Жыл сайын «жыры таусылмайтын» ҰБТ жүйесін сәтсіз эксперимент деп танитын кез жетті ме?
Биылғы ҰБТ да әдеттегідей әлекке салып отыр. Тіпті дау-дамай барған сайын үдеп бара ма дейміз. «Қазақстан коммунистері» қозғалысы әуелі ҰБТ-ыны алып тастау керек деп салды. Отандық басылымдарда дәл бүгінгі күндері бас мақала ретінде жарияланып жүрген Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының депутаты А.Тюменцевтің мына мәліметі бізді де бейжай қалдыра алмады: «Біз әңгімеге тартқан жандардың 99 пайызы ҰБТ-ыға қарсы. Мұғалімдер де уәждерін от басы ошақ қасынан шығармаса да, ҰБТ-ының пайдасынан зияны көптігіне алаңдайды. Біз құзырлы министрлікке осы айтылған ойларымызды жазып жібердік. Бірақ хатымыз адасып кетуі мүмкін. Сондықтан да қоғамдық талқыға салып отырмыз». Бұл тұрғыда біз арнайы хабарласқан азаматтар болса былай дейді.
Мұрат Ғылманов, биология ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі
Иә
– Өкінішке қарай, ҰБТ-ның тәжірибеге енгізілгеніне бірнеше жыл болса да, әлі күнге дейін оң нәтижеге жете алмай келеді. Бұл нені білдіреді? Тиімсіздігін. «Сәтсіз эксперимент» деп кесіп айтпай-ақ қояйын. Бірақ соның балаларымыздың білім сапасын анықтауда керек модель екендігіне күмәнім басым.
ҰБТ-ыда формализм басым. Ал білімге келгенде, оның ұңғыл-шұңғылына бойламай, сырт жағын сипап шығуға әсте болмайды. Адамдар бірдей емес, біреу сауысқаннан сақ, біреу шашасына шаң жұқтырмаса, енді біреу айлакерлеу болып келеді. Сондай-ақ өте білімді бола тұра, баяу қимылдайтындар тағы бар. Терең ойлы балаларға да бұл өте тиімсіз. Міне, ҰБТ-ыны осы негізде айтсам, менің көңілімнен еш шықпайды.
Мен бірнеше жыл бойы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде студенттерге дәріс бердім. Сонда байқағаным, он баланың екеуі ғана сабақ оқиды. Қалғандары – қара көбейтіп отырғандар. Еліміздің болашағының тізгінін ұстайтын сондай жастар екендігін ойлағанда, қабырғам қайысады. Ал бұрындары, мәселен, өзім оқыған кездерді еске алайын, он баланың, керісінше, екеуі ғана жалқау болып келетін. ҰБТ арқылы біз тек балаларымыздың білім алуға деген ынта-ықыласын еш жақсарта алмаймыз, қайта ерік-жігерін тұншықтырып жатырмыз. Жоғарыда айтып өттім, қулар, пысықтардың жолдары болып кетеді де, асықпай қимылдайтын жастарымыздың меселі қайтып қалады. Білімді, білікті мамандар, бәлкім, солардан шығар ма еді? Сондықтан да болар, қазір ғылым қуған жастар жоқтың қасы.
ҰБТ құзырлы министрлікке, әлбетте, ұнайды. Өйткені бұл – өте жеңіл жүйе. Бәрін компьютердің көмегімен шеше салады. ҰБТ-ның әділ өтпейтіндігіне де куә болып жатады. Сұрақ та, жауап та сатылып жатыр. «Жемқорлықпен күресіп жатырмыз» дейді. Бірақ, өкінішке қарай, жылда шу шығады, барған сайын ушығып барады. Осыдан кейін ҰБТ-ны не жақтап, не ақтап көрші!?
Менің ойымша, емтихан тапсырудың бұрынғы жүйесін қайта енгізу мүмкін емес екен, онда ҰБТ-ның орнына түлектердің білім сапасын анықтаудың басқа түрін жасау керек шығар. Әр ЖОО әртүрлі маман дайындайды. Сондықтан да онда оқитын студенттерді бір жүйемен қабылдау дұрыс емес. Мәселен, математика мен тарихты болмаса дәрігерлік пен инженерлікті таңдаған балалардың білім деңгейін қарым-қабілетіне қарай анықтау керек деп ойлаймын. Осы тұрғыда айтқанда, ҰБТ-ның ұтымсыз жағы өте көп. Жалпы, өз басым бұрынғы емтихан тапсыру үлгісін қолдаймын
Ерұлан Жиенбаев, дарынды балаларға арналған №92 мамандандырылған мектеп-лицей директоры
Жоқ
– Сәтсіз эксперимент дегенге келіспес едім. Бізге ҰБТ керек. Өйткені дәл қазір оның орнын басатын, яғни мектеп түлектерінің білім сапасын анықтайтын басқа балама түрі жоқ. Біз осы ҰБТ жүйесін бірнеше жылдан бері қолданып келеміз. Жылда бір кемшілігін түзеп, жылда жақсартып жатамыз. Соның арқасында біртіндеп болса да ҰБТ өміршеңдігін дәлелдей бастады. Еліміздің білім жүйесі аталған тестілеуді тәжірибеге енгізуде көп тер төкті, қомақты қаржы жұмсалды. Балаларымыздың санасына да сіңісті болып қалды. Негізі, шетелдердегі ҰБТ-ының тарихы, біздің елмен салыстырмалы түрде айтқанда, айтарлықтай тереңде. Қателеспесем, өткен ғасырдың 30-жылдары енгізілген.
Сондықтан да ҰБТ-ны жерден алып, жерге салғанша, құзырлы министрлік, ғалымдарымыз, қала берді бақылау органдары оның одан әрі жетілуіне атсалысқандары жөн дер едім. Өкінішке қарай, қылаң беріп қалатын кері тартушылар ҰБТ-ның «сәтсіз» емес, «сәтті эксперимент» атануына мүмкіндік бермей отыр. ҰБТ – қанша дегенмен де әлемдік деңгейде мойындалған тәжірибе. Рас, олардың талаптары күшті.
Негізі, ҰБТ-ның артықшылықтары аз емес.
Біріншіден, еліміздің барлық мектебін бір жүйемен бақылау, яғни бір критериймен бағалау дұрыс деп санаймын. Екіншіден, облыс, аудан, ауыл балалары сынақтан өтерде әрлі-берлі сабылмай, ҰБТ-ны тұрғылықты жерлерінде тапсыра береді.
Кемшіліктері де жоқ емес. Алайда көпшілік кемшіліктері – жүйенің тиімсіздігінен емес, қолдан жасалып отырған бірқатар заңға қайшылықтар. Мәселен, бақылау органдары өз жұмысына жауапкершілікпен қарамайды. Сол сияқты ҰБТ-ға жауапты адамдардың арасында да арам пиғылдылар жоқ емес. Әр жерде әрқалай өткізіліп, балалар құқықтарының бұзылып жататындары да рас. Жылда туындап жататын даулар, негізінен, осындайлардың кесірінен.
Десек те, мүмкіндікті пайдаланып, ҰБТ-ға қатысты мына төмендегі ой-пікірлерімді айта кетсем, артық болмас. ҰБТ біржақты. Баланың ойлау, сөйлеу қабілетінің дамуына, шығармашылығын ашып көрсетуіне мүмкіндік бере алмайды. Мұны менің ҰБТ-ға деген қарсылығым деп ұқпаңыздар. Тек осы сынды мәселелер ескерілсе деймін.
ҰБТ-ға қатысты ұсынысым да жоқ емес. Барлық білім ошақтары бірдей емес, біреуі орта мектеп, біреуі лицей, біреуі гимназия, біреуі дарынды балаларға арналған. Менің ойымша, ҰБТ солардың әрқайсысына ыңғайлану керек. Сол тиімдірек болар еді. Сонымен қатар тапсырмаларды дамыту керек. Нақтырақ айтсам, логика жағы ұмыт қалмаса екен деймін. Негізі, ондай нұсқалар жасалған. Енді соны қолға алып, тәжірибеге енгізсе құба-құп. Тағы бір мәселе, ҰБТ арнайы орталықтарда өткізілгендіктен, олар бір делдал сияқтанып кетті. Сондықтан да болар, мектеп мұғалімдері мен ЖОО-лар тарапынан ҰБТ-ға немкеттілік байқалып қалады. Олардың да қызығушылығын арттыру керек. Біз бұл жүйенің даму кезеңінің бел ортасына жетіп қалдық. Ал көштің жүре түзелетінін білеміз.
Түйін
ҰБТ жүйесін түбегейлі жоққа шығаруға болмайды. Өйткені ол – халықаралық тәжірибемен тиімділігі айқындалып, нақтыланған жүйе. Бүкіл әлемнің білім саласы оны мойындап, оқушылардың білім деңгейін анықтауда осы тәсілді қолданады. Ал бізде оны сәтсіз эксперимент деп танитын кез жетті ме деген мәселе көтеріліп жатқан екен, демек, оған себеп-салдар жоқ емес. Ендеше, бұл ҰБТ-ны қажетті деңгейде жүргізу біздің қолымыздан келмейді дегенді білдіреді емес пе?.. Бұл, әрине, біз үшін ұятты жағдай...
Сондықтан бұл жүйедегі тамыр-таныстық пен «бармақ басты, көз қыстылықты» жойып, тәртіпті күшейту керек. Керек болса, арнайы қаулымен, арнайы заңмен! Оған көнбей жатса, ҰБТ-дан мүлде бас тарту мәселесін сол кезде ғана қозғауға болатын шығар.