Жекелеген бірлестіктер мен ұйымдар номинацияларының халық таңдауы ретінде бағалануы дұрыс па?
Тағы бір жыл соңына таяп, күнтізбенің санаулы беттері қалды. Соңғы жылдары осы мезгілде «Жыл әншісі», «Жыл әйелі» немесе «Жылдың ең үздік...» деген номинациялардың қаптап кететінін білеміз. Бір қызығы сол, сол «ең үздік» деп халық атынан таңдалғандардың көбінің атын тіпті халық білмейді де. Өйткені жекелеген ұйымдар не бір орталық өздерінше сондай номинациялар өткізіп, өздері атақ пен сыйлықты таратып бере салады. Ендеше, азшылық топтың таңдауын бүкілхалықтық бағалауға балаған қаншалықты дұрыс?
Сандуғаш КЕНЖЕБАЕВА, продюсер:
иә
– Негізі, мен кез келген адамның еңбегінің бағаланғанын дұрыс көремін. Әсіресе ел игілігі үшін қызмет етіп жүрген тұлғаларды халық тануы тиіс секілді. Мейлі, оларды жекелеген адамдар, жалпы халық білмеуі де мүмкін. Бастысы, солар арқылы, олардың еңбектерінің нәтижесі арқылы өз деңгейінде мемлекетіміз танылады. Сондықтан да әр салада жүрген мамандарды, ұйымдарды ескеріп, мұндай атақтар мен сыйлықтар берілгенін жөн санаймын. Ендігі мәселе, ол еңбекті кімдер бағалап, атақты қаншалықты шынайы бөлетінінде... Халық таңдауы болған соң, дұрыс, халық іріктеп, сұрыптауы керек шығар.
Бірақ халық дегеніміз – жалпы айта салатын абстрактілі ұғым емес, ол да – белгілі бір адамдар, яғни әр салада халықтың өкілдері бар. Айталық, «Жылдың үздік әншісі» деген атақ бәйгеге түсті десек, оны, әрине, әнге қатысы бар, әншілердің деңгейін білетін өнер адамдары жасамағанда, үйінде жатқан немесе өнерге еш қатысы жоқ кездейсоқ біреу іріктей ме? Өзіңіз ақылға салып көріңізші. Қандай атақ, қандай номинация болсын оны тағайындарда белгілі бір жоба жасайды ғой, тіпті сол арқылы әлгі номинациясын өз адамына берсе де. Мейлі өз әншісіне, өз таныс-тамырына тартқанның өзінде, қазақта «Күріштің арқасында күрмек су ішеді» деген сөз бар емес пе? Сол секілді әлгі ұйымдастырылған жобада бас жүлде немесе арнайы номинация иесі болмаса да, соған бәсекелес ретінде қатысқан адам танылады, ол да азды-көпті сыйға ие болады. Біреуге пайдасы тимесе, зияны тиіп жатыр ма? Ендеше, түк ештеңе жасамай, қам-қарекетсіз қоғамнан гөрі сондай бір қозғалыстардың болғаны жақсы емес пе?
Әрине, әділ өтетін болса жақсы, дегенмен мұндай сыйақылар мен номинациялар адамды ары қарай ынталандырып, одан да жақсы белестерден көріну үшін талпындыратынына күмәнім жоқ. Әрі мамандар арасында бәсекелестікті де тудырады. Бәсеке бар жерде сапа шығатыны бесенеден белгілі. Осы тұрғыда бүгінде біздің шоу-бизнес немесе тағы да басқа салаларда аз да болса тың ізденістің, серпілістің барын айта кеткеніміз орынды. Себебі бұрнағы жылдары түрлі номинация, сыйақы дегенді тек қана мемлекет жүзеге асыратын дүние деп қана отыра беретінбіз. Сол кезде телеарналардан Ресейде немесе басқа да шетелдерде неше түрлі жобаларды ұйымдастырып, оның басшылығында тіпті жекелеген адамдар, әнші, продюсерлердің не болмаса радио, белгілі телеарналардың тұрғанын көретінбіз. Өкінішке қарай, өзіміз соның сырт көз көрермені болумен шектелуші едік. Уақыты келе бізде де сондай белсенді адамдар, іскер продюсерлер бой көрсете бастады. Демек, ол – заман сұранысы, ал заман сұранысына біз лайық қызмет ете білуіміз керек. Ал жекелеген ұйымдар не бірлестіктер көзқарасы халық таңдауы емес дейтіндер болса, онда өзі атсалыссын, халықты жұмылдыратындай балама жоба шығарып, «міне, халық таңдауы деген осындай болады» десін. Ал өз басым қандай да бір жоба болсын, кімдер бағалап, кімдер іріктесін, әйтеуір, адамның еңбегі бағалануы тиіс деп ойлаймын.
Мақсат ЖАҚАУОВ, саясаттанушы:
жоқ
– Қазір әй дейтін әже, қой дейтін қожаның жоқтығын пайдаланып, халықтың атынан жасалып жатқан көзбояушылықтан көз аша алмай қалдық десем, артық болмас. Нақты мысал айтсам, көпшілігіміз білетін бір бірлестікте номинациялар қалай тағайындалатынын мен өз көзіммен көрдім. Содан кейін менің марапаттаудан да, оны алушылардың парықсыздығынан да көңілім қалды. Неге? Әлгі бірлестік басшысы барахолкаға барып он шақты диплом қағазын сатып алды. Алдын ала ешқандай байқау, бәйге де ұйымдастырмай, әлгі «дипломдарға» өзіне ұнайтын өнер адамдары не сыйластарының және ең танымал деген телеарна жүргізушілері мен журналистердің атын жаза салады.
Сосын «бәлен деген бірлестіктің өткізген іріктеу, байқауында сіздің бәлен деген журналисіңіз ең үздік деген атқа ие болды» деп ресми хат жолдайды. Содан олар өздерін сонша «құрметке» бөлеген бірлестікке камера, фотоаппараттарын арқалап жетеді. Нәтижесінде қолына бір жапырақ диплом береді де, есесіне, өзіне пиар жасайды. Бұл қып-қызыл көзбояушылық қой. Өз ішкі есебімен елді дүрліктіріп, сонша бір маңызды іс атқарғандай болып көріну деген ұят емес пе? Ал сол марапаттауды алған адамдар неге ойланбайды, «маған оны не үшін берді, жалпы, кім ұйымдастырды, қандай ресурстар іске қосылды» деген сияқты қарапайым сұрақтарға жауапты неге іздемейді? Осыдан кейін жекелеген ұйымдар мен бірлестіктердің берген номинациясы мен марапаттауларын қалай халық таңдауы деуге болады?
«Мұндай сұмдыққа қалай жол беріп отырмыз» дегенге келейікші. Ең бастысы, бізде қоғамдық сараптаудың қалыптасқан үрдісі және соны қалыптастыратын институт жоқ. Соған сәйкес, бізде белгілі ұйымдар болсын, қоғамдық бірлестіктер болсын тіптен қандай рейтингілік шкалаға сүйеніп бағалауды білмейді де. Ал, негізінде, оның қаншама жылдан қалыптасқан халықаралық стандарттары бар. Бірақ біз соны білмейміз, білуге ұмтылмаймыз, әркім өзі би, өзі қожа. Былайша айтқанда, бізде бүгінде атқарылып жатқан номинация тағайындау, марапаттаулар таза «қазақбайшылықпен», яғни, «әке-көкемен» жүзеге асып жатқан көзбояушылық қой. Рейтингілік шкала да, стандарт та – бәрі таныс-тамыр, сыбайластар. Шымбайға батса да шындық біреу – бейжаймыз. Кім не істеп жатса да, оның сауаттылығына ешкім мән беріп жатпайды, ереді де, жүре береді. «Аңқау елге – арамза молда» дегендей, керек десеңіз, сонымызды пайдаланып сондай жобаларды ұйымдастырып пайда табатындар да бар. «Осындай сараптама жүргізіп, ең үздіктерді жариялаймыз, өйтеміз-бүйтеміз» деп тендерге түсіп, әжептәуір қаржы түсіретіндер де бар. Айталық «SМS жолдау арқылы дауыс беріңіз» дейтін тележобалар көп қой. Өз басым содан бір объективтілік көрмеймін. Себебі көрермен үздікке емес, өз жерлесіне бұрады.
Шетелде әлеуметтік жүйе жақсы дамыған. Мысалы, қарапайым ғана фэйсбук желісін алайықшы, ол жерде әділетті бағалау бар дер едім. Жақсы ой, жақсы жазба ма, жақсы дүние ме, оған әркім өз бағасын береді, керек десеңіз, не үшін дауыс бергенін де жазады. Сондықтан, меніңше, бүгінде кабинет қабырғаларында жасалатын рейтингілік бағалаулардан гөрі осындай әлеуметтік желілердегі көзқарас әлеқайда объективті болады.
Қорытынды
Мәселен, Ресейде ұйымдастырылған қандай жоба болсын халықтық таңдау дегенге сендіреді. Айталық, белгілі бір телеарна ұйымдастырсын не радиолар, не белгілі өнер адамы тарапынан болсын, ең бастысы, оларда рейтингі анықтаудың белгілі бір нормасы бар. Мысалы, бір жылда әнтаспасы ең көп сатылған әншіге «Ең үздік альбом иесі» дейді. Немесе тележобаларда жыл бойына белсенділік танытып, клиптері көп сұранысқа ие болған әншіге де өз бағасын береді. Халық жасады ма таңдауды, жасады. Ендеше, бізге де неге осындай белгілі бір бағалау шкалаларын қалыптастырып барып, сауатты іске, сауатты марапаттауларға көшпеске? Әйтпесе кейде, шыны керек, біздің қоғамда бұлбұлға қарға сын тағатын болып алғандай.