Айтыңыздаршы, күйеуімдікі дұрыс па, менікі дұрыс па...
"Отбасы - ошақ қасы" айдарының оқырмандары! Қилы-қилы тағдырға толы мақалаларды оқып, өзімнің дәл қазір басымнан өтіп жатан жағдайды баяндауды жөн көрдім. "Бұл - өмірлік серігім Айдар екеуімізге Алланың берген сынағы болар" деп сабырлық танытуға тырыстым, бірақ күннен-күнге жараның аузы ашылып бара жатқандай...
Оқырман, Сізге түсінікті болу үшін барлығын басыннан бастап баяндайын. Мен Астана қаласына жақын бір ауылда мұғалім болып жұмыс істеп жүрдім. Өзім негізі Қарағанды өңірінің қызымын. Бір құрбы қызыммен сол ауылда бір үйді жалдап тұрдық. Тұратын үйіміз жайлы, қыста отты да өзіміз жақтық. Осылайша, "жұмыс-жұмыс" деп жүріп уақыттың қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Интернетте "агент" деген желінің қызметі шарықтап тұрған кезі еді. Жұмыстан соң құрбым екеуіміз агент арқылы жігіттермен танысып жүрдік. Күндердің күнінде мен агент арқылы Асқар есімді жігітпен таныстым. Жігіт Қостанай облысынан екен. Ата-анасымен бірге Астана қаласында тұрады. Өзі бір мекемеде күзетші болып істейтін көрінеді. Менен үш жас кішілігі бар екен.
Үш ай агент арқылы сөйлесіп, Асқар мені ауылға іздеп келді. Витруальдық қарым-қатынас бөлек, жүзбе-жүз араласқан бір бөлек екені белгілі. Іштей "бір-бірімізге ұнамай осы уақытқа дейін үміттенген үмітім өртеніп кетер ме" деген күдік те болған еді. Асқар екеуіміз агент арқылы бір-бірімізге бар сырымызды айтып, қатты бауыр басып кеткенбіз. Махаббаттың ұшқыны да белгілі бола бастаған еді. Аллаға тауба, көңіл шіркін алдамапты, бір көргеннен бір-бірімізге ғашық болдық десем артық айтпаспын.
Осылайша, Асқар біздің ауылға келуін жиілетті. Тіпті соңғы рет келгенде үш ай бізбен бірге тұрды десем де болады. Ер адамның "дайын асқа тік қасық" деп жұмыссыз жатқанына жол болсын деп іштей ойласам да жақсы көргендіктен барлығына көз жұмып қарадым десем де болады. Біз Асқар екеуіміз отбасын құруды жөн көрдік.
Астанада дүркіретіп тойымызды жасадық. Асқарға ауырлық түсірмейін деп құлағыма салатын сырғаны да өзім сатып алдым. Асқар ол кезде жұмыссыз, оған несие бермейтін болғандықтан той жасайтын ақшаны менің атымнан несие алып жасадық. Ата-анасы өздері пәтер жалдап тұратындықтан, "үйленетін ақшаңды өзің дайында" депті. Бір жағынан үлкен ер-азаматтың "үйленемін" деп ата-анасынан қаражат сұрап тұрғандығы ұят болар деп бәріне келістім. Іштей жұмыссыздығы жаныма батты, бірақ ең бастысы отбасын құралық, менің де жасым болса кетіп барады деген ойым да бар еді.
Той өтті. Мен Астанадан шеткірек шағын аудандағы бір мектепке жұмысқа тұрдым. Асқар да күзетшілік жұмыс тапты. Менің мектебімнің қасынан екі қабатты үйден бір бөлме жалдап алдық. Үй иелері де өте жақсы адамдар. Сөйтіп екі жыл өтті. Пәтер алатын ойымыз жоқ. Менің тапқан-таянғаным тамақ, пәтер ақысы дегендерге кетеді. Сонымен қатар магистратураның ақылы бөліміне оқуға да түсіп алдым. Ал, күйеуім тапқан-таянғанын өзі ұстайды. Астында жеңіл көлігі бар. Сол көліктің құрал-саймандарына, бензинге және той үшін алған несиеге кететін шығар деп, ешқашан "ақшаң қайда?" деп сұраған да емеспін.
Үшінші жылға кетті арамызда бала болмады. "Әлі де кеш емес, болар" деген үмітпен өмір сүріп жаттық. Ата-анасы да өзі де бала «неге болмай жатыр?» деп мазалаған емес. Соңғы кезде күйеуім екі тәулік істеп, бір күн демалатын жұмысқа шықты, яғни екі жерде істейді. Кейде жұмыстан соң, қала ішіндегі ата-анасының үйіне барып қона салады. Астында көлігі бар болса да үйге келу деген жоқ. Апталап күйеуімді көрмейтін жағдайға жеттім. Асқар табиғатынан артық қыдырысты ұнатпайтын, арақ пен темекіге әуестігі жоқ, "ішімдегіні тап" деп артық сөйлемейтін жігіт. Бізде әйелі мен күйеуі болып шүйіркелесіп, болашаққа жоспар құру деген мүлдем жоқ. Келеді, дайын тамағын ішеді, ұйықтайды,таңертең дайындап қойған тамақты алып жұмысқа кетеді. Жарты жыл болды екі жұмыста істесе де алған ақшасын көрген емеспін. Тіпті, "пәтерақыны қалай төлеп жатырсың, тамақты қайдан аласың?" деген сұрағы да жоқ. Ақшаға есептеспей жақсы көретін тәттісін алып, ыстық тамақты етсіз жемейтіндіктен үнемі тоңазытқышты толтырып қоюға тырысамын. Не еркек болып дауыс та көтермейді, өзімен өзі. "Үй алмаймыз ба, ойланайық" десем, "мұғалім емессің бе? Неге "Жильстрой" банкке ашқа жинай бермегенсің?" деп өзімді кіналайды. Өзім қаладан алыс болғандықтан қалаға анда-санда ғана келемін. Таңертеңнен кешке дейін мектепте жұмыстамын. Бір демалыста үй шаруасымен айналысып, үйде демалғым келеді. Асқардың туысқандарының мерекелері болса ешқашан қалдырмауға тырысамын, бәрін құттықтап, шақырса Асқармен барып қайтамын. Атам мен енем жас кісілер, зейнеткерлікке шығуға әлі ерте. Ауылдағы үйлерін сатып, Астанаға "балалардың қасында боламыз" деп көшіп келген екен. Атам жұмыс істейді. Енем үйде. Өздері вокзал маңынан бір бөлмелі пәтерді жалға алып тұрады. Енем соңғы кезде "бір демалыста келіп үйіме "уборка" жасап кетпейсің" деп әңгіме шығаратын болды. Шынын айтсам, мен үшін бір бөлмелі пәтерді жуып шығу еш "проблема" емес, тек алыстан мен келгенше кеш болады, мені әкеліп тастайтын ұлдары күндіз-түні жұмыста. Бірақ, үлкенді сыйлап өскен тәрбие бар болғандықтан оған да көніп еш жауап қайтармай анда-санда келіп "уборкасын" жасап кетіп жүрдім.
Оның бәрін қойшы, жаныма бататыны - күйеуімнің соңғы кездегі қылықтары. Екі күн қатарынан жұмыста, үшінші күні келіп ұйықтап, келесі күні таңда тағы кетеді. Отбасына қарайтын уақыты да жоқ, шаршап келген адамда қайдағы әйеліне деген ынта-жігер болсын. Арамыз суып кеткендей болды. Осылай күні-түні отбасы өміріне құрбандыққа шалып, жұмыс істеп жүргенде де күйеуімнің бір шалқып ақша ұстап жүргенін көрген емеспін. Кейде менен бензинге деп ақша сұрайтын кездері де болады. Жұмыстан шаршап келемін, үйге келсем күйеуім жоқ. Өзімді тіпті күйеуі жоқ адамдарша сезінетін болдым десем артық айтпаспын. Асқардың жүрісін тіпті үй иелері де байқаған сыңайлы. "Мұндай жүрісің құрысын, отбасы болып бір жерден тамақ ішіп, шүйіркелесіп отырмаған соң, ақшаның не керегі бар" деп те айттым. "Квартирант" сияқты келгісі келсе келеді, ерінсе ата-анасының үйіне қона салады. Сонда "үйде күтіп отырған жан жарым бар-ау" деген ой миына да келмегені ме? Менің де дауыс көтеріп отбасын шырқын бұзғым келмейді. Соңғы кезде төсектен де суып кетті, өзімнің әйел екенімді ұмытқандаймын, қашан көрсең ұйықтап жатқаны, одан қалса шаршап тұрады.
Күндердің бір күні қатты ыза болдым. Жұмысым бір жақтан, бір жағынан бала көтергім келіп уайымдаймын, бір жағынан болашағымызды ойлап есім шықты, оны ойлайтын Асқар жоқ. Ашуға булығып сайтан түртті ме білмеймін, күйеуімнің бар киімін сөмкесіне салып босағаға қойып қойдым да жұмыстан келген кезде "әне, заттарың, тұрғың келмей ме, бар!" дедім. Күйеуім бетіме бір қарады да үнсіз сөмкесін алып, үйден шығып кетті. Біраз күннен соң ашуым тарқап Асқарды іздей бастадым. Өзінен еш хабар жоқ. Хабарлассам, телефонын көтермейді. "Ақылға келейік, кешірімді болайық, сен де өзгер! Ашумен мен қатты кетсем, кешір" деп смс хабарламасын да жаздым. Жауап жоқ. Абысындарымнан сұрасам, "әке-шешесінің үйінде тұрып жатыр" дейді. Шыдай алмай ата-енеме де бардым. Жағдайды түгел айттым. Ол кісілер "шаруамыз жоқ, өздерің шешіңдер" дейді. Күйеуім айтқан екен "араласпаңдар, ол менің еркектік намысымды таптады, үйден қуып шықты" депті. Маған деген өкпесі қара қазандай сияқты.
Міне, сонымен бес ай өтті. Сол күйі оралмады. Тіпті, туған күнімде де құттықтамады. Жаңа жылда да хабарласпады. Бар алданышым - жұмысым. Бірде ыза болып "ажырасалық" десем, еш жауап жоқ. Не ойлағанын кім білсін? Бес ай бес жылдай болып кетті. "Уақытты созбай ажырасып, жаңа өмір де бастайын" деп ойлаймын, бірақ Асқарды қимаймын. Күнде "әне келер, міне келер" деген бір үмітпен оянамын. Соңғы кезде шыдамым да таусыла бастаған сияқты. Бірақ, өзін ұмыттырмай түсіме жиі кіреді. Енді не істесем екен, ойлы оқырман? Махаббатпен үйленген күндер қайда кетті сонда?
Жадыра, Астана