Жол полицейлерінің кез келген жол ережесін бұзғандығы үшін жүргізуші куәлігін алып қоюы дұрыс па?

Жол полицейлерінің кез келген жол ережесін бұзғандығы үшін жүргізуші куәлігін алып қоюы дұрыс па?

Заңдық нормалары өзгеріске көп ұшырайтын сала – Жол полициясы. Соның барлығы құзырлы орган басшылығының «қала көшелерінде қайтсек тәртіп орнатамыз, жол ережесін бұзушыларды қалай тізгіндейміз?» деген ниеттен екендігі түсінікті. Бірақ соның барлығы нәтиже беріп жатыр ма? Қайдам... ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті тағы бір жаңалықтың жаршысы болып отыр. Нақтырақ айтсақ, жол күзетіндегі тәртіп сақшыларының құзырындағы қандай да бір жол ережесін бұзғаны үшін көлік иесінен жүргізуші куәлігін алып қою қызметінің аясы кеңеймек, яғни жүргізуші куәлігін алып қою тәртібі қатаңдатылмақ.
Бұл дұрыс па, бұрыс па?


Таир Назханов, Адвокаттар форумы мен «Бэст» адвокаттық кеңсесінің төрағасы:
Жоқ

– ҚР ІІМ-нің күні кеше күшіне енген бұл қаулысы еліміздегі орын алған проблеманы шешпейді, қайта керісінше, жағ­дай ушыға түсе ме деп қор­қа­мын. Неге? Біріншіден, жол полицейлері тарапынан болатын сыбайлас жем­­­қорлық асқынады. Өйткені кім бол­са да, жүр­гі­зуші куәлігінен айырылып қал­маудың ама­лын қарастырады. Жол по­лицейінің қо­лында кеткен жүргізуші куә­лігін қай­тып алудың бейнетін кез кел­ген жан бі­ле­ді. Кімнің болса да, сер­гелдеңге салып, тентіретіп қоятын мұн­дай жыры көп «тәртіпсіз» тәртіпке жо­ла­­ғысы жоқ. Осы тұста айта кетейін, бар­­лық дерлік жол­ ережесін бұзған жағ­­дайда жүргізуші куә­лігін алып қою­дың тағы бір кері жа­ғы, жаңа айт­қанымдай, құжатты қай­та­рып алу кезінде Жол полициясы бас­қар­­ма­­ларында орын алатын болады. 
Бұрынғы – бұрынғы ма, енді тіптен жағдай қиындап кетпесе не қыл дейсіз? Ұзын сонар кезек. Кейбір жол полицейлері қызметкерлерінің бюрократтығы. Ал егер электр жарығы өшіп қалса немесе компьютерлер істен шықса ше? Бұл – туындағалы отырған екінші проблема. Осының бәрі сайып келгенде жүргізуші құқығын өрескел бұзатын болады.
Жүргізуші куәлігін алып қою арқылы біздің ІІМ жүргізушінің құқығын бір ғана ережемен екі мәрте бұзады. Біріншісі – айтып отырғанымдай, жеке затты соттың араласуынсыз алып қою. Екіншісі – көлік жүргізуге уақытша рұқсат беретін талонға қатысты. Мысалы, мұндай талонмен шетелге бара қалсаң, жалға көлік ала алмайсың, яғни шетелге барып көлік игеру аса қажет болса, саған рұқсат жоқ.
Жүргізуші куәлігі – маңызды құжат. Былайша айтқанда, ол – жүргізушінің жекеменшігіндегі заты. Ал жекеменшіктегі затты алып қою – тек сот орындарының құ­зы­рындағы шаруа. Жол полицейлерінің осындай әрекетке баруға тіпті құқы да жоқ. Демек, жол полицейлері заңға қайшы­лық­қа жол беріп отыр.
Тағы бір айта кетерлігі, жүргізуші Жол полициясының таққалы отырған айыбымен келіспеген жағдайда да құжат алынып қоймақ. Бұл да дұрыс емес. Кейін «іс бітті, қу кетті» сынды жағдайда дәлелдеп көр өзіңнің кінәлі емес екеніңді... Әлбетте, әлді жеңеді.
Жол полициясы комитетінің мұндай қаулы шығаруға негіз болып отырған бір себебі – жүргізушілердің айыппұлды уақ­ты­лы, тіпті кей жағдайда мүлде төле­меулері. Енді қараңыз, мұндай айыппұл­дарды көлік иелерінің төлегендігі не төле­мегендігі автоқұралдарын техникалық тексеруден өткізер кезде анықталады. Егер айыппұлды төлемесе, талап ереже бойын­ша техникалық тексеруден өткізбей тастайды. Жүргізуші, амал жоқ, айыппұлды төлейді. Міне, былай қарасаңыз, бұл мәселе өздігімен реттелуі керек сияқты. Бірақ сол техникалық тексерудегі былық-шылыққа жол беріп отырғандар кімдер? Яғни техникалық тексеруден таныс арқылы өту болмаса ірі көлемдегі айыппұлды компьютерден өшіртіп тастау үшін пара беру сияқты етке сіңген дағдылар. Міне, сол техникалық тексеруде отырған «өзі би, өзі қожаларды» қатаң бақылауға алу керек. Ең тиімді жолы – сол.
Жалпы айтарым, жүргізуші куәлігін берерде құзырлы орындар өз жұмысына үлкен жауапкершілікпен қараулары тиіс. Көлікке кез келгенді отырғыза беруге болмайды. Ал жүргізушілерге айтарым, жол полицейлерін жол ережесін бұзбай тыныштандырайықшы. Әйтпесе байқай­мын, Жол полициясы комитетінің тосын шешімдерінің шегі көрінбейтін сияқты. Тағы не ойлап табар екен?

Шалатай Мырзахметов, Парламент депутаты:
Иә

– Бұл мәселеге қатысты қоғам пікірі екіге жарылады. Ол – заңдылық. Әсі­ресе адам құқын қорғаушылар мұ­ны қатты сынға алып отыр. Рас, демок­р­а­тияға қайшы шығар. Шынымен де, егер өркениетті елдердегі заңдық нор­ма­лармен салыстырсақ, әрине, бұл, бір жағынан, адам құқын шектегендік. Бірақ біздің елдегі ахуал үшін басқа амал қалды ма?
Мен өз басым кешкі алтыдан кейін көлік жүргізуге тіпті қорқамын. Өйткені жүйткіп айдайтын көген көздер қала көшелеріне сол кезде шығады. Артық айтты демеңіздер, жүргізушілердің 50-60 пайызы жол ережесін білмейді. Жүргізуші куәлігін қалай, қандай жолмен алғаны бір өздеріне аян. Көпшілігі сауатсыз. Қарапайым жол ережелерінен де мақұрымдар аз емес.
Ішімдік ішіп алып рульге оты­ра­тындарға қатысты да жазаны қанша күшейт, мейлі, ешкімге сабақ болып жатқан жоқ. Жол-көлік оқиғалары бұрнағы жыл­дармен салыстырғанда біршама азайса да, әлі арқаны кеңге салатын кез емес. Жол-көлік апаттарынан зардап шеккендер мен қаза болғандар саны да ойлантпай қоймайды.
«Айыппұл төлеймін де, жүре беремін» деген немкеттілік те көлік жүргізушілерінің жауапкершілігіне кері әсер етпей қоймай­ды. Сондықтан да барынша қатаң шара қолданбаса болмайтын халге жеттік. Қайта ҚР ІІМ Жол полициясы комитеті дұрыс істеп отыр, жүргізуші куәлігін алып қоюда талапты күшейткендері орынды. Өз басым оларды қолдаймын.
Оның өзінде де олар жүргізуші куәлігін ережені екінші қайтара немесе жиі-жиі бұзған жағдайда алмақ.
Жол полициясы комитеті осының бар­лығын өздері үшін емес, сайып келгенде, халық қамы үшін жасап отыр емес пе. Со­лардың өмірі мен денсаулығының қауіп­сіздігі үшін. Егер жүргізушілер куәлігінен айырылып қалғанын қаламаса, онда жол ережесін бұзбасын. Сонда «құда да тыныш, құдағи да тыныш».
Білуімше, осы жылдың жеті айы ішінде еліміз бойынша 30-дан астам ірі жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 151 адам зардап шексе, 70-ке жуық адам қаза тауыпты. Ал дәл осы мерзім аралығында өткен жылы 70-тей ірі жол-көлік оқиғасы орын алып, 350 адамның денсаулығына қауіп төнсе, 150 адам көз жұмды. Міне, көрдіңіздер ме, өткен жылғымен салыстырғанда жағдай біршама жақсарған. Бұл жерде еліміздің құзырлы салаларының да нәтижелі ең­бектерінің қолтаңбасы жоқ емес.
Сондықтан да халық қамы үшін жаса­лынып жатқан қандай да бір іске тек сәттілік тілеген дұрыс шығар.
Кейбір жандар жол полицейлері ара­сында сыбайлас жемқорлық асқынады деп санайды. Менің оған алып-қосарым жоқ. Тек айтпағым, бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың жайынан бұрын қара­пайым халықтың, балаларымыздың өмірі мен денсаулығын ойлайық. Ал сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мен оған қарсы күрестің жолдары көп.

Түйін
Ой-пікірлерімен бөліскен екі азаматтың да айтқандарының жаны бар. Ал біздің алып-қосарымыз мынау: «баланы бастан...» дейді қазақ. «Былай тартсаң – арба сынып, бы­лай тартсаң – өгіз өледінің» кебін кигізіп отырған мәселені шешудің ең тиімді жолы, біздің ойымызша, жүргізуші дайындауға үлкен жауапкер­шілікпен қарау. Сондай-ақ жүргізушілердің өздерінің осы мәселеге байып­пен қарағандары жөн. Сонда ешқандай да заңдық құжаттарға қандай да бір өзгеріс енгізудің қажеті болмай қалады.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста