Жастар саясаты бағдарламасы балабақша мен мектеп балаларын да қамтуы керек пе?
Еліміздегі Мемлекеттік жастар саясатының 2020 жылға дейінгі тұжырымдамасы негізгі үш бағыттан тұрады. Соның ең маңыздысы және бірінші кезекте орындалуы тиістісі – жастардың құндылық-патриоттық бағдарларын қалыптастыру. Ал патриоттықтан кейінгі орында жастардың экономикалық, әлеуметтік, инновациялық және шығармашылық әлеуеттерін дамыту; мемлекеттік жастар саясатын институтционалдық қамтамасыз ету мақсаты мен міндеті тұр.
Әрине, бұған қарап, мемлекет жастардың жағдайын жасау үшін сол жастарымыз да соған орай патриот болуға, Отанды сүюге бейімделуі қажеттігін пайымдайсың. Осыған байланысты қазірде «Жастар саясаты бағдарламасы аясында балабақша мен мектеп балаларын да қамту керек. Осы бағдарламаны місе тұта отырып, бүлдіршіндерімізді, жасөспірімдерімізді отансүйгіштікке бесіктен тәрбиелеу бағытын ұстануымыз қажет» дейтін мамандар да баршылық. Біз бүгін осы сауалды жіліктеп беруді арнайы мамандардың ой талқысына салып көрдік.
Санжар БОҚАЕВ, Алматы қаласы Жастар саясаты жөніндегі басқарма басшысы:
иә
– Бұл – өте орынды көтеріліп отырған ұсыныс. Біз үшін нақ қазір жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу, мектеп жасындағы балалардың патриоттық сезімін қалыптастыру өте маңызды. Сондықтан өз басым жастар саясаты мектеп жасындағы балалар мен балабақшадағы сәбилерді де қамтуы керек деп ойлаймын. Мұндай бағытта жұмыс істеуді тәжірибеге енгізген абзал. Мысалы, қазірде біздегі жастар саясаты тек студент қауымының айналасында ғана қалып бара жатқан тәрізді. Студенттердің өзіндік қалыптасқан ақыл-ойы бар болғандықтан, меніңше, бірінші кезекте жастар саясатын балабақшадан енгізген жөн. Қазақта «Баланы бесіктен тәрбиелеу керек» деген жақсы сөз бар.
Егер балабақшадан бастап жастарды патриоттық сезімге баули бастасақ, ол тәрбиенің жемісі ертең бала өскенде оң нәтиже береді.
Жалпы, ғылыми зерттелген әлеуметтік психологияда адам баласының жетілуінің өзі үшке бөлінеді. Ол: бала кездегі өсіп жетілу; жасөспірім кездегі жетілу және егде тартқандағы өсіп жетілу. Міне, осы үш кезеңде адам баласы үш түрлі ойлайды. Бала кездегі ақыл-ой енді ғана өркендеу, өну кезеңі болғандықтан, қай кезде де балалық шақтағы тәрбиенің іргетасы мықты болуы керек. Бұған байланыстыра айтар болсам, егер біз жастар саясаты болашақта өзіндік межеде нәтиже берсін десек, осы бастан балабақша мен мектепке бұл саясаттың негізін енгізу керек. Әрине, қазірде мектеп қабырғаларында «Жас ұлан», «Жас қыран» ұйымдары бар. Бұл ұйымдар мектептегі балаларды елін, жерін сүюге, ел мақтанышына айналар белсенді азамат болып қалыптасуына үндеу мақсатында құрылған-ды. Дегенмен бұл ұйымдардың әлеуметі мықты, аясы кең болғанмен, әлі күнге толыққанды жұмыс істей алып жатқан жоқ. Бұл ұйымдардың балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеудегі жұмыстарының бағыты мектепте белгілі бір жиындар өткізумен, сосын сол жиын аясында балаларды ұйымға мүшелікке алумен ғана шектеліп жүр. Ал тәрбие мәнін одан әрі жетілдіріп, түрлі патриоттыққа баулитын, идеологияны өсіретін жалпы бала санасына жауапкершілік жүктейтін шаралар өткізу мөлшері аздық етеді. Мектеп жасында немесе балабақшада балаларды отансүйгіштікке тәрбиелеуді тек қана мұғалімнің немесе тәрбиешінің мойнына артып қоймай, бұған бір мемлекеттік тұрғыда саясат қалыптастырған жөн. Сондықтан келешекте мемлекеттік жастар саясатының аясында осы мәселелерді қарастыру керек. Мұны қолдаған абзал. Сондықтан осы ойларды айта келе өз басым «жастар саясаты бағдарламасы балабақша мен мектеп балаларын қамтуы керек» деген пікірді қолдаймын. Балалар еліміздің басты капиталдарының бірі. Сондықтан осы саясатты ұстана отырып, оларды әлеуметтік, экономикалық, патриоттық тұрғыдан қамту біздің үнемі ұстанымымыз болуы тиіс деп ойлаймын.
Дос КӨШІМ, саясаттанушы:
жоқ
– Мен нақ осыны мүлде қолдамаймын. Жастар саясаты дегенді жалпы мемлекеттік саясаттан бөліп алып қараудың өзіне қарсымын. Өз басым мемлекеттің жалпыхалықтық бұқараны қамтитын бір ғана саясаты болуы керек деген ойдамын. Соның аясында жастарды да, жалпы халықты да қамтуға тиіспіз. Ал енді келіп жастар саясатын бөлек қарастырып, оны апарып балабақша мен мектепке енгізуді қисынсыз санаймын. Біздің балаларымыздың басына әртүрлі нәрсені апарып тықпалап, оны эксперимент жүзінде пайдаланып көруді қолдамаймын. Жастар саясаты жастарды баспанамен қамтып, материалдық қолдау көрсететін, сол арқылы жастардың қоғамнан ойып тұрып орын алуына мұрындық болатын бағдарлама болса, мен қос қолдап тұрып қолдар едім.
Өкінішке қарай, біз жастар саясатының аясында «Жас ұлан», «Жас қыран» тәрізді ұйымдар құрып, түрлі шаралар өткізуден әрі аса алмай жүрміз. Жастар саясаты бағдарламасы аясында жастарымыздың баспанамен қамтылуы; жұмысқа орналасуы; материалдық жағдайын түзеуі іспетті маңызды әлеуметтік шаралардың көрсеткіші жоқтың қасы. Бұған байланысты айтарым, біз «Жас ұлан», «Жас қыран» тәрізді ұйымдарды мектеп жасындағы балаларға тәлім-тәрбие беру аясында құрдық. Бұл ұйымдар кезіндегі кеңестік идеологияны аңсаудың сарқыншағы іспетті балаларды өзіне мүше етіп, ант қабылдатудан әрі аса алмай жүр. Ал сол жастар саясаты бағдарламасы аясында жастарды жатақханамен қамту, баспана беру, жоғары оқу орнын бітірген жастарды жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылған болса, оның айналасына жастардың өзі-ақ барып жиналар еді. Бірінші кезекте біз үшін нақ қазір осы әлеуметтік маңызды мәселелерді шешіп алған жөн деп ойлаймын. Балаларды тәрбиелеуге, оқытуға жетіспей жатқан балабақша мен мектептердің санын толықтыру қажет деген ойдамын. Алдымен қандай да бір тәрбие беру үшін ол тәрбиені алуға қабілетті жағдай жасағанымыз жөн. Ал өзіңіз ойлаңызшы, баланы тәрбиелейтін нысан жетіспесе, баланың білім алуына қалыпты жағдай жасалмаған болса, ол баланы саясат қызықтыра ма?! Демек, алдымен бүкіл жағдайды қамтыған қалыпты орта қалыптастыру керек. Бұдан соң тағы қайталап айтамын, өз басым жастар саясатын бөліп алып қарастыруды жөн санамаймын. Бұған үзілді-кесілді қарсымен. Сондықтан мемлекеттің жалпыхалықтық бір ғана ұстанымы болуы керек, одан жастар саясатын бөліп алып қараудың аса қажеттілігі жоқ. Мемлекеттік саясат халықтың патриоттық-әлеуметтік-экономикалық ахуалын көтеруге бағытталуы тиіс.
Нұрғиса ЕЛЕУБЕКОВ (фото)
Бейтарап пікір
Айдар Қырықбай, Алматы әлеуметтік-аймақтық кәсіпкерлер корпорациясының өкілі:
– Болашақта балабақшадағы балалар қалтарыста қалып қоймауы үшін мұндай саясатты ұстанған дұрыс. Бұл балаларды қоғамдық өмірге, отансүйгіштікке бейімделуге ықпал ететін жүйе болуы тиіс. Қазірде елімізде жастардың білім саласындағы проблемалары едәуір шешілген. Соңғы мәліметтер бойынша жастар саны артқанымен, болжамдық мәліметтерге сүйенсек жастардың саны 2015 жылы – 4,52 млн адамды, 2020 жылы 4,63 млн адамды құрайтын болады. Міне, жастардың саны ұлғайып келе жатқанын ескерсек, жастар саясаты бағдарламасын әрі қарай тереңдету, сол бағдарлама аясында жүйелі жұмыс жасау, оны бақылау біз үшін жастарды отансүйгіштікке баулитын бірден-бір құрал деп ойлаймын.