Ағам бізге қамқоршы болам деп өзін құрбан етті...
Қандай ыстық бауыр деген адамға?
Жүре алмассың бауырсыз сен қашанда.
Қиналсанда, қуансаңда қашанда,
Табылады әркез сенің қасыңда.
Расында да осы өлең жолдарында айтылғандай ынтымағы жарасқан отбасындағы ағайындылар бір біріне қамқорлықтың сан үлгісін көрсетіп, қуанышта да, қайғыда да жұдырықтай жұмылып, досты сүйіндіріп, дұшпанды күйіндіретіндей деңгейде екендіктерін байқатыны бар.
11 ағайынды отбасынан шыққан маған биыл 49-ға толғалы отырған үлкен ағам әлі де болса адам кейіпті періште болып көрінеді. Олай дейтінім бірге туған бауырларымды айтпағанда, әке-шешемнің өзі үлкен ағамды бала күнінде ұрмақ түгілі, бетіне қарап дауыс көтеріп, зекіген емес. Ал ауыл-аймақтағы жасы бар, жасамысы бар адамдардың ешбірі ол кісінің алдынан кесе көлденең өткен кезі болмаған. Айта кетерлігі ол кісінің бойында елді аузына қаратар шешендігі де, әулиелігі де, емшілік қасиет те дарымаған. Алайда оны барлығы сыйлайды, құрметтейді, қадірлейді. Оған себеп те жоқ емес, ол еш уақытта ешкімнің көңілін қалдырып көрмеген, сұрағанын береді, өтінгенін орындайды. Және шамадан тыс еңбекқор. Өмірі біреудің алдында жалтақтап, жағынып көрмеген, екіншіні кемсітпеген, үшіншіге жалынбаған. Ол кісі мынау өз үйімнің жұмысы, мынау үкіметтің жұмысы деп бөліп қарамаған. Менікі, сенікі немесе көршінікі деген түсінік және жоқ. Қысқасы санасу дегенді білмейді ол кісі. Соған қарамастан менің үлкен бауырыма жаным ашиды. Жаным ашығаны былай тұрсын өзімнің алды студент болған үш баламды, кәрі шешемді емес, үлкен бауырымды ойлаған күндері ұйқыдан да, күлкіден де айырыламын. Жүрегім ауырады, басым да мың-дың күй кешемін.
Әскерден келген бойда өзінен кейінгі бауырларына көмектесейін, қамқоршы болайын деп жастығын да, денсаулығын да құрбан етті ол ағамыз. Жасым 40-қа келгенде ұққаным қазақтың әрбір екінші отбасында менің ағам секілді өздерін құрбандыққа шалған адам кездеседі екен. Ол мейлі қыз болсын, ұл болсын өмірде әсіресе қазақ отбасындағы үлкендері, яки тұңғыштары саналы түрде осындай қадамға баратынын ұқтым. Ал соңғы жарты жылда өмір бойы теміржолда ауыр жұмыс істеген бауырымның не тұрғылықты үйі, не бала-шағасы жоқ, денсаулығы сыр бергелі тұрақты жұмысы да жоқ. Оған көмектеспейміз деп отырған да ешкім жоқ. Бауырларымның барлығы қол ұшын беруге әзір. Кезінде өз айлығын жинап отырып, Алматыдан сатып алған екі бөлмелі үйде тұрып жатқан бауырым да «үй сатылса ақшаның тең жартысын беруге әзірмін» деп отыр. Бірақ оған көнер бауыр қайсы? Осыған қарап адамда бала-шаға болмағаннан кейін ештемені қажетсінбейтінін ұқтым. Менің бұл айтқаным дұрыс па, жоқ әлде бұрыс па ол бір Аллаға ғана аян.
«Шіркін, әйел алып, балалы болып ажырасып кетсе де қуанар едік қой», - деп қояды амалдары таусылған кейбір бауырларым.. Ал бұл адамның артынан ерген ұрпағының болмауы өмірдің ең ауыр азабы болса керек. Өз басым соңғы кездері оның қалжыңдап отырып, шынайы күлгенін көрсем болды қуанатын болып жүрмін. Бірақ, оның мұндай күйге түскенін көріп іштей жылап та алатынымды несіне жасырайын. Ішім өртенгендей боламын. Өз құрдастарынан 10 жасқа үлкен көрінетін ағама қалай көмек қолымды созарымды білмеймін.. Кім білсін мүмкін осы сырымды жазып жолдаған «Алаш айнасы» оқырмандары ішінен маған кеңес беріп, жол көрсетер біреу табылар деген үміт те жоқ емес.
Ескерте кетейін, үлкен бауырым той-думанға бармайды, не үйленгісі жоқ. «Келіншек алсаңшы...» дегендерге «өмірім алда ғой» деп қана жылы жауып қояды. Ал кісі көп жиналған жерге аттап баспайды. Және ол ешкімді ренжіткісі келмей, ал өзін ренжіткен адамның бетін өмір бақи көрмей кетуге бар.
Ол кісінің тағы бір ерекшелігі бауырларынан еш нәрсесін аямаса да, өзіне келгенде сараң, не дұрыстап киінбейді, не емделуге ақшасын қимайды. Бір ғана мысал айта кетейін үлкен бауырым 1997-ші жылы сатып алынған қыстық аяқ киіммен жүр.