Әке-шешемнің ажырасқанын қалаймын

Әке-шешемнің ажырасқанын қалаймын

Алматы-Шымкент бағытындағы пойызда келеміз. Қасымызға қасы көзі қиылған ауылдың қарапайым ғана қызы келіп қоныстанған-ды. Үлкендермен амандасып, жүктерін жайғастыруға көмектесіп, шәй тасып зыр жүгіргені ұнады. Төмендегі өзінің орнын үлкен кісіге босатып беріп, өзі жоғарыға орналасты. Алғыс жаудырған біздерге жауап ретінде «Әжемнің қызымын ғой» деді. Разы болып қалдық. Тәрбие көрген, ең бастысы ақ жаулықты әженің тәрбиесін көрген қыз екені бірден-ақ білініп тұр. Менің саусақ сүйелдеп «Алаш айнасы» интернет-газетінің тілші екенімді білгенде елең ете қалды. «Ішіме сыймай жүрген сырым бар. Сыртқа шығарып сырлассам жеңілдеп қалармын. Бәлкім бұл біреулерге сабақ болар. Оқырмандарға жеткізсеңіз дұрыс болар еді» деп өтінді. Менің басымды изегенімді күтіп тұрғандай-ақ әңгімесін бастап кетті.
«Әке-шешем ажырасып кетсе екен деп армандаймын, - деп бастады ол әңгімесін. – Әкем сондай керемет адам. Ауыл аймаққа қадірлі, өзгенің айтқанын екі етпейтін, періште пейілді адам. Ата-әжем де қадірменді адамдар. Ал енді шешем осыларға мүлде кереғар. Айтатыны өтірік, ішетіні арақ. Әкемді, ата-әжемді адам ғұрлы көрмейді, сыйламақ түгілі. Бәрінен бұрын арақ ішетіні жанымызға батады. Бес ағайындымыз. Бауырларымның бәрі де анамды жек көреміз. Тек кіші сіңлім ғана анаммен сырлас. Қалған төртеуміз де анамызға қанымыз қас. Ішіме шемен боп қатқан шерім осы. Анамның өзі сияқты ішкіш құрбылары бар. Бастары қосыла қалса гуілдетеді. Әкем үйде болса аяғын тартады, сәл-пәл. Ал әкем қалаға жұмыстарымен кетсе ауыл үйді адақтап ішіп кетеді. Талай мәрте көшеде құлап жатқан жерінен сүйреп әкелгенбіз. Әкем ұрды да, соқты да, бірақ шыққан нәтиже жоқ. Таяқ жеген күні төркіне кетеді. Артынан ешкім бармаған соң өзі шешесін ертіп, құйындатып қайтып келеді. Әкем байғұс «балаларымның анасы ғой» деп жаны ашитын болуы керек. Ашуы тарап, үйге кіргізеді. Бұл тыныштық бір айға ғана созылады. Сосын қайта басталады. Ата-әжеме күн бермейді десе де болады. Тамақтарын қалай болса солай істеп бере салады, шикілі пісілі етіп. Тісі жоқ адамдар жылы жұмсақ жегісі келмей ме? Жоқ олардың барлық жағдайын жасаса рахмет айтасың ғой.
Біздерді туғаны болмаса ешқайсысымызға да еңбегі сіңген емес. Әжем бағып қағып өсірді. Түнде бесікке бөлеп, жаялық тазалайтын. Анам тек емізгені болмаса еңбегі жоқ біз үшін. Әжемді жақсы көргенім үшін мені анам ұнатпайды. Отырсам опақ, тұрсам сопақпын. Анамды жек көріп, қатты көңілім қалғаны, бір жолы әжеме төркініне ет ұрлап апарғанын айтып қойғаным үшін өлгенше таяқ жедім. Басымнан кірпішпен ұрды, жерге жатқызып алып тепкілегенде жаным көзіме көрінді. Әжем арашалап алмағанда өлтіріп тастайтыны сөзсіз еді. Содан ауруханада бір ай емделдім, миы шайқалған деген диагноз қойды. Көкала қойдай болып таяқ жегенімді көрген дәрігерлер тез арада тәртіп сақшыларын шақырған. Әжем «айнам, ақылдысың ғой сен, ел жұртқа масқара болмайық, шешем ұрды деп айтпай-ақ қой. Аттан құлап қалдым» деп айта сал» деді. Амалым жоқ, айтқанын істедім. Ал шешем болса аурухана алып кетіп бара жатқанда «Өлігіңді алып келсін» деп шығарып салды. Біздің бәріміз ата-әжемді жақтағанымыз үшін шешем бізді жек көреді. Бар киімімді де, керек жарағымды да әжем алып береді. Сол алып берген сөмке, көйлектерімді шешем төркініне тасумен келеді. Тығып қойған жерімнен ұрлап алып, бауырларына апарып береді. Сонда ішін жарып шыққан бізден көрі төркіні артық. Төркіні өте кедей тұрады. Үйдегілерден тығып, әкемнің бар тапқанын сонда тасиды. Тіпті атамның зейнетақысын да, үйге келген қонақтардың да ақшасын ұрлап алып, шешесіне апарып береді. Шешемнің төркіні туралы тіптен айта алмаймын. Нағашы атамды адам құрлы көрмейді. Нағашы әжем ауырып жатқан атамды үй алдындағы кепеге шығарып тастаған. Өздері үлкен үйде тұрады. Атаға тамақ берсе берді, бермесе ол да жоқ. Ауырып жатқан атам ақыры осы қайғысынан кетті-ау, арғы дүниеге аттанып кетті жуырда. Еркек сыйлап көрмеген соң, осылай ететін шығар деп ойлаймын кейде. Әкем әкелген 100 литр пісте майдың бәрін төркініне тасыды. Ал біз көршілерден бір кесе май сұрап жүрміз. Осыны әжем бір жолы айтып еді, ақыры үлкен айқай болды. Осы ішіне сыймай жүрді білем, былтыр ішкіш құрбыларымен тойып алып, үйге келіп «концерт» қойды. Аяғынан тұра алмайды. Әжеме «е, қақпас, мен төркініме тасысам тасимын, нең кетті» деп есіктің алдында айқай салды. Көрші қолаң бәрі есітті. Масқара болдық. Әкем әзер дегенде үйге кіргізді. Содан ертесіне ерте тұрып әкемнің қалтасындағы бүкіл ақшасын ұрлап алып, төркініне тайып тұрды. Бәріміз жыладық. Намыстан. Ағам «шешең алқаш» деп айтса тура ұрып өлтіргім келеді» деді. Ал әпкем «Құрбыларымның бәрі мамаң ұры екен ғой, одан қалса жүргіш те, анау тойда бір еркек санын сыйпалап отырғанын көрдік» деп айтты, соны есіткенде асылып өлгім келді» дейді. Ал мен әке-шешемнің ажырасып кеткенін тілеймін. Бар пейіліммен тілеймін. Өйткені анамның осындай тірліктерінен кейін көшеде жүруге, мектепке баруға ұяламын. Ал әкем үндемейді. Бар қайғысы ішінде. Бір жолы әжеме «бар сырым ішімде. Оның істеген тірліктері өзіммен бірге кетеді, қайтем енді?» деп жылап отырғанын көрдім. Әжем қосылып жылады... Тағы бірден атамның бетіне сорпа шашып жіберген болатын. Ел сыйлаған әулеттің үлкені атамды осылай қорлады. Оның жазасы бола ма екен, а? Сол жолы бауырларымның бәрі де «егер шешеміз ажырасамын деп келсе, бәріміз де әкемізбен қаламыз. Кетсе өзі кетсін» деп шешті. Әкем артынан бармай қойған соң ит құсап өзі қайтып келді. Арсыздығы ғой түк болмағандай жүр енді үйде. Бір ай тыныштық орнаған. Алайда тағыбір ай өткен соң баяғы қылығына басты.
Бие ұстаймыз, бірақ оның қымызын іше алмаймыз. Шешем құлттап қойған, сатып саудалайды. Тіпті ата-әжеме де бермейді. Үйге келген қонақтарға сатып береді. Бір жолы тағы да ішіп келді. Оның жауы ата-әжем ғой. Келе соларға тиісті. Аузынан ақ ит кіріп, көк ит шықты. Әкемнің қой дегенін құлағына да қыстырар емес. Ақыры әлі келмеген әкем нағашы ағамды шақыртты. Қаладан қара түнек болып түтеп келген нағашы ағам келе шешемді жерге жатқызып алып тепкіледі. Әбден күйген ғой. Мұның алдында да талай «концерттерін» көріп жүр ғой. «Мына байыңнан басқа ешкім де сені қатын қылмас еді, сен оған рахмет айт. Егер тұрмаймын десең жүр алып кетейін, бес балаңмен апарып отырғызып қояйын, көше сыпырасың, бес балаңды қалай асырар екенсің, көрейін сол керек пе, сол керек пе саған» деп тепкілегенде өзім жек көретін анама жаным ашып кетті... Содан бері үйде сәл тыныштық орнады. Әзірге үйден шықпай, арағын ішпей жүр әйтеуір. Бірақ қашанға дейін білмеймін. Бар ашуын менен алады. Сәл қия бассам бітті мені бас көз демей ұрып бастайды. «Бір күні өлтіріп қойып, ел жұртқа масқара болмай тұрғанда әпкеңнің үйіне бар, сол жақта оқырсың» деп әжем маған жаны ашып Алматыға жіберді. Енді ол үйге барғым жоқ. Әкем ертерек ажырасып кетсе екен деп тілеймін күндіз түні. Бірақ ондай атты күн туар ма екен? Ертеңгі күні тұрмысқа шықсам, артымнан анам барса «мынау менің анам» деп айтуға намыстанамын» деп аяқтады сөзін бейтаныс ару. Аяп кеттім. Бұған не дейсіз, оқырман?..

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста