Анам бес баласын тастап, басқа күйеуге тиіп алыпты...

Анам бес баласын тастап, басқа күйеуге тиіп алыпты...

Өмір біз ойлағандай оңай емес екен-ау. Өмір мені ерте есейтті. Өз қатарымнан өмірдің суығын ерте сезініп, ерте тоңдым... 

Мен ата-анамның тұңғыш қызы едім. Әкем ата-анасының жалғыз балалары болыпты. Мен ата-әжемді көрген жоқпын. Ауылдастардың айтуы бойынша әкемді шалғай ауданда тұратын туысқандары үйлендірген. Яғни, өздері тұратын ауылдың жетім бір қызын алып берген екен. Ата-анам бір-бірін сол үйленген күні көрсе керек, қыз бен жігіт болып жүрмеген екен.
Кейіннен олар отбасы болып тұрып кетеді. Әкем оқымаған, ешкімде шаруасы жоқ, көп сөзі жоқ кісі. Қолынан келген жұмыстарды істеп, біздерді асырап жүрді. Анамның да білімі мектеп табалдырығынан аспаған. Менен кейін төрт ұлды дүниеге әкелді. Өзі үй шаруасымен айналысты. Ауылда жағдайымыз тым керемет болды деп те айта алмаймын. Сыныптастарым әдемі көйлек киіп, сайраңдап жүргенде мен барымды киіп жүретінмін. Шынын айтсам іштей қызығатын да едім.
Осылайша, мен алтыншы сыныпқа келгенде отбасымыз берекесіздікке ұшырады. Анам әкемнің тапқан-таянғанын оңды-солды шашып ұстайтын еді. Әйел болып жоқтан бар жасап, үнемдеу деген анамның табиғатында жоқ. Бес балаға алатын пособияны да (жәрдемақы) өз керегіне жаратып, алтын жүзік, сырға алып рахаттанып жүретін. Біздің үстіміздегі киім, оқуға керек-жарақ ойландырмайтын. Мектепке бірдеме сұрасақ "бізде ештеме жоқ, жағдайымыз жоқ" деп мектепке барып ұрыс шығаратын еді. Оны көрген біздер мектептегі ағай-апайлардан ұялып, ештеме айтпайтын да, сұрамайтын да болдық.
Сол айлық жәрдемақы деген пәле болды. Ауылдан айына бір рет қатынайтын "пособия машинаға" мініп, жәрдемақы алуға кететін (ауылдастар солай ат қойған болатын). Өзі сияқты біраз әйелдерді жинап алып, ауданда бір-екі күн қалып қалушы еді. Пособия алу, пособияны жуу деген үлкен бір мереке еді. Біздерді жұмыс бітпей қалып қалдым деп алдаусырататын. Жеті айлық бауырымды қарап, мен сабақтан қалатын едім.
Жәрдемақы алғаннан кейін өзінің құрбыларын жинап, үйде мереке де жасап жіберетін. Ондай ойын-сауықшыл әйелдер де қолтықтарына бір жартылықтарын салып алып, біздің үйден табылатын еді. Жағылмаған от, жұмыстан келетін күйеудің тамағы, бала-шаға жағдайы деген анамды мүлдем ойландырмайтын да еді. Өткенде "Отбасы - ошақ қасы" айдарында жарияланған "Сол арсыздар көшесінен көшіп кеткім келеді" мақаласындағы көршілер тұрмысы да тура біздегідей еді. Әкеміз келгенде басын айналдырып, әйтеу аузын жабатын. Айта-айта шаршаған ба, әлде сол тұрмысқа бойы үйренген бе білмеймін, әкем үнсіз құтылатын.
Ана деген өмірге балаларын әкелген соң, бар мейірімін төгуші еді ғой, ал менің анамның ойына ондай ой кіріп шыққан емес. Анамды ешқашан жек көрген де емеспін, ана емес пе бәріне кешіріммен қарауға тырысасың, бір жылап аласың да ұмытып кетесің.
Үйіміз де жаман там сияқты. Ауылдастар сияқты үй салып немесе үлкен бір жөндеу жұмысын жүргізген де емес. Тамаққа лық толып тұрған тоңазытқышты да өмірі көрген емеспін, мыңғыртып бағып отырған малымыз да жоқ. Мектепте нашар тұратын жанұялардың балаларына берілетін көмекті анамыз ұялмастан алып алатын. Әкеміздің тыртыңдап тапқаны тамақтан асқан емес. Сиыр саууға ерініп, анамыз сүтті де сатып алуды, одан қалса көршіден сұрай салуды жөн көретін.
Күндердің бір күні анам үкімет беретін жәрдемақыны алып, облыс орталығына кетті. Өзінің айтуы бойынша біздерге киім-кешек сатып әкелу үшін бармақшы. Үйде әкем және төрт бауырым қалдық. Ең кіші бауырымның жасы ол кезде екіде еді. Сенесіздер ме, сол кеткеннен анамды көрген емеспін. Қазір мектеп бітіріп, аудан орталығында жұмыс істеп жүрмін.
Анам бір аптаға кетіп, сол кеткеннен оралмады. Күнде "әне келер, міне келер" деген үмітпен анамызды үздігіп сағына бердік. Басында "біреулер өлтіріп кетті ме" деген уайым да болды, ештемесі де керек жоқ, "өзі аман келсе екен" деп те армандадық. Әкемнің анамды іздейтіндей қаржысы да жоқ еді, шынын айтсам әкем ауылдан өмірі ұзап шығып көрмеген жан. Ал, мен ол кезде жетінші сынып оқушысы едім. Анамды іздейтіндей менде еш құқық та жоқ еді, іздегенде қайда барамын, кімге барамын? Әкемнің еш туысы жоқ, анамды алып берген туыстар да алыс туысқандар. Анамның да туыстарын да көрген емеспіз.
Жетінші сыныптан бастап мен бірден есейдім десем де болады. Бауырларыма әкем әкелген ақшаға тамақ сатып алып, үйде от жағып, яғни бір отбасы әйелінің жұмысы менің мойныма артылды. Сабақты босатуым да көбейді. Ауыл болғасын барлығы біліп отырғандықтан, бізге жанашырлықпен қарады. Ал, әкем болса тіпті мүлдем сөйлемейтін болды, өзімен өзі бар жұмысты істеп, өзімен өзі жүретін еді. Бауырларым ананың бір мейірімін көрмей өсті. Өзім тұрмысымыздың нашарлығы, анамның бізді тастап кеткендігі мен бауырларымды аяп күн кешіп жаттым. Сыныпта да балалар мені жекелей бастады. Олармен үнемі бірге жүріп, олардың қатарымен жүре алмағандықтан ақырындап шеттей бастадым. Тіпті, бір уақыттары өтірік те айтатын болдым. Ол өтіріктің барлығы отбасы жағдайынан туындаған "өтіріктер" еді. Тіпті, "анам келеді, бізге хабарласып тұрады" деп те елді алдамақ болдым. Ондағы ойым - ел біз туралы, анамыз туралы жаман ойламаса екен деген балалық шала қулық еді.
Кіші інім ыстығы көтеріліп ауырғанда, анасының мейірімін сағынғанда не істерімді білмедім. Тіпті, өзіме қол салғым келген уақыттар да болды. Әкем байғұс екінші рет үйленбеді, бес баласы бар еркекке кім тие қойсын. Ортаншы інім от жағамын деп, ағаш жарып жатқанда ағаштың бір қылтанағы көзіне тиіп, бір көзіне зақым келіп, өмір бойы жарымжан болып қалды. Көзіне еш мән бермей жүргенде көзі іріңдеп, асқынған екен. Кіші інімнің аяғына суық тиіп, әлі күнге дейін бір бүйірі ауырады. Қайсібірін айтайын, анасыз өткен күніміз құрысын. Анаң тірі болып, балаларына жоламай кеткені қиын екен.
Кейіннен ұзынқұлақтан естісек, анамыз екінші рет тұрмысқа шығып кетіпті. Бес баласы барын біле тұра алған еркектің де ойлау өресі шамалы сияқты. Мүмкін, анам жас қыздай тиіп отырмын деп құлағына "лапшаны" ілуі де мүмкін. Ондай іс менің анамның қолынан оңай келеріне күмәнім жоқ.
Он бірінші сыныпты тез бітіріп, жұмыс істесем екен деп армандадым. Сыныптастарым оқу бітіріп, арман арқалап жан-жаққа кетіп жатқанда мен бауырларымның қасында болдым. Ауылда бауырларыма қарайлап жүргенде ауылда небір жігіттер басынып, қырындай бастады. Тіпті, ауылға қонаққа келген жігіттерді біздің үйге қарай бағыттап жіберетін "жанашырлар" да көбейді. Менің қорғауышым жоқ екенін біліп басынғандары болар. Шешенің түрі болса анау, ал әкем...
Қазір аудан орталығында бір дүкенде жұмыс істеймін. Ауылға апта сайын барып тұрамын. Үлкен інім ауылда ұсақ-түйек жұмыс істеп жүр. Екі інім мектеп қабырғасында. Мен келгенде аналары келгендей естері шығып қалады. Іштей осындай өмірді көрсеткен анама деген өкпем қара қазандай. Бес баланы дүниеге не үшін әкелді, балалардың "пособиесі" ме қызықтырған? Мен ертең тұрмысқа шықсам, баратын жерім не айтары белгісіз. "Анасын көріп қызын ал" демекші, ана тәрбиесі мен ана махаббатынан жұрдаймын. Оқыған оқуым да жоқ. Бір ақшаны бірге қосып өмір сүріп жатқан жайым бар. Тағдыр біздерді аямапты, кейде өмірін осындай жауапсыз әйелге қор қылған әкеме де жаным ашиды.

Жансая, Қарағанды

Құрметті оқырман, егер Сіз де өз басыңыздан өткен тағдырды көпшілік талқысына салып, оқырманмен ой бөліскіңіз келсе мына электронды почтаға материалыңызды жолдай аласыз: info@alashainasy.kz

Редакция телефондары: 8/727/388-80-60; 8/717/2 54 27 30

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста