердің бір күнінде анам қатты науқастанып, төсек тартып қалды деген хабар келді. Жүрегім алып-ұшып үйге жеткенше асықтым. Анам сол қолы мен аяғынан сал болып, төсекке таңылып жатыр екен. Үйдің үлкен ұлы мен болғандықтан туыстарымыз «анаң болса төсек тартып жатыр, қанша күн өмірі қалғаны да белгісіз. Әпкең айтқан қызға үйлен. Біз тойдың қамын жасайық» деп айтты.
Төсек тартып жатқан анамның көңіліне қаяу түсіргім келмеді. Көрші ауылда тұратын әпкемнің айтқан қызына үйлендім. Алматыдағы сүйгеніммен еріксіз қоштастым. Бірақ, басқамен отау құрсам да, ол қызды ұмыта алмадым. Сүйгенім екеуміздің сыйласқан күндерімізді жүрегімнің түбіне сақтап қойдым.
Сөйтіп, өзім сүймеген жанмен жанұялық өмірді бастадым. Әйелімді барынша сыйлауға тырыстым. Әрбір нәрсені ақылмен шешуге жанымды салатынмын. Әйеліме қол көтеріп те көрмедім. Бірақ, анам төсек тартып жатса да екеуміздің арамызға түсе берді. Мен жұмысқа кеткенде үйде анам мен әйелім қалады. Кешкісін шаршап келгенде, анам «сенің әйелің төсекте жатқан мені мазақ етті. Менің айтқанымды тыңдамайды. Ең болмаса аузыма су да тамызбайды. Тәрбиесіз бір надан болды бұл» деп сұңқылдап айта бастайтын. Әйелімнен мән-жайды сұрасам, ол мүлдем басқа нәрсені айтады.
Анамның беймаз мінезін жақсы білемін. Оны естіген әкем «сен төсек тартып өлейін деп жатсаң да елді жалмап кететін шығарсың. Келіннің ешқандай да кінәсі жоқ» дейтін. Оны естіп кімге болысарымды білмей басым қататын. Төсек тартып жатқан анамның көңілін түсіргім келмей, шешемнің көзінше әйеліме зекіп тастайтынмын. Былай шықанда әйеліме «анама ренжіме, қаншама жылдан бері төсек тартып жатыр. Денсаулығы болмағандықтан, әр нәрсеге бір киліге береді ғой. Мен жоқта айтқан сөзіне, анамның көзінше саған қатты сөйлесем көңіліңе алма» деп жұбатынмын.
Анамның бір қисық мінезі бар еді. Үйде қонақ отырса да, долылығы ұстаған кезде өзіне-өзі жауап бере алмай қалатын. Дүниеге тұңғышымыз келді. Қазақтың салт-дәстүріне сай әйелімнің анасы мен туыстары бесік алып келді. Олар шама-шарқынша баламызға қажетті заттарды әкелді. Әйелім қарапайым отбасынан шыққан қыз. Анам үнемі әйелімді «сіңірі шыққан кедейдің қызы» деп айтып отыратын.
Әйелімнің туыстары алып келген заттарын көрсетті. Оның бірі де анама ұнамаса керек. Біздің туыстар келген қонақтарға сый-сияпат жасамақ болғанда анам шу шығарды. Аузына келген балағат сөздерді айтып әйелімді де, оның анасын және туыстарына тіл тигізді. Анама қарсы сөйлеген қайын енеме әпкем дүрсе қоя берді. Сөйтіп, бесік тойдың соңы төбелеспен аяқталды.
Анамның осы ісіне шыдай алмай әйелім баламды алып кетіп қалды. Үйден кетер кезінде әйеліме «анамның сөзі үшін қайда кетпексің. Үйде қал. Біз екеуміз ұрыспадық. Баламыз үшін оларды кешір. Бізбен мәңгілік тұрмайды ғой. Анамды алдап көңілін таппайсың ба? Егер осы үйдің босағасын аттап кетсең, енді қайтып келемін деп ойлама. Мен сенің артыңнан бармаймын» деп айттым. Бірақ, әйелім менің сөзімді тыңдамады. Дүниесін жинады да кетті. Әйелімнің артынан мен де бармадым.
Сөйтіп, уақыт зымырап өте берді. Үш жылдай жалғыз басты болып жүрдім. «Жалғыздық тек Құдайға ғана жарасқан» демекші, жалғыздықтан әбден мезі болдым. Тағы да үйленуге бел будым. Алматыда дүкенде жұмыс жасап жүрген ауылдың бір қызына үйлендім. Үйленгенімді қайтейін «баяғы жартас, сол жартас» болды. Анам екінші әйеліме де күн көрсетпеді. Ортамызға киліге бергеннен кейін бөлек шығып кеттік. Анам одан бетер өшігіп алды. Өзі үйде төсек тартып жатқандықтан ортамызға әпкемді айтақтатып салып қойды.
«Шыдамның да шегі бар» емес пе?! Анам мен әпкемнің зілді сөздеріне шыдай алмай екінші әйелім де төрт жылдан кейін ұлымызды жетектеп кетіп қалды. Таныстардың сыртымнан сыбырлап айтқан сөздерін естіп көңілім түсе бастады. Елдің көпшілігі бірінші мені кінәлайды емес пе? Осылай сергелдеңде жүрген кезде әкем дүниеден өтті.
Бес жылдай жалғыз қу бас болып тағы жүрдім. Тапқанымды үйге алып келемін. Барын сыпырып бергеніме анам да мәз. Сөйтіп, Алматыдан жер алып, үйде салдық. Інімді де үйлендірдік. Оның мінезі тік, өзінің айтқанынан қайтпайтын. Ол өзінің ұнатып жүрген қызына үйленді. Анам інімнің әйеліне қарап сөйлесе бітті, ол әйелімен бірге қайынжұртына кетіп қалатын. Сол жақта айлап жатып алатын болды.
Оның үстіне келіннің ағасы құқық қорғау органында жұмыс жасайтын. Бәлкім, анам содан да аяқ тартқан болар. Інімнің әйелін менің әйелдерімді қорлағандай, оған зәбір көрсетпейтін.
Қазақтың қызына екі рет үйленіп бақытты бола алмадым. Содан күндердің бірінде әпкемнің орыс құрбысымен көңіл қостым. Екеуміз бірінші бірге тұрдық. Сосын оның аяғы ауыр болғанан кейін үйлендік. Үшінші отбасымнан бақыт табармын деп ойладым. Бірақ, оным бекер екен. Орыс әйеліме де анам ауыз сала бастады. Оны «шошқа» деп менсінбеді. Қызымызды «орыстан туған сайтан» деп шеттетті. Ол да анамның қорлығына шыдай алмай қызымды жетектеп кетіп қалды.
Он бес жылдың ішінде үш рет үйлендім. Үш балам жан-жақта шашырап жүр. Оларды ойлап қатты уайымдаймын. Өзімнің әкелік борышымды өтей алмай жүргеніме қатты қамығамын. Анамның адуынды мінезінің салдарынан үш рет ажырастым. Ауылға баруға да ұяламын. Сыртымнан кейбіреулер «жолы болмаған сорлы» деп деп те айтады. Бұл сөздер мені қатты шаршатты.
Анамның осы қылығынан кейін жұмысымды ауыстырып Астанаға кетіп қалдым. Қазіргі таңда жеке өзім тұрамын. Анда-санда ғана анаммен сөйлесемін. Бірақ, осы кезге дейін анама көмектесіп келемін. Тапқанымның жартысын анама салып жіберемін.
Он жеті жыл төсек тартып жатқан анам Алла Тағаламның құдіретімен, орнынан тұрып, қазір өз аяғымен жүретін болды. Әрине, анамның денсаулығының жақсарғанына мен қуандым. Анамның аяғынан тік тұрып кетуі үшін апармаған дәрігеріміз, бақсы-балгеріміз қалмаған болар. Қазір анам намаз оқиды. Бұрынғыдай емес, сабырлы бола бастады. Алматыда мен салып берген үйде інімнің қолында тұрады. Шешем қазір інімнің үш баласына қарап үйде отыр.
Анда-санда анам «балам үйленсейші» деп айтып қалады. Төртінші рет үйленуге қорқамын. Себебі, бұрынғыдай жас емеспін. Ол кетсе, екіншісін ала саламын ғой дейтін. Жасым болса қырыққа келді. Ақыл тоқтатқан қыз, анамның қорлығына шыдай алмай тағы да кетіп қалады ма деп қатты қорқамын. Үш әйеліме көрсеткенін анам, төртінші әйеліме де көрсетпесіне кім кепіл? Не істерімді білмей басым қатып жүрген жайым бар.
Он тоғыз жыл бұрын ғашық болған алғашқы махаббатыммен Астанада ойда жоқта кездесіп қалдым. Ол бір баласымен күйеуінен ажырасып кетіпті. Оны көрген кезде менің сол баяғы сезімім оянды. Оған үйленгім келеді. Баласына әкелік қамқорлығымды да көрсеуге дайынмын. Бірақ, адуынды анам мен апкем оған тағы да күн көрсетпей жүрсе қайтемін?! Отау құрып бақытты өмір бастағанда, олар айрандай ұйыған отбасымның шырқын тағы да бұза ма деп қорқамын. Шынымды айтсам, анам мен әпкемнен қатты көңілім қалды. Олар менің бақытты болғанымды қаламайтын секілді. Неге екені белгісіз, әпкем мен анам інімнің отбасына бұлай араласпайды. Оның әйеліне де зәбір көрсетпейді. Ал, менің әйелдерімнің басқан ізін, сөйлеген сөзін аңдып отыратын. Анамның осы долы мінезіне түсіне алмай-ақ қойдым. Әлде, анамның менде кеткен өші бар ма екен?!
Төртінші әйелден бақыт табамын ба?! Осы ой санамды жегідей жеп барады. Сүйгеніме үйленіп, ертеңгі күні оның жүрегін жараласам қайтемін?! «Алаш айнасының» тұрақты оқырмандары, бақытсыздыққа ұшырағын жан сіздердің ақыл-кеңестеріңізге мұқтаж. Осы бір тығырықтан шығып, бақытты болудың жолын көрсетіңіздерші ағайын. Өткен күндердің өкінішін ұмытып, жаңа өмір бастағым келеді...

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста