Зейнеткерлік жасын ұлғайту керек деген сарапшылардың пікірімен келісесіз бе?

Зейнеткерлік жасын ұлғайту керек деген сарапшылардың пікірімен келісесіз бе?

Соңғы кездері елдегі зейнетақы жүйесіне байланысты қилы-қилы пікірлер айтылып жүр. Мәселен, көптеген мемлекеттік емес ұйымдар мен сарапшылар нақ қазіргі жағдайда елдегі зейнетақы жасын ұзарту қажеттілігін қаузауда... Зейнетақы жүйесі реформаланғаннан кейінгі тәжірибелеріміз айғақтағандай, бізде қазақстандықтардың жинақтаған орташа зейнетақы жинағы өзге елдермен салыстырғанда әлдеқайда төмен. Бұл көрсеткіш елдегі ерлер мен әйелдер арасында да анағұрлым айырмашылық түзіп отыр. Мысалы, 2011 жылдың қаңтар айындағы көрсеткіш бойынша, ер адамның орташа зейнет жинағы 181 мың теңгені құраса, ал әйелдердікі – 144 мың теңге. Арадағы айырмашылықты ескерген мамандар таяу болашақта зейнеткерлік жасын ұлғайту қажеттігін, осы арқылы еліміздегі азаматтардың зейнет жинағын көбейте алатынымызды алға тартуда. Ал енді бұл үрдіс дұрыс па, әлде бұрыс па? Зейнеткерлік жасын ұлғайту қаншалықты оңды ұсыныс?! Біз осы сауалды арнайы мамандардың ой-пайымына салып көрдік...


Мейрам ҚАБДРАХМАНҰЛЫ, экономист-сарапшы:
иә
– Егер астарына үңіліп, өзіндік талдау жасасақ, мұндай пікір­лер­мен келісуге болады. Бүгінде көп­теген елдер зейнеткерлік жасын ұлғайту арқылы азаматтарының зейнет жина­ғын көбейтіп, зей­нет­ақы қор­ла­рындағы қаржыны ай­на­лымға шы­ғарып жұмыс істетуде. Мысалы, жапондарда әйелдер 80 жасында, ерлер 85 жасында зей­нет­ке шығады. Осы уақыт ара­лы­ғын­да олардың зей­нет жинағының да көлемі өсіп, кейін бейнетінің зейнетін көріп, алаң­сыз өмір сүре­ді... Корей хал­қы­ның да зей­нет­кер­лік жасы тура осы іспетті. Осы­ған байланыстыра ай­та­рым, біздің елімізде де зейнеткерлік жа­сын ұлғайту керек. Қазірде бізде зей­нет жасынан кейін де жұмыс істей бе­­ретін азаматтар бар.
Еңбек кодексінің 7-бабына сәйкес, елі­міз­де зейнетке шыққан адамның өзінің қыз­метін ары қарай жалғастыра беруіне еш­кім тыйым салмайды. Тіптен осы үрдіске жү­гіне отырып та зейнет жасын ұзартуға бо­лады.
Бұдан соң біздің еліміздегі орташа жа­ла­қы дамыған және дамушы елдердің ор­та­ша жалақысымен салыстырғанда тым аз. Жа­лақысы аз адамның зейнет жинақысы да мардымсыз. Зей­нет жасын ұзартудың кейін қарт­тыққа жет­кенде материалдық жағ­дайды жақсар­ту­ға кәдімгідей көмегі тиеді. Жал­пы, заңда көр­сетілгендей, зейнет жа­сына жету адамның еңбекке жа­рам­сыз­дығын білдірмейді. Мұн­да көрсетілген жас тек зейнетақы тө­лемі жасалатын кезеңді айқындайды. Зейнет жасына де­йінгі және зейнетке шығу мер­зіміне жет­кен аза­мат­тарға арнап еңбекпен қамту бо­йынша арнайы бағдарлама қабылдап, оларға құ­қық­тық кеңес жағынан кө­мек­тесу қажет. Осы істі үкіметтік емес ұйым­­дар, әлеуметтік қорғау қыз­мет­тері мен ұйымдары белсенді түрде қолға алатын болса, зей­нет жасына жет­кен адам­дар­дың мәселесін белгілі бір дең­гейде шешуге бо­ла­ды. Әрине, бұ­ған бір­ден кө­шу мүм­кін емес. Ол үшін ал­ды­мен қо­­ғамды да­йын­да­у ке­рек. Егер бұл ұсы­ныстар үкі­­­меттік та­раптан қол­дау та­­­ба­тын бол­са, онда үй­лес­тіру жұ­мыс­тары ре­тінде бірінші ке­­зекте ер­лер мен әйел­дер­­дің зей­нет жасын те­ңестіру қа­­жет. Бұдан соң халық­тың өмір сүру ұзақтығына ар­на­йы зерттеу жұмыс­та­рын жүр­гіз­ген абзал. Негі­зі­нен, қазіргі ста­тистикалық дерек­терге жүгінсек, 2011 жы­лы қаладағы халықтың орташа өмір сүру ұзақтығы 66-69 жасты құраса, ауыл тұрғындарының жа­сы – 65-67 жас. Осы жас аралықтарына қа­­рап, ар­найы зерттеу жұмыстарын жүр­гізіп барып, зей­нет жасын ұзар­туға болады. Сол ар­қы­лы зейнетақы қор­ларындағы қар­жы көле­мін өсіріп, ол қар­жыны мақ­сат­ты түрде ай­на­лымға шы­ға­рып жұмыс істету керек...


Серікболсын ӘБДІЛДИН, экономика ғылымының докторы, профессор:
жоқ
– Мен мұндай ұсыныстарды, пі­кір­лерді қолдауға үзілді-кесілді қар­сымын. Біздің еліміз орташа өмір сүру жасының көрсеткіштері бойын­ша әлем бекіткен межеге де әлі жете ал­май отыр. 60 жастық межені ба­ғын­дыра алмай бақилық болып та кеткен азаматтар қаншама?! Осын­дай жайт­тарды көріп-біліп отырып, мен мұны қолдай алмаймын. Зейнет жасын ұзарту нақ қазіргі уақытта қа­жет­тілік емес. Менің бұл қайшы пі­кі­рімді баз­бір сарапшыларымыз «жал­қаулық, енжарлық» деп баға­лауы да мүмкін. Негізінен, өзі қазақ­қа қойы­ла­тын не­гізгі айыптың бірі – жұрт қазақты жал­қау дейді. Бірақ орыс оқы­мыс­тысы Леонид Мор­д­ви­нов қазақ­тың еңбекқорлығын өз ең­бе­гінде жіктеп тұ­рып дәлелдеген.
Мысалы, ол: «Қазақтың малы көп. Еу­ро­­палықтарға қарағанда қазақтың ма­л­ы сегіз есе артық. Бірақ қазақтың же­рі­нің құнарсыздығы тағы сол еу­­ропалықтармен салыстырғанда он есе төмен», – деп жазады. Еуро­па­лық са­рапшылардың бағам­дауын­ша, қа­зақ бір отбасын асырау үшін Ба­тыс елдеріне қарағанда 80 есе артық күш жұмсайды. Жалқау халық осылай әрекет етпейді ғой. Қазақ – жалқау емес, ең­бек­қор, бейнетқор халық. Қа­зақ тер төгіп, бейнет көріп барып зейнетке жеткен. Егер қазақ жалқау, енжар болатын болса, еуропа­лық­тардан 80 есе артық күш жұмсап, тіршілік кешуден әлдеқашан тү­ңіліп кетер еді. Аңғарсақ, фи­зикалық күшті қажет ететін ауыр жұмысқа жегіліп жүрген де – сол қаракөздер. Статистикалық мәлі­мет­терге сүйенсек, елімізде жұмыссыздық деңгейі 5,4 пайызды құрайды, ал жастар арасындағы жұмыссыздық 4,5 пайызға тең. Қайсыбір мамандардың айтуынша, Қазақстанда 467 мыңға жуық халық жұ­мыссыз. Ойлап қарасақ, біз әлі де халықты жұмыссыздық қамытынан арылта алмай отырмыз. Сөйте тұра зейнеткерлік жасын ұзарт­қымыз келеді. Қазір қылшылдаған орда бұзар жігіттер жұмыссыз «екі қолға бір күрек» таба алмай жүр. Мұндайда алпысты алқымдаған қарияға кім жұмыс орнын бере қоймақ? Сонда біздегі ақсақалдар 60-тан асқанша жұмыссыз не зейнетақысыз сенделуі керек пе? Жалпы, ТМД аумағы бойынша өзге елдер зейнет жасын ұзартуды мүлде ойлап отырған жоқ. Мәселен, Ресей, Белоруссия, Тәжікстан сынды мемлекеттерде ерлердің зейнетке шығу жасы – 60 жас, ал әйелдердікі – 55 жас. Ресей Федерациясында да таяуда осы мәселе талқыға түсті. Дегенмен ресейліктер халықтың зейнетке шығу мерзімін сол қалпында қалдыру керек деген тоқтамға келген. Бұл – қолдайтын, келісетін дүние емес... Сондықтан мен қарсымын.

Бейтарап пікір
Үсен АМАНБАЕВ, экономист ғалым:
– Өздеріңіз білесіздер, Грекияда мемлекеттiк шығынды қысқартуға бағытталған үкiмет бағдарламасына қарсы наразылық шеруі ұйымдастырылғаны белгілі. Сол мезетте халықтың наразылығын тудырған мәселе – мемлекеттiң жалақыны төмендетiп, салық мөлшерiн көбейтуi және азаматтардың зейнетке шығу жасын ұзарту сияқты реформалары. Осылайша Грекия үкiметi 45 млрд бюджет тапшылығын жабуды көздеген. Ал мұның арты әлгіндей жағдайларға апарды.
 Ал нақ қазірде біздің Үкіметіміздің дағдарысты еңсере алатынына халықаралық сарапшылар үлкен сенім артуда. 2008-2009 жылдар аралығында дағдарыс кезеңінде сауатты шешім қабылдауымен Қазақстан Үкіметі мұны дәлелдеді. Осыған байланысты айтарым: Үкімет қандай шешім қабылдаса да, ол шешім халықтың жағдайына қарай бейімделуі керек...

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста