Елімізде жол-көлік апаты өте жиілеп кетті. Соңғы жарты жылда елімізде болған 5 мыңға жуық жол апатынан мыңнан астам адам опат болып, тағы 5 мыңнан астамы жарақат алған. Осы ретте таяуда Мәжіліс депутаты Ирак Елекеев «жүргізуші куәлігін әскерилерден өзге азаматтарға 21 жастан беру қажет» деген бастама көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдады. Артынша бұл бастаманы ҚР ІІМ Жол полициясы комитетінің төрағасы Қайрат Тыныбеков те қолдады. Алайда мұнымен кейбір қоғам қайраткерлері, тіпті жол сақшыларының өзі келіспей отыр. Сонымен, жол қауіпсіздігін күшейту үшін жүргізуші куәлігін 21 жастан бастап берген дұрыс па? Бұл ретте де мамандар пікірі екіге айырылды.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты:
Иә
– Мен бұл ретте дүниежүзіндегі тәжірибелердің барлығын қарап шықтым. Көп мемлекеттерде жүргізуші куәлігін 21 жастан бастап береді. Сонымен қатар өркениетті елдерде жүргізуші куәлігін бірден бере салмайды. Әуелі бір жылға сынақ мерзімі беріледі. Егер осы уақыт аралығында жол ережесін бұзбаса, тәртіп сақтап жүрсе, сонда ғана ұзақ мерзімдік жүргізуші куәлігіне ие болады. Неге осындай тәртіпті бізде енгізбеске? Қазір бізде қалай болып жатыр? Жол жүру ережесін ешкім сақтамайды. Жүргізушілер бірін-бірі сыйламайды. Жүргізуші тұрмақ, жаяу жүргіншілердің өзі бағдаршам қызыл жанып тұрса да, жолдан жүгіріп өтеді. Демек, елімізде көлік жүргізу мәдениеті әлі қалыптаспаған. Бұрындары жол жүру ережесін арнайы курстарда үйрететін.
Мен өзім де сонда бір жыл оқыдым. Қазір ол жоқ. Жүргізуші куәлігін көпшілігі сатып алып жатыр. Бұған қатысты қаншама қылмыстар ашылуда. Міне, осының салдарынан елімізде жол-көлік апаттары тым көбейіп барады. Соңғы алты айдың ішінде республика бойынша 4690 жол-көлік апаты тіркеліп, нәтижесінде 1027 адам қайтыс болған. Ал соңғы төрт айдың мәліметін қосқанда, қаза болғандардың саны 1937 адамға жетіпті. Бұл дегеніңіз, бір жыл ішінде білдей бір ауылдың тұрғындарынан айырылып отырмыз деген сөз емес пе? Оның себебі жетіп-артылады: жолдың сапасыздығы, жүргізушілер дайындығының төмендігі, жол қозғалысына қатысушылардың қарапайым жол жүру мәдениетін сақтамайтындығы және т.б. Қазақстандық жол-көлік апаты адам шығыны бойынша жүрек ауруынан кейінгі екінші орында тұр. Яғни жол үстіндегі апатты жағдайлар ұлттың болашағына қауіп төндіріп отыр деген сөз. Оған қоса, жауапсыз жүргізушілерді тәртіпке салушы жол полициялары қызмет бабын асыра пайдаланып, тиісті міндетін атқарудың орнына біреудің көз жасына малынған пара алу әдеттерінен әлі де арыла алмай келеді. Тіпті сақшының ысқырығына пысқырып та қарамайтын жүргізушілер бар. Сондықтан бірнеше мәрте жол ережесін бұзған жүргізушілер ақылы түрде қайта емтихан тапсыруы қажет. Автомобильдердің, әсіресе қоғамдық көліктердің техникалық жағдайын бақылау талаптарын қатайту керек. Бұған қоса, жылдамдық өлшегіштердің санын және бағдаршамдардағы жасыл жарықтың уақытын көбейтуге тиіспіз. Сонымен қатар жол қауіпсіздігіне жіті назар аударып, республикалық автомагистральдағы жол қауіпсіздігі мен адам өмірін сақтауға байланысты тиісті шара қабылдауымыз керек. Онымен қоса, Төтенше жағдайлар министрлігі мен Жол полициясының техникалық базасы толық жабдықталмаған. Олардың басым көпшілігінде тікұшақ жоқ, жол бойынан жедел жәрдем көрсететін медициналық пункттер ашу жағы да қарастырылмаған. Тіпті жарақаттанғандарға жедел көмек көрсететін бірде-бір реамобиль де жоқ. Нәтижесінде жәрдемнің кешігіп жеткендігінен өмірін сақтап қалуға болатын «алтын уақытта» адамдар дәрігер көмегін алып үлгерместен, жол үстінде көз жұмып жатады. Сондықтан бұл бастаманы ертерек қолға алып, жол қауіпсіздігін күшейтуге ерекше ден қойғанымыз жөн.
Бақыткелді АЙҚЫНБЕКОВ, Астана қалалық ІІД Жол полициясы басқармасының бастығы:
Жоқ
– Жүргізуші куәлігін 21 жастан берейік, 25 жастан берейік, бірақ ол мәселені шешпейді. Мұның барлығы тәртіпке және сана-сезімнің өзгеруіне байланысты. Жарайды дейік, көлікті жүргізіп келе жатып ұялы телефонмен сөйлескендерге және көлікті мас күйінде басқарғандарға тыйым салғанымыз дұрыс. Бірақ жүргізуші куәлігін 21 жастан берейік дегенді мен онша құптай қоймаймын. Бұл – менің жеке пікірім. Одан да балабақшада, мектепте жол жүру ережесін тиянақты үйретуді қолға алғанымыз дұрыс шығар. Тіпті көлік жүргізуді үйретуді тек қана арнайы курстарда емес, мектептерге пән ретінде енгізуіміз қажет. Жүргізуші куәлігін 16 жастан берсек те болады. Онда тұрған ештеңе жоқ. Бұл жерде заңға бағынуға кішкентай кезден бастап тәрбиелеу керек.
Сонда ғана өзгеріс болады. Керек десеңіз, көптеген өркениетті елдердің тәжірибесіне қарасақ, оларда жүргізуші куәлігін 16 жастан бастап береді. Ал біз болсақ, жастарға 18 жастан қолына қару беріп, танк жүргізуге рұқсат береміз де, ал көлік жүргізуге келгенде, жүргізуші куәлігін қимай қаламыз. Бұл дұрыс па? Жастарға әскери техниканы беруге қорықпаймыз да, ал көлік жүргізуге келгенде тосырқап қалатынымыз қалай? Бұл жерде мәселенің барлығы тәрбие мен халық арасындағы көлік жүргізу мәдениетінің төмендігіне байланысты болып отыр. Қазір бізде көліктің жылдамдығын асыру тек жастардың арасында ғана емес, үлкендердің арасында да мақтанышпен айтылып жатады. Міне, осы психологияны өзгертпейінше, тыйым сала бергеннен мәселе шешілмейді. Сондықтан жол қауіпсіздігін тек қана жол сақшыларының міндетіне жүктеп қоя салмай, мұнымен кешенді түрде қоғам болып бірігіп, жұмыстар жүргізуіміз қажет. Мәселен, өркениетті елдерде көліктер ешқашан жолдың қарама-қарсы бетіне шықпайды. Ондайды көрсе, жол полициясы тұрмақ, жаяу жүргіншілерінің өзі таңғалады. Ал бізде ше? Көлік жүргізушілері ондайды көрсе, таңғалмақ түгіл, соның артынан көлігімен еріп кетеді. Неге олай жасадың десең, «анау жүрген соң, артынан жүрдім» дейді. Осы бола ма? Сондықтан халықтың көлік жүргізудегі мәдениетін көтеріп, жастарға балабақшадан бастап заңға бағынуды, жол ережесін бұзбауды қатаң үйретуіміз қажет. Әрине, онымен қоса, жолдың инфрақұрылымын да ескеру керек. Жолдардың кедір-бұдырларын ретке келтіруге тиіспіз. Айта берсек, бұл салада мәселелер жетіп-артылады. Дегенмен жол қауіпсіздігіне кешенді түрде қарамасақ, жеке-жеке бөліп қарауға болмайды. Себебі бір шетін ретке келтірсең, екінші жағынан ши шығып тұрады. Сол үшін жол қауіпсіздігіне байланысты үлкен кешенді бағдарлама қабылдап, жол қауіпсіздігін сақтаумен қоғам болып күресуіміз қажет.
Бейтарап пікір
Атамұрат ШӘМЕНОВ, экономика ғылымының докторы:
– Әрине, жол қауіпсіздігіне байланысты жүргізуші куәлігін 21 жастан беру керек деген дұрыс-ақ. Дегенмен елімізде жастар мектеп бітірген соң, 18 жастан асқаннан кейін олардың кейбірі жұмыс істеуге асығады. Осы ретте бүгінде көліксіз жұмысыңды тез бітіру мүмкін емес. Демек, көлік жүргізу мақтан үшін емес, ең бірінші, жұмысыңды ертерек бітіру үшін керек. Алайда жастарымызға жүргізуші куәлігін 21 жастан бастап беретін болсақ, бұл жастардың мүмкіндігін шектеу болып табылмай ма? Сондықтан бұл мәселеге өте сақтықпен қарап, асықпай елеп-екшеп, жетілдіріп барып келу керек секілді.